×
509.26
574.75
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.26
574.75
6.46

Алаш үкіметі АҚШ-тан 100 мыңға жуық қару-жарақ сұраған – Сұлтан Хан Аққұлұлының тың еңбегі жарыққа шықты

27.05.2025, 13:34
Алаш үкіметі АҚШ-тан 100 мыңға жуық қару-жарақ сұраған – Сұлтан Хан Аққұлұлының тың еңбегі жарыққа шықты
Ұлысмедиа

Астанада Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан: Алаш идеясы және Біртұтас Түркі әлемі» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«АЛАШ ТАРИХЫН 180 ГРАДУСҚА БҰРЫП СИПАТТАУҒА ТУРА КЕЛДІ»

Тың кітапта ХХ ғасырдың басында қазақтар қалай жерінен айырылғаны, қоныс аударушылармен қалай текетірес болғаны, Ақпан төңкерісінен кейін қалайша қазақтарға мемлекет құру мүмкіндігі туғаны, Әлихан Бөкейханның жүріп өткен жолы, кадеттер партиясында не істегені, Сталиннің саясаты кеңінен қамтылған.

«Бұл кітап Әлихан Бөкейханның өзі жайлы емес. Ұлт-азаттық көтерілістің теориялық негізін қалаушы әрі саяси көсемі Әлиханның өмірін баяндау арқылы сол кездегі тарихи оқиғаларды жазып шықтым. Оның ішінде соңғы екі-үш жылдан бері Жапонияның сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан, өзіміздің ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан, тағы басқа мұрағаттардан табылған құжаттар негізінде Алаш қозғалысының, Алаш үкіметінің тарихын 180 градусқа бұрып сипаттауға тура келді. Өйткені Алаш Республикасының тарихы осы күнге дейін сипатталып келген тарихтан әлдеқайда басқа болып шықты. Себебі Алаш Республикасы 1918 жылдың қаңтар айынан 1920 жылдың тамыз айына дейін егеменді, тәуелсіз ел болып өмір сүрген. Алаш Республикасы өз тәуелсіздігін халықаралық қауымдастыққа мойындатуға барынша күш салған мемлекет. Кітап осы тарихты сипаттайды», - дейді автор Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Кітаптың тұсаукесері алдында Алаш арыстарына құран бағышталды. Автор кітапты орыс тілінде шығарған. Қазақ тіліндегі нұсқасы таяу арада жарыққа шығады. Сұлтан Хан Аққұлұлы кітаптың орыс тілінде шығара отырып, Қазақстандағы орыс тілді азаматтарға Алаш тарихын кеңірек түсіндіруді көздеген.

«Әлихан Бөкейхан жайлы Сұлтан Хан Аққұлұлының осы еңбегінде Түркі бірлігіне жеке маңыз берілген. Саяси катаклизм дәуірінде Түркі әлемі қайтсек өз елдігін сақтайды? Осы мәселе ағамыздың еңбегінде жан-жақта екшелген. Сұлтан Хан ағамыздың бір ерекшелігі – архив құжаттарын зерттеуде өзінің бір әдістемесі бар. Мәскеуден бастап Омбы, Түмен архивтері, Беларусьтен табылған дүниелердің бәрі қазаққа қатысты. Ұзақ жылдар бойы жиналған еңбек бүгінгі таңда өз жемісін беріп отыр», - деді Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұл.

АЛАШТЫҢ ЖАПОНИЯ, АҚШ-ПЕН КЕЛІССӨЗІ

Кітаптың тұсаукесері барысында Сұлтан Хан Аққұлұлы Алаш тарихы жөнінде Жапония сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат мұрағатынан табылған бір құжатты көрсетті. Бұл – Алашорда үкіметінің Жапония билігіне сол тұста жазған хаты. Мұнда хат тұтас аударылмаған. Хатты жапонның вице-консулы Рио Ватанабе деген кісі қысқаша мазмұнын табыстап, Жапония сыртқы істер министрлігіне тапсырған.

«Бұл құжаттың растығын Райымжан Мәрсеков Үрімжіде НКВД қолына түскен кезде толықтай дәлелдеген. Райымжан кезінде Владивостокқа барған соң ең алғаш рет Алашорда үкіметінің сыртқы саясатын іске асырған. Ол АҚШ-тың Anderson Mayer компаниясымен 15 млн рубльге тауар сатып алу туралы келісімге қол қояды. Бұл – Алаш Республикасының тұңғыш экономикалық саясаты. Артынша АҚШ-тың Владивостоктағы экспедициялық корпусының қолбасшысы, генерал Уильям Грегспен келіссөз жүргізген. Грегстің атымен АҚШ-тың Жапониядағы өкілетті елшісі Дональд Морриспен кездеседі. Осы кісілермен кездескенде Райымжан Алашқа туыс түркі елдерінің тәуелсіздігін мойындауын сұрайды. Ол бір. Екіншіден, «бізбен екіжақты дипломатиялық, сауда-экономикалық, мәдени, әскери әріптестік орнатсаңыздар» дейді. Үшіншіден, Ұлттар лигасына (қазіргі БҰҰ) мүше елдер АҚШ арқылы қазақ, башқұрт ұлттарының тәуелсіздігін мойындаса деп өтінді. Ең бастысы, «большевиктер интервенциясына тойтарыс беру үшін 40 мыңнан 100 мыңға жуық қару-жарақ берсеңіздер, керек десеңіздер 250 мыңға жуық әскер жинау бізге қиын емес» деп, саяси-әскери көмек сұраған», - дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Алаштанушының еңбегін «Меломен» дүкенінен сатып алуға болады.

СҰЛТАН ХАН АҚҚҰЛҰЛЫ

Сұлтан Хан Аққұлұлы – қазақ тарихындағы Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлерін зерттеуге өмірін арнаған танымал тарихшы, архивтанушы, публицист. Ол – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға енгізген санаулы мамандардың бірі.

Аққұлұлы Алматыда, Ресей мен Батыс Еуропадағы архивтерден Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, оның мүшелері туралы тың құжаттарды тауып, жариялады. Ол – тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстандағы алаштану бағытының қалыптасуына ерекше үлес қосқан тұлға.

Сұлтан Хан Аққұлұлының еңбектерінде Алаш зиялыларының саяси стратегиясы, кеңестік билікпен арақатынасы, ұлттық автономия идеясы терең талданады. Оның құрастырған кітаптары мен деректемелік жинақтары – Алаш тақырыбын зерттеушілер үшін негізгі дереккөзге айналған. Оның «Алаш автономиясы: деректер мен дәйектер» құжаттар жинағы Алашорданың құрылуы мен саяси қызметін сипаттайтын ресми және құпия архив материалдарын қамтиды. «Алаш қозғалысы» атты монографиясы қазақ ұлттық-демократиялық қозғалысының тарихи негіздері мен тұлғаларын зерттеген іргелі еңбек саналады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш көсемдерінің өмірі мен қызметіне арналған зерттеулері жеке кітап болып шыққан.

Сұлтан Хан Аққұлұлы Алаш зиялыларының идеялық мұрасын бүгінгі ұрпақпен қайта табыстыру жолында табанды еңбек етіп келеді. Оның ғылыми әрі азаматтық ұстанымы – ұлт тарихының ақтаңдақтарын ашып, тарихи әділдікті қалпына келтіруге бағытталған.

Серіктес жаңалықтары