×
515.03
584.82
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.03
584.82
6.24

"Балам қор болмасын": Шыңғыс Мұқан ата-аналардың орыс мектебіне ұмтылу себебін түсіндірді

27.04.2025, 15:49

Қоғам қайраткері, ағартушы, "Мазмұндама" баспасының директоры Шыңғыс Мұқан Ulysmedia порталына берген сұхбатында бүгінде көптеген ата-ананың балаларын орысша оқытуға ұмтылуының себептерін түсіндіріп көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Оның айтуынша, ауылда әке-шешесі де, араласатын ортасы да қазақша сөйлейтін таныстары бар, соған қарамастан, олардың балаларының тілі орысша шыққан. Неліктен? Шыңғыс Мұқан бұл сұрақтың жауабын заманауи технологиялардан көреді.

–  Қазір YouTube, гаджеттер тәрбие құралына айналды. YouTube көріп, орысша сөйлеп кетіп жатыр. Не істеу керек? Бүлдіршіндерге арналған контентті күрт көбейту керек, ақшаны салу керек, – деді ол.

Шыңғыс Мұқан балаларын орыс тілінде оқытатын ата-аналарды екі топқа бөледі.

Бірінші топ – өзі қазақша сөйлейтін, алайда орыс тілін жетік меңгере алмаған ата-аналар. Олар өмірде белгілі бір табыстарға жете алмағандықтан, "Балам мен сияқты қор болмасын, қиналмасын" деген ниетпен балаларын орыс мектептеріне береді. 

–  Бұл тенденция жалпы кеңес кезінде қалыптасты. Жазушылардың көпшілігі де кезінде қиналғандар, бір жағынан мектептер аз болған шығар, екінші жағынан "балам қиналмасын" деген ой, – деді Мұқан.

Ал екінші топ – әке-шешесі де, ата-әжесі де орыс тілінде сөйлейтін отбасылар. Олардың санасы да, өмірге деген көзқарасы да өзгеше қалыптасқан. Шыңғыс Мұқан бұл туралы:

–  Олардың санасында екеуіміздің ойлап отырғанымыз жоқ. Екеуіміз сияқты ойламайды, "майндсеті" бөлек. Олардың ата-әжесі қазақ болғанымен, орысша оқыған. Әке-шешесі де орысша оқыған, баласы да орысша сөйлейді, – деді ол. 

Осындай күрделі жағдайда Шыңғыс Мұқан мемлекет тарапынан ауқымды саясат жүргізу қажеттігін баса айтты.

Айта кетейік, Шыңғыс Мұқан Ulysmedia порталына берген сұқбатында тіл мен білім жүйесі, діни сауат, биліктің қазақ тіліне көзқарасы, қоғамдық пікір, ақпаратқа қолжетімділік, кітап шығару ісі мен саяси шешімдер төңірегіндегі өзекті мәселелер туралы айтты.

 

Серіктес жаңалықтары