Көрші Ресейдің шоу-бизнесінде танымал, медиаменеджер Арман Дәулетияровтың анасының разылығын алуға тырысуы, үйінен ол кісінің батасынсыз шықпауы желідегі жұртты елжіретіп, көзіне жас алдырды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Әуежайға шығайын деп жатырмын. Анам әдемі киініп алды», - деген оның бетінен анасы сүйіп, «жаным аман жүр, жолың болсын, ғұмырың ұзақ болсын, балаларыңның қызығын көр. Өліп қалсам жылама, мен саған ризамын», деп ағынан ақтарылады. «Ауырма, жылама, өлме», - деп әзілдеп күледі ұлы. «Неменеге жүзге дейін жүрем бе? Тастан жаратылғанмын ба? Бақтың-қақтың, курортқа апардың, үй салып бердің. Ақ сүтімді кешірдім, мақсатыңа жет. Балаларың өсіп, келін ал, немерелі бол. Қосағыңмен қоса ағар», – деп батасын берді кейуана оған.