×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шовинизм? Ресей тарабы қазақ министрін тағайындау ісіне неге араласты

13.01.2022, 12:02
Шовинизм? Ресей тарабы қазақ министрін тағайындау ісіне неге араласты
Фото: Ашық дереккөзден

Ресейлік БАҚ пен ондағы жекелеген саясаттанушылар Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылығына Асқар Умаровтың тағайындалғанына ұлардай шулап жатыр. Көрші елдің бұл реакциясын «Ресейдің Қазақстанның ішкі ісіне батылырақ араласқысы келетінінің көрінісі» деуге бола ма? ҰҚШҰ күштерінің миссиясы шеңберінде Ресей тарапынан ақпараттық шабуылдың дәл осылай үдеуі нені білдіреді? «Жаңа Қазақстан» кезеңінде Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы қалай өрбиді? Ulysmedia.kz порталы тілшісінің бұл сұрақтарына саясаттанушы Расул Жұмалы жауап берді.

ЖАҢА МИНИСТРДІ КІМДЕР ЖАҚТЫРМАДЫ

Даудың басы Асқар Умаровқа қарсы «Россотрудничество» басшысы Евгений Примаковтың жазған постынан басталды. Примаков Умаровты «русофобтық дряньға» теңей отырып, асқан мәдениетсіздігін танытумен қатар, ресейлік шовинистік көзқарастағы тілшілер мен саясаттанушыларға ақпараттық шабуылдың қақпасын ашып берді. Тіпті Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозиннің де Асқар Умаровқа «Байқоңырға келмей-ақ қоюына» берген кеңесі тағы бар.

Министр Асқар Умаров өзін қаралауға қатысты жазбаға былайша жауап берді.

«Бұған дейінгі лауазымдарымның бәрінде ресейлік және басқа әріптестермен өнімді жұмыс жүргізуге тырыстым. Жеңіс күні немесе басқа да ортақ мерекелер бойынша бірлескен жап-жақсы жобаларды жасап жүрдік. Ресеймен одақтас қарым-қатынастың біз үшін қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Ресей Федерациясының біздің елді қолдауы тек құрмет пен алғысқа лайық. Өзімнің толеранттыққа және халықтардың достығына, Қазақстан халқының бірлігі мен көрші елдермен бауырлас қарым-қатынасқа бейілді екенімді тағы бір атап өткім келеді. Ресейлік және басқа да медиалармен синергия құрып, пайдалы тәжірибелерді өзара бөліссек деген ниет бар».

Ресейдегі жекелеген адамдардың осы көзқарасы бүкіл орыс халқының көзқарасы емес. Ресейдегі белгілі саясаттанушы Максим Шевченко осылай деп, Тоқаевтың шешіміне қолдау білдірді.

«Тоқаевтың Умаровты тағайындауы – Қазақстан мен РФ қарым-қатынасы турасында ауыр сөздер айтқан Симонян және Соловьев секілді ресейлік насихатшылардың басқыншы сөзіне қарсы берген жауабы. Умаров мырза ешқандай русофоб емес. Ол тек насихатшылардың шабуылына жауап беріп келген адам. Жалпы насихатшы қауым орыстарды осылай ұятқа қалдырады. Бұл – жалпы орыс халқының көзқарасы емес», - деді ол.

ҚАЗАҚСТАН КЕҢЕСШІЛЕРГЕ ЗӘРУ ЕМЕС

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, Ресей өкілдері тарапынан «ҰҚШҰ әскері Қазақстанды құтқарып қалды» деген жаңсақ әрі тым артық пікір айтылып жүр. Қолғабыс жасап, қиын сәтте көмегін бергені рас. Ол әскердің тікелей операцияларға қатыспай, тек күзету, көмектесу миссиясын орындағанын ескеру керек. Сол әскер бүгіннен бастап ақырындап шығарыла бастайды.

