×
521.9
593.5
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.9
593.5
6.39

Кешігіп жеткен кейіс немесе Лавров Тоқаевқа не айтқысы келді

Бүгін, 13:47
Кешігіп жеткен кейіс немесе Лавров Тоқаевқа не айтқысы келді
Ulysmedia коллажы

Апта бойы ақпараттар алаңында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата айтқан пікірі талқыланды. Жұрттың бәрі жаза берген соң «Не болып жатыр?» деп қарапайым жұрт таңырқасты: неге тіпті лауазымы жоғары болса да, шетелдің бір шенеунігі дипломатиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мәнермен басқа елдің басшысын бағалауға құмар бола қалды?

Кенет Кремльдің телеграм-арнасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Мемлекет басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастық, Ресей мен АҚШ арасындағы диалог, сондай-ақ Жеңіс мерейтойы жөнінде пікір алмасқан.

Телефон арқылы болған әңгіме елеусіз қалған жоқ — оны ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов бірден талдап үлгерді. Ол былай деп пікір білдірді: «Қарап отырсақ, бастама Кремль жағынан шыққан тәрізді. Егер керісінше болғанда, яғни Қазақстан басшысы хабарласқан жағдайда, Кремльдің баспасөз қызметі мұны міндетті түрде нақтылап айтар еді».

Ресей саясаттанушысы Аркадий Дубновтың жазуынша, кешкі қоңыраудың басты мақсаты – Лавровтың президент Тоқаевқа бағыттаған жеке айыптауларынан кейін туындаған дипломатиялық келеңсіздікті жою мақсатындағы Путиннің жасаған әрекеті болуы әбден мүмкін. Бұл сөздер Ресейдің «Коммерсантъ» басылымына берген сұхбатында айтылған.

Ulysmedia.kz неге тәжірибелі дипломат Лавров дипломатияға жат мінез көрсеткенін саралап көрді.

КЕШІГІП НЕГЕ КІЖІНДІ

Сыртқы істер министрі қызметін 21 жылдан бері атқарып келе жатқан Сергей Лавров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтық тұтастық жөніндегі көзқарасына шүйліккен.

Еске салсақ, 2022 жылы Петербор халықаралық экономикалық форумында Тоқаев бұл мәселеге қатысты ашық әрі батыл мәлімдеме жасап, форум иесі Владимир Путинді және өзге де ресейлік, әлемдік тұлғаларды, жұмсартып айтқанда, тосылтқан болатын.

«Біреулер үшін мемлекеттің аумақтық тұтастығы – қасиетті ұғым. Екіншілері «кез келген этнос, қандай да бір мемлекеттің құрамында өмір сүріп жатса да, өз мемлекетін құруға құқылы, бөлініп кете алады» деп есептейді. Егер ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы жаһандық деңгейде жүрсе, бүгін де БҰҰ құрамындағы 193 мемлекеттің орнына әлемде 500–600-ден астам ел пайда болар еді. Бұл – сөзсіз, хаос болмақ.

Осы себеппен біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз. Осы ұстаным, біздің пайымдауымызша, Луганск пен Донецкке де қатысты қолданылуы тиіс. Мемлекеттердің аумақтық тұтастығы – саяси конъюнктурадан да маңызды», – деп Тоқаев өз ұстанымын нақты айтқан еді.

ТАРИХИ САБАҚ

Лавровтың сұхбаттағы ренішті райына қарағанда, ол Тоқаевтың жоғарыдағы сөздерін еске түсірген секілді. Алайда БҰҰ Жарғысына сілтеме жасай отырып, жағдайды біржақты – тек өз мүддесі тұрғысынан ғана түсіндіруге тырысты.

Айта кетейік, сол кезде Тоқаев тайға таңба басқандай мәлімдеген еді: егер ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы бәрінен жоғары қойылса, әлем жүздеген қарулы қақтығыстың қақпанына түсіп қалады. Бұл дипломатия үшін айтылған сөз емес — бұл Қазақстан үшін аса маңызды, айқын әрі принципті ұстанымды білдіретін мәлімдеме еді. Өйткені көпұлтты құрылымға ие еліміз үшін шекаралардың тарихи тұрғыда аса сезімтал екенін ұмытпаған жөн.

ЖАҒЫМСЫЗ МӘНЕР

«Коммерсантъ» тілшісі Тоқаевтың мына сөздерін әдейі, келісілгендей және арандатуға бейім түрде еске салды: «Егер ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы мен осы ұғымды басшылыққа алатын болсақ, әлемде 650-ге жуық ымыраға келмейтін қақтығыс бірден тұтанады».

