×
530.24
543.97
5.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.24
543.97
5.16

Тарихи ғимараттардың жеке қолға өтіп кеткені дұрыс па – депутаттар пікірі

Бүгін, 15:14
Тарихи ғимараттардың жеке қолға өтіп кеткені дұрыс па – депутаттар пікірі
Ашық дереккөзден

Ірі қалаларда, өңірлерде кәсіпкерлерге беріліп кеткен тарихи нысандар баршылық. Соларды мемлекетке қайтарып, бүтіндігін сақтап қалуға тырысқан дұрыс па? Әлде сол ғимараттардың жекеменшік қолда қала бергені жөн бе? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты мәжіліс депутаттарына қойып көрді.

ТАРИХИ ҒИМАРАТТАР

Жақында Алматыда орналасқан ҚБТУ ғимаратынан шыққан өрт резонанс туғызған еді. Ғимараттың өзі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Жұртшылық тарихи мұра өртеніп, жойылып кете ме деп те қауіптенген еді. Бұл оқиға жалпы тарихи нысандардың ахуалы қандай, олар кімнің иелігінде деген, қоғамда талқылана бермейтін бір мәселеге жарық түсірді. Ulysmedia іздене келе 20 жыл ішінде тек Алматының өзінде ғана қаланың келбетіне ерекше бірегейлік берген ондаған ғимараттың жекеменшікке беріліп кеткенін анықтаған еді. Олардың тізімін мына сілтемеден көруге болады.

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов егер белгілі бір ғимараттың тарихи құндылықтары бар болса, оны ұлттық сараптама орталығы немесе комиссия оның шын мәнінде, тарихи нысан ретінде таныса, оны қайтарып алу қажет деп есептейді.

Мен ол тұрғыда тек қайтарып алу жағындамын. Тек оқу орындары емес, кез келген мекеме бір кездері тарихи орындарды сатып алып немесе жекешелендіріп алса, оны міндетті түрде қайтару керек, – дейді ол.

Депутат Тілектес Адамбеков қайтарылмас бұрын кезінде ол ғимараттар қалай беріліп кеткенін анықтау керек деген пікірде.

Құқық қорғау органдары оны қарап көруі керек. Егер ол заңсыз түрде берілсе, ол міндетті түрде қайтарылуы керек. Жекешелендіру кезінде өтіп кеткен шығар. Мысалы тарихи ғимараттар болса, иә. Біріншіден, халықаралық тәжірибеге қарап айтайын, ол бойынша тарихи бар, 100 жылдан, 200 жылдан асқан ғимараттардың көбіне мемлекет қорғайды. Оның тарихи қалпын сақтап қалуға тырысады, – дейді ол.

Руслан Берденов те осындай пікірде. Айтуынша, ол ғимараттардың қалай берілгенін бірінші қарау керек.

Ешқандай қолданылмай, ешқандай пайда әкеп тұрмаған, қоғамға, халыққа пайда әкелмей тұрғандары көп. Ондай нысан берілсе ең алдымен берілу тарихын қарау керек. Кім қандай мақсатта бергенін де қарау керек. Егер мақсатсыз қолданып жатса, қайтару керек, – дейді ол.

Жеке кәсіпкерлер осындай тарихи ғимараттардың сақталуына мүдделі ме? Олар жауапты бола ала ма? Бұл сұраққа берген жауабында Берденов “дұрыс қарап, қадағалайтын болса, неге болмасқа? Себебі шетелге қарайтын болсақ, Еуропаның көп елінде тарихи нысандарды жекеменшік бизнес өзіне алып, дұрыс сақтап, қарап, түрлі туристерді тартатын жұмыс орындарын ашып, win-win форматымен екі жаққа да пайдасын әкеп жатыр” деп жауап берді.