×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Лайфхак: Жаңа жылда қаржыны қалай үнемдеуге болады?

Ulysmedia.kz

Жаңа жылды қалай қажетсіз шығындардан бас тартып, мерекелік көңіл-күймен қарсы алуға болады? Ulysmedia.kz порталы Қаржы нарығын реттеу агенттігіндегі Fingramota.kz жобасынан бірнеше дәстүрлі лайфхакты назарға ұсынады.

Сонымен...

Шығындар тізімін жасаймыз

Алдымен өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалап, мерекелік шығындарға бөле алатын бюджетті анықтап алыңыз. Сатып алатын заттардың тізімін жасап, тиісті бюджеттен ауытқымай, соларды ғана алуға тырысыңыз.

Заттарды дайын тізіммен ғана сатып алыңыз. Дүкендерге бөлінген ақша сомасымен ғана барыңыз, кредиттік карталарыңызды үйге тастап кеткен жөн.

Науқандар мен сатылымдарға сене бермеңіз, маркетингтік айлалар әмияныңызға салмақ түсіруі мүмкін. Басқа дүкендердегі осындай тауарлардың бағасын үнемі салыстыруды дағдыға айналдырыңыз.

Жақындарымызға сыйлық дайындаймыз

Сыйлық оның құнымен емес, оны қандай ықыласпен жасағаныңызбен бағаланады. Егер бюджетіңіз шектеулі болса, сыйлықты қолдан, яғни  «hand made» жасап көріңіз. Интернеттен сыйлықты өз қолыңмен жасаудың көптеген мастер-кластарын табуға болады.

Егер оған үлгермейтін болсаңыз, пайдалы әрі әмбебап заттар салынған мерекелік қоржын жинауға болады. Жаңа жылда мәселе қандай зат алғаныңызда емес, туғандарыңыз бен жақындарыңызға қуаныш сыйлауыңызда. Соның бір жолы ретінде «Сыйлық іздеу» деп аталатын квест-ойын ұйымдастыруға болады. Онда отбасының әр мүшесі белгілі бір сұрақтарға жауап беру арқылы өз сыйлығын үйден тауып алады. Болмаса, «Сантаның құпиясы» ойынын ойнаңыздар, ол арқылы бір-біріңізге қандай сыйлық беретіндеріңізді лотерея арқылы анықтайсыздар.

Мерекелік ас мәзірін әзірлейміз

Эпидемиологиялық жағдайда жаңа жылды үйде, отбасы мүшелерімен, жақындарыңызбен қарсы алған жөн. Бұл қауіпсіз болып қана қоймай, ақшаңызды үнемдеуге көмектеседі. Мерекелік ас мәзірін алдын ала қамдап, ең қажетті деген азық-түліктің тізімін жасаңыз. Жақындарыңыз бен балаларыңызға мерекеге дайындыққа қатысуға мүмкіндік беріңіз, үстелді безендіріп, ыдыс-аяқтарды әдемілеп қоюға қатыстырыңыз. Осылайша, сіздер мерекелік шараны көңілді әрі тез ұйымдастыра аласыздар.

Өтіп бара жатқан жылды қорытындылаймыз

Жоспарланған істерге, өміріңіздегі маңызды оқиғаларға талдау жасаңыздар. Ақшасы төленбей қалған міндеттемелеріңіз бар ма: салық, коммуналдық қызметтер ақысы, төленбей қалған кредит. Жылды қарызсыз қарсы алу – жаңа жылды ескі қарыздармен бастауға болмайтын, бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр. Асылы, пайдалы қаржылық дағдылар тізімін жасаңыз, қандай жағдай болсын олардан бас тартпаңыз.

«Қаржыңызға ревизия жасап, шотыңыздың өткен жылғы көшірмесін алыңыз, шығындарыңызға талдау жасаңыз. Егер жыл аяқталғанша қаржылық жоспарыңызды орындап, қажет емес шығыстарды қысқартып, «қауіпсіздік қорын» қалыптастыра алсаңыз, онда сіз отбасылық бюджетіңіздің іргетасын мықтап қаладым деп нық айта аласыз», – деп тұжырымдайды жоба сарапшылары.

Серіктес жаңалықтары