«Қазақстан президенті Тоқаевтың сол сөзі есімде. Мен онымен келіспеймін. Кейін біз бұл жөнінде қазақстандық достарымызға өз позициямызды түсіндірдік. Ол үшін тек аумақтық тұтастық ұғымы ғана маңызды», – деп мәлімдеді Лавров тәлім үйреткендей үнмен.

«Мен оған Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болғандықтан, бұл ұйымның Жарғысын толық күйінде құрметтеуі тиіс екенін қайталап айттым», – деді ол.

Лавров Тоқаев туралы үшінші жақпен сөйлеп, БҰҰ Жарғысын Ресейдің тек өз мүддесіне сай тармақтарында ғана қолданатынын, ал құжаттың өзі егемен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын бұзуға тыйым салатынын ұмытып кеткендей болды.

МИНИСТРДІҢ ӨТКЕНІ

Сергей Лавров — Ресейдегі ең ұзақ қызмет атқарып келе жатқан дипломаттардың бірі. 2004 жылдан бері сыртқы істер министрі қызметін атқарып келеді. Бұған дейін, 1994 жылдан бастап, Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған. МГИМО түлегі.

Оның тәкаппар, тәлімгер мәнері билікте ұзақ отырудан, өз позициясына шексіз сенуден және Ресейдің сыртқы саяси бағытының мінсіздігіне деген ішкі сенімнен туындайды. Қарсы пікір туындаған жағдайларда Лавровтың тілі жиі өткірленіп кетеді.

Лавровтың риторикасы көбіне мынадай үш негізгі элементке негізделеді:

Күш позициясы. Ол өзін ұлы державаның өкілі ретінде көрсетіп, Ресейдің егемендігі мен тәуелсіздігін айрықша атап өтеді. Осыдан келіп: «біз ешкімге ештеңе қарыз емеспіз», «біз не істеп жатқанымызды жақсы білеміз» деген ой қалыптастыруға тырысады.

Сарказм. Лавров ащы тілді, тік сөйлейтін стильді жиі қолданады. Мысалы, «Сіздер не бүлдіріп қойғандарыңызды түсініп отырсыздар ма өзі?» немесе «Санкциялар бізге тек пайдасын тигізіп жатыр» деген сыңайдағы мысқылды тіркестер оның сөзінен жиі естіледі.

Үстемдігін көрсету. Ол өзін пікірталасқа тең қатысушы ретінде емес, одан жоғары тұрған тұлға ретінде ұстауға тырысады.

Идеология мен оқиғаларды балама тұрғыдан түсіндіруге сүйену. Оның сөзінде Батыстың қосарлы стандарттарына, «тарихи әділдікке», «орыс әлемі» ұғымына жиі сілтеме жасалады. Бұл тәсіл оған өзін жай дипломат емес, белгілі бір «миссиямен келген ұстаз» ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Осының бәрі қосылып, Лавровтың сөйлесу мәнерінде: «Мен сіздерге бұл дүниенің шын мәнінде қалай құрылғанын түсіндіріп берейін» деген менторлық, тәлімгерлік стильді қалыптастырады.

ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫ

Алайда, өзіне тән «дипломатиясына» қарамастан, Лавров кейде белгілі бір сөздерге (цензурадан өткен, бірақ мемге айналған) жол береді: «Дебилы, б...» (баспасөз конференциясында сыбырлап айтқан кезі). Бұл — ашу-ыза мен эмоцияның көрінісі.

Лавровтың риторикасы –бұл көп жағдайда, әсіресе өз бетінше әрекет етіп отырған одақтастарға қысым жасау құралы. Ол дипломатиялық дәстүрді бұзса да, Кремльдің жаңа стратегиясына сәйкес келеді: қаталдық, мазақ, ультиматумдар.

ЛАВРОВ VS ТОҚАЕВ

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кеңістікте сыртқы істер министрлерінің мәлімдемелері – тек дипломатия ғана емес, геосаяси реттеу және... қысым көрсету құралы саналады. Бұл әсіресе, Сергей Лавровтың жағдайында байқалады – оның риторикасы жиі заңды манипуляциялар мен софистика шегінде жүріп, өзекті мәселелерді шешуге әсер етеді. Лавровтың Қазақстан президентінің өзін-өзі анықтау құқығы мен аумақтық тұтастық туралы пікірлеріне реакциясы – оның жарқын мысалы.

БҰҰ Жарғысы туралы айта отырып, Лавров аумақтық тұтастық тек «үкімет бүкіл халықты білдіреді» деген жағдайда ғана қолданылады деп түсіндіреді. Бірақ бұл тек терминдер туралы дауласу емес – саналы түрде ұғымдарды ауыстыру.

