×
504.34
556.34
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.34
556.34
5.97

«Коучтардың «...жеген» әңгімесін айтпа маған»: заңгер актердің үстінен арыз жазды

«Коучтардың «...жеген» әңгімесін айтпа маған»: заңгер актердің үстінен арыз жазды
Ulysmedia.kz коллажы

Заңгер Мадина Аскенова актер, блогер Әли-Әскер Байғожиннің әлеуметтік желідегі видеосы үшін полицияға арыз жазды. Заңгер істің мән-жайын Ulysmedia.kz порталының тілшісімен әңгімеде айтып берді.

ВИДЕО НЕ ТУРАЛЫ

Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, онда сериалдағы рөлі үшін арыз жазылғанын айтады. Роликте Әли-Әскер әйеліне былапыт сөз айтып, дөрекі сөйлеген ер адамның рөлін сомдаған. Дастарханды ұрып жібереді. 

Коучтардың әңгімесін айтпа маған. Коучтардың жартысы ажырасқан, – дейді актер сериалда. 

ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ

Заңгер Мадина Аскенова Алматы қаласының Әуезов аудандық полиция басқармасына, ішкі істер министрлігіне, мәдениет және ақпарат министрлігіне арыз жазған. Алайда процессуалдық жауап әлі келмеген. 16 сәуірге дейін толыққанды жауап келуі қажет. 

Роликтегі оқиға біздің қоғамға жат нәрсе. Оны орыс тілін түсінетін адамның бәрі көреді. Қазақтың ер адамдары әйелдеріне қалай қарауы керегін дәріптеп жатыр. Абьюзерлер мен тирандарды тәрбилеп жатыр. Видеоны көрген ер адамдардың 99 пайызы “иә, әйелдерді осылай ұстау керек” деп қолдап жатыр. Қазақ әйелдерінің намысын аяқ асты етіп таптап жатыр. Мағыналы, үлгі алатын әлеуметтік ролик болса түсінер едім. Бірақ мұның астарында әйелді қорлау, әйелді мазақ ету ғана жатыр. Сондықтан мұндай роликтерге қарсымын, – дейді заңгер. 

Заңгер бұл істі аяғына дейін жеткізетінін, блогердің заң бойынша жауап беріп, кешірім сұрап, видеоны өшіруін талап ететінін айтты. 

ӘЙЕЛДЕР ДЕ ТҮСІРЕДІ

Заңгер мұндай роликтерді тек ер адамдар емес, әйелдер де түсіретінін айтты. 

Бұл қоғамдық алаң болғандықтан мәдениетті сақтау керек. Былапыт сөз айтпау керек. Ол видеоны қаншама адам көреді? Бұл жерде видеоны ер адам түсірді деп ер адамдарға қарсы шығып отырған жоқпын. Мұндай видеоларды әйел адамдар да түсіреді. Мысалы Фарема Қазақпаева деген блогер былапыт сөздер айтқан, сол үшін оны да қамауға алды. Мұндай контенттерді азайту керек. Қашанға дейін бұлай жалғаса бермек? – дейді заңгер. 

БЛОГЕР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНУЫ МҮМКІН

Заңгер Мадина Аскенова блогердің кінәсі дәлелденсе ол қалай жазалануы мүмкін екенін айтты. 

Мен бұл кісі бұған дейін басқа әкімшілік құқықбұзушылық жасады ма, жоқ па – білмеймін. Егер бір жыл ішінде бірнеше әкімшілік құқықбұзушылық жасаған болса, қамауға алыну мүмкін. Егер бірінші рет істеп отырған болса айыппұл салынады. Мен арызымда нақты мынандай жаза деп жазған жоқпын. Тек мұндай контенттердің алдын алу керегін айттым. Мұндай блогерлер шектелсін дедім, дейді заңгер. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Алматының полиция департаменті Ulysmedia.kz тілшісіне мән-жайды анықтап жатқанын хабарлады.