Полиция қызметкерін көлік капотында сүйреп әкеткен шымкенттік сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотталушы У.-ға қатысты қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.
ТАҒЫЛҒАН АЙЫП
Сотталушы У.-ға ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігімен “Билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты денсаулығына қауіпті күш қолдану” айыбы тағылған.
СОТТА АНЫҚТАЛҒАНЫ
У. 2 қаңтарда автокөлігін Шымкент қаласының Әйтеке би көшесімен басқара отырып, полиция инспекторы Б.-ның тоқтатып, бағдаршамның тиым салатын белгісіне өткені себепті хаттама толтыратынын ескерткенінде, автокөлігіне отырып алып жүрмекші болып, Б. оның автокөлігінің алдына тосқауыл болып тұрып алған кезінде алға жүріп, Б. автокөліктің капот бөлігіне жатып қалғанында біраз жерді жүріп өткен.
КІНӘСІ ДӘЛЕЛДЕНДІ
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ
Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші заңға сай жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы өзіне жеңіл жаза сұрады.
ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған әрекетіне шын өкінуі, екі жасөспірім балалары болуы танылды. Ауырлататын мән-жай – қылмысты есірткіге масаң халде жасауы.
СОТ ҮКІМІ
Сот, У.-ды ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енбеді.