Белгілі мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай ертеде жас қыздар мен ұлдарға жыныстық сауатты кім үйреткенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕҢГЕНІҢ РӨЛІ
Мәдениеттанушы “ертеде қазақ қоғамында ересектермен жыныстық қатынас туралы әңгіме болды ма?” деген сұраққа жауап берді. Зерттеуші қазақ ата-аналары баласымен бұл тақырыпта сөйлеспегенін айтады.
- Мысалы этнографтардың сөзінше, ұйғырлар қызы тұрмысқа шығар алдында анасымен отырып, барлық әңгімені “пісіретін”. Ал қазақтар үшін оның бәрі ұят болды. Қазақта оны қадағалайтын “жеңге” деген үлкен дәрежелі адам болды. Демек жеңге қайнысына да, қайын сіңлісіне де өте жақын адам болды. Қыз баланың таза жүруіне де жеңгесі жауапты болды. Жігіттермен таныстыру қызметін де жеңгелер атқарды, дейді зерттеуші.
Зира Наурызбайдың сөзінше, жеңге қыз баланың жақын құрбысы болған.
- Жеңгетайлық деген сөз содан шыққан. Қазір келін “анандай, мынандай” деп жатады. Жігіттің тұрмысқа шықпаған әпкесі болса, тұрмысқа шықпа деп жатады. Ол біздің менталитеттің өзгеріп кеткенін көрсетеді. Себебі дәстүрлі қоғамда келін кімге жақын болады? Сол інісімен, қарындасымен жақын болады. Демек қайын інісі не сіңлісімен жақсы араласады. Жеңге қыз бала үшін ең жақын адам. Ақылдасу керек болса құрбыларына не анасына айтпайды. Жеңгесімен ақылдасатын. Sex education де соның қолында болды, дейді зерттеуші.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін зерттеуші Зира Наурызбай қыз жасауына неліктен қазан қосуға болмайтынын түсіндірген болатын.