Қоғам жемқорлықты оңаша әңгімеде айыптағанымен, көпшілік алдында жемқорларды құрметтейді. Бұл пікірді Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында АҚШ-та табысты мансап құрған, қазір Citadel хедж-қорының вице-президенті болып жұмыс істейтін қандасымыз Тілек Зейнуллаев айтты.
– Сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесі. Бәрі біледі, бірақ өз деңгейінде шешім қабылдамайды. Осы арқылы қоғамда мұндай мінез-құлық қалыпты деген сигнал береді. Мысалы, отбасылық жиында балалардың көзінше: «Бұл адам – жемқор, ол жаман адам, ұрлайды» деп айтып, бірақ салтанатты шараларда сол адамды ерекше құрметтеп, онымен бәрі қол алысып, оны бірінші қатарға отырғызып, оған сөз береді. Бұл балаларға түсініксіз жағдай туғызады, – деді Тілек Зейнуллаев.
Оның айтуынша, осылайша қоғам жемқорлардың әрекеттерін қолдайтынын көрсетеді.
– Біз қоғам ретінде оңаша әңгімеде мұны айыптаймыз, бірақ көпшілік алдында қалыпты деп санаймыз. Барлығы өзара келісіп, тойға жемқорларды шақырмай, оларды қоғамнан алыстату керек. Бірақ мұны ешкім істемейді. Нәтижесінде, адамдар жемқорлықтың болмауын қалайды, бірақ шын мәнінде олар жемқорлық жасай алатын орында болғысы келеді. Егер сіз шынымен жемқорлыққа қарсы болсаңыз, өз деңгейіңізде оны түбегейлі жоюға тырысар едіңіз. Ал біз, қоғам ретінде, оны толығымен жоя алмаймыз, тек өзіміз сол орынға жетіп, сол арқылы пайда табуды қалаймыз, – деп түйіндеді ол.
Толық сұхбатты Ulysmedia.kz-тің YouTube арнасынан көруге болады.