Ресейде қазақ журналисі Назгүл Кенжетай мен оның түрік әріптесі Эмин Қарашақ екеуі тұтқында отыр деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«РФ-да GZT басылымының екі түрік журналист-редакторлары Назгүл Кенжетай мен Эмин Қарашақ ұсталды. Кенжетай мен Қарашақты Ресейдегі түркі қауымдарының өмірі туралы деректі фильм түсіріп жүргенде, Хакасия Республикасында тұрып жатқан қонақүйлерінің алдында экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімі ұстады», – дейді желі қолданушысы Аман Мәмбетәлі.
Жазба иесі оқиға 16 желтоқсанда болғанын, журналистердің заттары тәркіленіп, түсірген барлық материалдар жойылғанын, ұсталғандардың өздеріне тыңшылық жасады деген айып тағылғанын жеткізді. Осылайша журналистерді Хакасия астанасы Абақандағы уақытша ұстау орнына одан әрі елден шығару үшін алып барған және бөлек камераларға орналастырған.
Назгүлдің ағасы, белгілі дінтанушы Досай Кенжетайға бүгін хабарласқанымызда, ол еш өзгеріс жоқтығын, Қазақстан мен Түркияның ештеңе істей алмай отырғанын айтып қынжылды. Ал Ресей, оның ойынша, мәселені саясиландырып отыр. Ғалымның қарындасы үшін уайымдаулы, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне ренжулі күйде екені аңғарылды.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі үн шығара алмай отыр. Міне қазақ дипломатиясы. Назгүлдің дипломдық тақырыбы сол, әлемдегі аз түркі этностарының болмысы болатын», – деп кейіді Досай Кенжетай.
Жергілікті БАҚ жазуынша, Назгүл жолдасымен Хакасияға турист ретінде келіп, байырғы түркі халықтары туралы фильмді аккредитациясыз түсіруге тырысқан. Оның үстінде ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында «қонақтардың» Ресейдегі түркі халықтарын ауыр ахуалда өмір сүріп жатыр деп көрсетуге ұмтылғаны жайлы материалдар жарық көрген.
Содан Абақан соты оларды Ресейге кіру тәртібін бұзды деп таныған. Назгүл Қазақстанға, қасындағы серігі Түркияға жолдануы мүмкін. Ал камералардың суықтығына, ыстық судың жоқтығына шағымданған кейіпкерлеріміздің өздері тұтқында кем дегенде 10 күн немесе одан да ұзақ отыруы ғажап емес.
Айтпақшы Назгүл мен Эмин бұған дейін Якутия мен Алтайда ұсталып, айыппұл төлеп құтылғаны келтірілуде.