Танымал баспагер, бірнеше кітаптың авторы, Forbes Kazakhstanжурналының қазақ нұсқасының бас редакторы Бақытжан Бұқарбай «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» атты кітабын басып шығарды, деп хабарлайды ulysmedia.kz, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Бұл туындының тұсаукесері Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында болды.
Ахмет сұлтан Кенесары хан ұлының 1886 жылы әкесі Кенесары хан және ағасы Сыдық сұлтанның күреске толы тарихын баян еткен қолжазба түпнұсқасы факсимилесін Мәскеуден баспагер Бақытжан Бұқарбай алғызып, тарихшы Амантай Исиннің жасаған аудармасы оқырманға ұсынылып отыр.
Басылымда 19 ғасырдағы ескі қазақ жазба тіліндегі қолжазба қазіргі тілімізге транскрипцияға мейлінше жақындатылған аударма әдісімен, қолжазба тілінің барлық ерекшеліктері сақталып, тарих жазбасының бүкілі бейнелік бояуы, лексикасы мен грамматикалық қолданыстары, жазу мәнері өз қалпында берілді. Ескі қазақ жазба тілінде кең қолданыста болған араб-парсы, көнерген түркі сөздеріне түсініктемелер жазылып, есімдер мен атауларға көрсеткіштер енгізілді. Кітап тарихшыларға, түркологтар мен лингвистерге, Кенесары хан мен Сыдық сұлтанның күрескерлік өмірлеріне қызығушылық білдіретін зиялы қауымның бәріне арналады. Жоба кәсіпкер Бауыржан Оспановтың демеушілігімен жарық көрді.