«Ресейдің кейбір өкілдері «енді Қазақстан бізге тәуелді, өз дегенімізді жасаймыз» дегенді қоздырып жүр. Армандарының бір көрінісі менің ойымша. Оның ішінде Асқар Умаровқа қарсы шүйліккенін көріп отырмыз. Асқар мырза русофобиялық мәлімдемелер жасады деп айта алмаймын. Кәдімгі ұлтжанды патриот азамат. Әсіресе, түркі әлемімен Қазақстанның жақындасуын талайдан бері айтып жүрген адам. Ол пантюркист болса, мен одан өткен пантюркист шығармын. Онда тұрған не бар? Туыс мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуы, бір-бірімен ықпалдасуы керек. Ресейдің өзі де Беларусь, Сербия секілді славян елдерімен жақындасқысы келеді. Сондықтан бұл – жоқтан бар жасаудың бір әрекеті. Шынын айтқанда, Қазақстанның ішкі ісіне араласқысы келетінінің бір көрінісі. Рогозин, Примаков сияқты шовинистік көзқарастағы адамдардың айтуы соны білдіреді. Ресей тарапы мұндай мәлімдемелермен тоқтаған жоқ. Естеріңізде болса, Маргарита Симонян деген Раша тудейдің басшысы мәлімдеме жасады. Қырымға қатысты қазақтарды қысуымыз керек дегендей. Меніңше, мұндай сөздердің жетегінде жүрмеу керек. Қазақстан тәуелсіз мемлекет!» - дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстан Ресейді ішкі істеріне араласпауы керектігін, екі елдің тек әріптестік немесе одақтастық байланысы болуы керектігін ескертеді.

«Ішкі мәселелерімізге келгенде Қазақстан әлдебір кеңесшілерге зәру емес. Сондықтан Ресейден 1-2 мың әскер келді, енді оларға кіріптар болып қалдық деген мәселені қоюымыз керек. Оның ешбірінің негізі жоқ. Ол аз десеңіз, Ресейдің қиын-қыстау кезеңінде Қазақстан қаншама рет құтқарып келді. Санкциялар кезінде қаншама қолғабыс етті. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де. Өзіміз қаншама шығынға баттық. Сондықтан «бір рет көмектестім, енді маған тәуелдісің» деген әңгімені қою керек. Оларға айтарлықтай назар аудармау керек», - дейді Расул Жұмалы.

РЕСЕЙ «ҮЛКЕН АҒА» ЕМЕС

Саясаттанушы Ресей ұнасын-ұнамасын біздің көршіміз екенін айтады. Сондықтан ол елмен ізгі көршілестікті, ынтымақтастықты ұстана беру керек. Бірақ талайдан бері айтылып келе жатқан «үлкен аға, кіші іні» көзқарасы болмауы тиіс! Тең дәрежедегі, бір-бірінің ішкі ісіне араласпайтын сыйластық қатынас болуы керек. Осылай болса, Ресеймен де, басқа елдермен де біз қоян-қолтық араласқан абзал.

«Ресеймен бірақ бізде кикілжің бар. Оны сондағы саясаттанушылар да көптен бері айтып келе жатыр. Қазақстанның солтүстігіне қатысты мысалы. Бұл шабуылдарын біз белгілі бір дәрежеде ақырындап еңсеруіміз керек. Айналып келгенде Ресей тарапы өз ішінде мығым біртұтас болса, онымен санасатын мемлекет. Әрине, ол елдің ішінде дағдарыс болып жатса, ондағы билік әлсірейді де, Ресейдің бір шабуылының алды болып табылады. Кезінде Украина майданда қиналып жатқанда жерін басып алған. Грузия да ішкі дағдарыстан көз ашпай жатқанда жерінен айырылған», - дей келе саясаттанушы Ресейдің Орталық Азия шебінде күшеюуін балама күштер де жақтырмағанын айтады.

Мәселен, ҰҚШҰ күштерінің енуі барысында Батыс мемлекеттері оған қарсы шықты. Ол туралы тіпті АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен айтты. Дәл осындай жағдайды Ресейдің жалғыз ғана ірі одақтасы – Қытай тарапынан да байқауға болады. Төрағасы Син Цзинь Пин «Қазақстандағы оқиға – тек өзінің ішкі ісі» деді. Ол да теріс реакцияның түрі.

«Сондықтан белгілі бір дәрежеде Батыстың да, Қытайдың да ықпалы бар. Сондықтан Ресейдің қаншама артық мәлімдеме жасамасын. Олардың саяси, экономикалық, қаржылық, басқа да мүмкіндіктері Қазақстанға кең көлемде сес көрсететіндей емес. Ондай мүмкіндіктері жылдан жылға тарылып та бара жатыр. Соны да біз ескеруіміз керек. Өз саясатымызды осыны ескере отырып, бағыттауымыз керек!» - деп түйді сөзін Расул Жұмалы.