Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бастау Бизнес» онлайн-форумының қатысушыларына видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 4 миллионға, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға жеткізу үшін біраз шаруа атқарылып жатыр. Бұл міндет «Нұр Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты бағдарламасында нақты көрініс тапты. 2016 жылы мен елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бастама көтерген болатынмын. Бүгін де бұл бастама осы мақсатқа қол жеткізудің маңызды құралына айналып отыр. Онда ауыл-аймақтар мен шағын қалаларда өз ісін бастаған кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлу керегі айтылған», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, бастаманың тағы бір негізгі бағыты – жаңадан кәсіп ашқан бизнесмендерді қолдау шараларын қаржылық сауаттылыққа оқыту жүйесін енгізу. Сөйтіп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасын қолға алған. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасының маңызды бөлігіне айналған.
«Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы өзінің 5 жылдығын атап өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде бизнес негіздеріне 150 мыңнан астам қазақстандық оқытылды. Әрбір үшінші түлек өз ісін ашты. Бүкіл Қазақстан бойынша 44 мыңнан астам бизнес-жоба жасалды. «Бастау Бизнес» түлектері 60 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңгеге жуық салық төледі. Оқудан кейін түлекке «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген шағын несие немесе гранттық қаржыландыру қолжетімді болу фактісінің маңызы зор», - дейді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, оқу бітіргеннен кейін бизнес-тәлімгерлер жыл бойы өз қамқорлығындағы кәсіпкерлердің жобаларына жетекшілік етуді жалғастырғатынын, ісін жаңа бастаған кәсіпкер туындаған проблемалармен бетпе-бет қалмайтынын мәлім етті. Бұл, әсіресе, бүкіл бизнес жаһандық пандемияға байланысты қатты қысымға ұшыраған жағдайда өте маңызды. Бұл жағдайда экономикалық тұрлаусыздықты еңсеруге және сол арқылы Қазақстандағы бүкіл экономика мен халықтың жұмыспен қамтылуын қолдауға мемлекеттік қолдау шаралары көмектеседі.
«Өткен жыл, сарапшылардың бағалауы бойынша, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы ұлы депрессиядан кейінгі ең күрделі жыл болғанына қарамастан, біз үлкен шығынға жол бермедік. Қазақстанның COVID-19 пандемиясына және сыртқы экономикалық жағдайлардың нашарлауына жауап ретіндегі іс-әрекеттері батыл әрі уақтылы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан көптеген сынақтар мен қиындықтарды еңсерді, бірақ кез келген дағдарыста біз тек қатерді ғана емес, мүмкіндіктерді де көре білдік», - дейді ол.
Елбасы Қазақстанның дамуының басты қозғаушы күші – әрқашан бүкіл елдің табыстары мен өз жеңістері арасында тең белгі қойған адамдар болғанын мәлім етті. Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Бастау Бизнес» бағдарламасының барлық қатысушыларына сәттілік тіледі.
Айта кетсек, бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасының 5 жылдағы жұмысын қорытындылады. Нұр-Сұлтан қаласында жоба түлектерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылып, онлайн-форум өтіп жатыр. Оның аясында кәсіпкерлер мен олардың бизнес-тренерлері шеберлік сабағын өткізді. Осы уақыт ішінде жоба бойынша 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқыған.