×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

«500 теңге біз үшін ақша»: Шерушілер музей қызметкеріне не деді

19.01.2022, 12:26

5 қаңтарда Дамир Аманжолов, Бибігүл Дандығараева және Рустам Әбдірахманов Алматының әр жерінде болды. Кәсіпкердің, мұражай қызметкерінің және полицейдің ортақ мақсаты –  туған қаласын сақтап қалу болды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Тележүргізуші Динара Сатжан аталған кейіпкерлерден сұхбат алды.

ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дандығараева осы жерде 18 жыл бойы қызмет етіп келе жатқанын айтты.

«Жұмысқа таңертең келгеннен кейін Алматыда төтенше жағдай режимі жарияланды. Мен барлық қызметкерлерді үйлеріне жібердім, себебі 4 қаңтарда жағдай ушығып келе жатқанын көрдік. Жаныма инженерлік-техникалық бөлімінен 5 жігіт алып қалдым және қасымда директордың қаржы жөніндегі орынбасары қалды. Музейде орталық кіре беріс есігі бар және қызметтік есік бар. Екі жерде де күзет отырады. Мен екінші жағына барып моиторды қарап отырдым. Монитордан екі полиция қызметкерін көріп, музейдіңң алдынан кіргізіп алдым. Бет-ауыздары қан-жоса, қолдары, қабырғасы сынған. Шаруашылық жұмыстарға жауап беретін менеджерге осы жерде қалуын өтініп, ішке кіргізіп алған жігіттерге алғашқы көмек көрсетуін сұрадым», - дейді ол.

Оның айтуынша, іштегі 5 жігіт музейдің есіктері жағына жүгіріп кеткен. 1985 жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген музейдің есіктері өте осал болыпты.

«Сол екі ортада бүлікшілер келіп, ішке кіре бастады. Қолдарында лом бар. Мен монитордан қарап отырған жерімнен олар келген жерге жүгіріп шықтым. Ол кезде 5-6 бүлікті камераны, есікті, мониторды сындырып үлгерді. 100-200-ге жуық бүлікші ішке кірді. Олардың ішінде қыз-келіншектер де жүр. Мен «Алтындарым, балаларым, бұл әкімшілік ғимарат емес, бұл – музей. Бұл – мәдени құндылық. Қазір мұның бәрін қиратсаңдар – тарихтарыңды жоғалтасыңдар. Бұл құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған қарапайым қызметкерлерміз. Кішкене ойланыңдар, мақсаттарың – бұл емес қой» дедім», - дейді Бибігүл Дандығараева.

Осы кезде бүлікшілердің арасындағы біреуі ешбір затқа тимеу керектігін айтқан.

«Арасындағы біреуі «Еш нәрсеге тимеңдер» деп айтты. Олардың қасында «Ана жаққа өтпеңдер, мына жаққа өтпеңдер» деп жүгіріп жүрдім. «Алтын адамның» жанына келгенде ол расымен Алтын адам ба екенін сұрады. Мен түпнұсқасы емес, жай ғана қаңылтыр екенін айттым. Сонда біреуі «Біз митингке халықтың болашағы үшін шығып жүрміз. «Алтын адамның» қылышын беріңізші» деді. Мен олардың назарын басқа жаққа аударуға тырыстым. Олар музейге төртте кіріп, тоғызда шықты, сонда бес сағат жүрді. Біреуі музейге кіру бағасы қанша екенін сұрады, 500 теңге ғана екенін айтып едім, «500 теңге саған ештеңе емес шығар, біз үшін ақша. Біз – жастармыз, ата-аналарымыз енді үйде отырып, жақсы өмір сүрулері керек. Біз мына өмірден шаршадық, осы өмірді өзгертетін – біз» деді. «Сендер келсеңдер тегін кіргіземін» дедім көңілдерін аулап. Жас аралығы 18-30 аралығында деп ойлаймын», - дейді музей директорының орынбасары.

Бүлікшілер оның телефонына тиіспеген.

«Далада өрт болып жатты. Айдаладан оқ атылып, музейдің терезелері сынды. Жан-жағына қарасаңыз, осы маңдағы ғимараттардың бәрі өртенген, қираған, сол қирандылар арасында музей ғана бүлінбеген қалыпта тұр. Бүлікшілер неге тоқтады? Мүмкін мен әйел болғандығым үшін шығар, ер адам шығып сөйлесе жағдай басқаша болуы мүмкін еді. Ананы құрметтейтін халықпыз, осы жағдай да әсер еткен шығар», - дейді ол.