Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қарындасын зорлаған екі ағайындыға қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі ағайындыға қатысты үкім шығарды. Олар кәмелетке толмаған туысын бірнеше жыл бойы зорлағаны және бопсалаумен айналысқаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
ҚЫЛМЫС ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛДЫ
Жәбірленушінің анасы қызының соңғы уақытта тым тұйықталып, күйзеліске түскенін байқағанын айтады. 23 қыркүйекте кешке, ұйқыға жатар алдында, отбасындағы жеңге қызды құшақтап, не мазалайтынын сұраған.
- “Сені не мазалап жүр? Неге көңілсізсің? Бізге бәрін айт, бізге сенсең болады”, – деп сұрағанда, қыз шындықты жайып салған. Әкесінің жағынан 26 және 20 жастағы екі ағасы оны сегіз жасынан бастап зорлап келген. Бұл жағдайды ешкім сезбеген. Олар гаражда, үйде, ешкім болмаған кезде әрекет еткен, – дейді құқық қорғаушылар.
ДӘЛЕЛДЕР МЕН ҮКІМ
Сот процесінде айыпталушылар тек бопсалау дерегін мойындап, өз істеріне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұраған. Алайда зорлау бойынша тағылған айыпты жоққа шығарды. Бірақ сот барысында жәбірленуші мен оның анасының куәліктері, заттай айғақтар, сараптама қорытындылары және басқа да дәлелдер арқылы айыпталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді.
Соттың шешімімен екі ағайынды кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын ерекше қауіпсіздік режиміндегі түзету мекемесінде өтейтін болады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.