СОФИСТИКА САБАҚТАРЫ

Лавров сұхбатында деколонизация мысалын келтіреді – бұл тарихи процес, ол мүлде басқа жағдайларда өтті. Ол қазіргі мемлекеттерді, оның ішінде Қазақстанды, 20-шы ғасырдағы отаршылдық режимдеріне қарсы қойып, бұл жағдайда (яғни, бүгінгі күні) өзін-өзі анықтау құқығының қолданылуын ұқсастық ретінде түсіндіреді. Бірақ дәл осы жерден софистика басталады.

Біріншіден, Қазақстан – отар емес, БҰҰ-ның барлық мүшелері, оның ішінде Ресей де мойындаған егемен мемлекет. Екіншіден, «барлық халықтың мүддесін білдіру» дегенге сілтеме жасау – нақты емес және қауіпті жорамал. Қай үкімет халықтың бәрін білдіреді деп шешеді? Ресей ме? Лавров па? Мәскеу ме?

Осындай логика халықаралық қатынастардың негізін бұзады. Шын мәнінде, кез келген мемлекет «халқының бір бөлігі» оны «заңсыз» деп санаған жағдайда, күмәнға салынуы мүмкін. Ал бұл риторика әсіресе қауіпті, себебі оны өз сыртқы саясатын жүргізуде «өзін-өзі анықтау» тақырыбын белсенді түрде пайдаланатын мемлекет айтқан кезде – Қырым, Донбасс, Оңтүстік Осетия немесе Приднестровье секілді мәселелерге қатысты болады.

ЭКСПОРТТАҒЫ РИТОРИКА

Бұл Лавровтың халықаралық құқықты осылайша алғаш «түсіндіруі» емес. 2022 жылы ол былай деген: «Қырым ешқашан украиналық болған емес!» Дегенмен, Путин 2008 жылы Қырымды Украина құрамындағы бөлік деп ресми түрде таныған болатын. 2023 жылы, Украинаға басып кіруді түсіндіре отырып, Лавров Ресейдің «орыс тілінде сөйлейтін азаматтарды геноцидтен қорғап жатқанын» мәлімдеді. Алайда бұл пікірді ешбір халықаралық тергеу растаған жоқ. Бұл риторика эмоциялық айыптаулар мен құқықтық нормаларды елемеу негізіне сүйенеді.

Сол жылы ол Батысты Косовоның өзін-өзі айқындауын қолдағанымен, Донбастың өзін-өзі анықтауын қолдамайтынын айыптады. Ал бұл жерде ол әдейі елемейді, өйткені Косово халықаралық тану процесін, оның ішінде БҰҰ Халықаралық сотының шешімінен өтті. Ал Донбастағы және Қырымдағы «референдумдар» автомат дүмпулерімен және халықаралық мойындаусыз өткізілген.

НЕЛІКТЕН ДӘЛ ҚАЗІР АЙТЫЛДЫ

Ең «қызықтысы», Тоқаевтың 2022 жылы айтылған ескі сөзі тағы да қоғамдық кеңістікке шықты. «Неліктен?» деген сұрақ туындайды. Себебі – геосаяси жағдайдың өзгеруі.

Ресейдің оқшаулана түсуі мен Қазақстанның Қытай, Батыс және Түркияға қарай бағыт алуы аясында Мәскеу Астананы қосымша қысымға алуға кірісті. Кремль үшін мәселе мынада: Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатын және тәуелсіздігін барынша айқын көрсете бастады. Ал Тоқаевтың ескі мәлімдемелері тағы да қолайлы сылтау болып, ойға салынатын ескерту ретінде ұсынылады: «Біз кімнің не айтқанын ұмытқан жоқпыз» деген оймен айтқандары.

Бұл сондай-ақ посткеңестік елдерге Ресейдің халықаралық құқықты өзіне ыңғайлы түрде түсіндіру құқығын сақтап отырғанын ескерту болып саналады. Ал мұны Ресейдің сыртқы саясат фронтындағы ең тәжірибелі риторларының бірі Лавровтың аузына салу — өте ұтымды таңдау.

БАҚЫЛАУШЫНЫҢ КӨЗІМЕН

Сарапшылардың көбі Лавровтың сөздерін Қазақстанға «қысым көрсету әрекеті» ретінде бағалады. Ресейдің Грузиямен (2008) және Украинамен (2014, 2022) қақтығыстарынан бұрынғы риторикасының ұқсастығын еске ала отырып. The Guardian және Financial Times басылымдары бұл жағдайды Мәскеудің постсоветтік елдерге ықпал ету стратегиясының бір бөлігі ретінде атап өтті.

