1848 жылы орыс генерал-лейтенанты Алексей Макшеев қазақ даласына алғаш аяқ басты. Бұл жай сапар емес еді. Ол өзімен бірге карталар, компас пен күнделік дәптерін ғана емес, бір империяның Орта Азияға ұмтылған стратегиялық жоспарын ала келген.
Ал 2025 жылы, араға бір жарым ғасыр салып, Макшеевтің сол экспедициялар жайлы жазған еңбегі қазақ оқырманына қолжетімді болды. AmalBooks баспасы жариялаған "Путешествия по казахским степям и Туркестанскому краю" кітабы — ұмыт қалған, бірақ аса маңызды тарихи деректердің қайта тірілуі десе болады.
Баспа жетекшісі Бақытжан Бұқарбайдың айтуына қарағанда, бұл – ХІХ ғасырдағы қазақ даласы мен Түркістан өңірінің саяси, әскери және этнографиялық бейнесін қалтқысыз жеткізетін, тарихи деректерге бай құнды еңбек.
"ТАЗА ТАРИХ" АЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА КІТАП
Кітап AmalBooks баспасының бастамасымен "Таза тарих" сериясы аясында шығып отыр. Бұл серия бұрын-соңды жарияланбаған архивтік деректерді оқырманға ұсынып, Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерді қайта қарастыруды көздейді. Баспа 2021 жылдан бері осы жоба аясында 16 тарихи еңбекті жарыққа шығарған.
– 1848, 1851, 1853 жылдары Макшеев қазақ даласына үш жорық жасады. Бұл жай жорық емес, өте мұқият жоспарланған әскери жорық еді. Макшеев қазақ даласына қашан және қалай кіру тиімді деген сұраққа жауап іздеген. Ақмешітті қалай алуға болады, оны не үшін алу керек – осы сұрақтардың барлығына нақты, тіпті әскери-техникалық деңгейде жауап береді. Өйткені ол сол оқиғалардың бел ортасында болған адам, – дейді Бұқарбай.
Баспагердің айтуынша, бұл кітап Кенесары хан қаза тапқаннан кейінгі қазақ даласындағы саяси ахуалды, Ресей империясының Орта Азияға қарай ілгерілеуін, Қоқан хандығымен қақтығыстарды тарихи тұрғыдан түсінуге сеп болмақ.
АЛЕКСЕЙ МАКШЕЕВ КІМ?
Алексей Макшеев – генерал-лейтенант, әскери инженер және орыс әскерінің топографы. Ол 1848, 1851 және 1853 жылдары Орынбор өлкесінен басталған жорықтарға қатысып, қазақ даласын, Сырдария бойын, Түркістан аумағын зерттеген.
Кітапта:
Автор өз еңбегін былай деп сипаттайды:
"1848 бен 1854 жылдар аралығында Орынбор өлкесінде қызмет ете жүріп, мен Ресейдің қазақ даласына және Сырдария бойына қарай басталған қозғалысына тікелей қатыстым. Үш жазды мен қазақ даласында өткіздім. Кейін бұл тақырыпқа терең бойлап, Алжир, Египет, Сирия мен Түркияны аралап, мұсылмандық Шығыс пен еуропалық өркениет арасындағы байланыстарды зерттедім. Жиналған деректерді 1870 жылдан бастап ретке келтіріп, 1877 жылы осы еңбекті аяқтадым".
Бұл үзінді Макшеевтің тек жолжазба емес, кең ауқымды геосаяси зерттеумен айналысқанын дәлелдейді.
ҚАЗАҚ ОҚЫРМАНЫ ТАРИХТЫ ТАНУҒА ДАЙЫН БА?
Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, тарихи кітаптар шығару — өз шығынын бірден ақтамайтын, бірақ қоғамдық мәні зор іс.
— Кейбір кітаптар бірнеше жылдап сатылады. Өйткені қазақ оқырманы өзінің өткенін тануға әлі толық дайын емес, — дейді ол.
Мысалы, "Таза тарих" сериясы аясында алғаш шыққан Ахмет Кенесарыұлының "Кенесары хан уа сұлтан Сыдық" атты еңбегі 3 мың данамен басылып, төрт жыл өтсе де, әлі толық сатылып бітпеген.
— Сондықтан біз бір кітапқа байланып қалмай, іріктеп алған тарихи еңбектерімізді жылдам шығару үшін демеушілердің көмегіне жүгінеміз, — дейді баспагер.
Оның айтуынша, ұлттық тарихты тану ісі тек баспагерлердің емес, барша қоғамның ортақ міндетіне айналуы керек.
— Бұл тақырыптар — біздің тарихи жадымызға, ұлттық болмысымызға қатысты. Сондықтан осындай істерге бейжай қарамайтын, шын жанашыр адамдардың атсалысуы — өте маңызды. Ал өзге бағыттағы кітаптарымызға демеуші іздемейміз, – дейді Бұқарбай.