Кейбір пікір білдірушілер бұл сөздерде «Қазақстанның аумақтық тұтастығына қауіп» көргендерін айтты, өйткені Ресейдің ультраұлтшылдары Қазақстанның солтүстігіндегі аймақтарға қатысты бұрыннан айтылған талаптарды қайта жаңғыртып келеді.

МӘСКЕУДІҢ АШУЫ

Бұл тақырыпты жалғастырған Әзербайжанның Minval Politika басылымы Ресейдің сыртқы істер министрінің сөздерінде айқын белгі бар деп санайды.

«Қазақ елі ҰҚШҰ мен ЕАЭО мүшесі болғанына қарамастан, Украина аумағына қатысты Ресейдің талаптарын қолдамағаны үшін Мәскеудің ашуланатыны анық. Алайда Лавров пен Тоқаев арасындағы ауызша айтыс бір басқа мәселені – Солтүстік Қазақстан мәселесін көтере бастады», деп жазады басылым.

Авторлар 1990 жылдары Мәскеу Солтүстік Қазақстанға қатысты талаптарын білдіргенін, яғни Қырым туралы мәселе көтерілген кезден бастап осы тақырыптың қозғалғанын еске салады.

Астана да осы сұрақты өздері де қояды: Ресей Солтүстік Қазақстанда «Қырым-Донбасстай сценарийді» іске асыруға тырыса ма? деп сұрақты ортаға қояды авторлар.

ІШТЕГІ КӨЗҚАРАС

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Ресейдің сыртқы істер министрінің сөзі жөнінде пікір білдірген болатын.

– Қызығы, белгілі бір аумақта тұратын халыққа қай үкімет өкілдік ететінін кім анықтайды? Бұл бір риторикалық джерримандериң сияқты естіледі: өз түсінігіміз бойынша орталық деңгейде өкілдік таппаған аумақты іздейміз. Кейін сол аумақты үкімет өкілдік етпейді деп жариялаймыз. Содан кейін сол аумақта мемлекеттің аумақтық тұтастығын мойындаудан бас тартамыз. Аумаққа өзін-өзі анықтау құқығын мойындаймыз. Одан кейін жағдайға қарай әрекет етеміз. Бұл, әрине, Пандора жәшігін ашып, халықаралық құқық пен халықаралық қатынастарды хаосқа ұрындырады. Президент Тоқаев ескерткен хаос та дәл осы, – деп жазады Әбішев.

Шындығында, Лавровтың айтпағы: «Біз қалай қаласақ, солай айналдырамыз». Қазіргі жағдайға сай риторикасын бейімдеген соң, ресейлік дипломатар біз бәрін қате түсінгенімізді және шын мәнінде РФ аумақтық тұтастықты тікелей интерпретациялауға қарсы еместігін түсіндіретін болады, дейді саясаттанушы.

АУЫСҚАН ТҮСІНІКТЕР

Трамп пен Путиннің жақын арада өтетін кездесуі, АҚШ тарапынан Украинаның бес оккупацияланған облысы Ресейге тиесілі болуы керек деген жаңа нарративтердің шыққанын ескерсек, Лавровтың мәлімдемесінің үш жылдан кейін жасалуы кездейсоқ емес деп болжауға болады. Бұл, жанама түрде, Ресей сыртқы істер министрінің өзімен расталады.

Сергей Лавров дипломат қана емес екенін ескеру маңызды. Ол – риторикалық машинаның жомарт қорғаушысы әрі архитектор, бұл машина түсініктерді ауыстыруға, тарихи аналогияларға, контекстен алынған үзінділерге және Ресейдің легитимділік орталығы ретінде үздіксіз мәлімдемелер жасауға негізделген. Бірақ бұл логика заңдық және тарихи тұрғыдан сын көтермейді. Өзін-өзі анықтау таңдамалы болмауы керек. Ал аумақтық тұтастық геосаяси мүдделердің тұтқыны болмауы тиіс.

Қалай болғанда да, Лавровтың сөздері бақылаушылар тарапынан Кремльдің көрші елдерге қарсы агрессивті риторикасының «тағы бір белгісі» ретінде қабылданды. Әзірге тікелей қауіп болмаса да, дәл қазір Украинада соғыс болып жатқанда бұл Ресейдің Қазақстанға қатысты болашақтағы талаптарын күшейте ме деген алаңдау арта түсті.

Мәлік Жүрсінбек

Серіктес жаңалықтары