Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері кезекті рет мәлімдеме жасап, ғимаратқа жөндеу жүргізу барысында өзара бөлініп кету қаупі туындағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮНДЕУ
Жарияланған видеода балалар жергілікті билікке үндеу жасап отыр.
– Біз сіздерден отбасымызды бөліп-жармауды сұраймыз. Бұған дейін жөндеу кезінде ешкімді бөле-жармаймыз деп уәде берген едіңіздер. Ал қазір мүлде басқа ақпарат естіп жатырмыз. Бізде екі корпус бар, оның бірі қазір бос тұр. Неге сол бос тұрған корпусты алдымен жөндеп, бәрімізді сонда көшірмеске? Содан кейін негізгі ғимаратқа реконструкция жүргізуге болады. Егер бәрін тиімді жолмен жасағыларыңыз келсе, біз ұсынған нұсқа — ең қолайлысы, – дейді тәрбиеленушілер.
Олардың айтуынша, жақында мекемеге Президент әкімшілігінің өкілдері келген. Сол кезде жөндеу жұмыстары келесі жылдың көктемінен ерте басталмайды деп уәде етілген. Сонымен қатар, балаларды бос тұрған корпусқа көшіру немесе барлық тәрбиеленушілерге арнап отбасылық үлгідегі үйлер салу жоспарланғаны айтылған.
КОНТЕКСТ
Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінен жетім балаларды көшіру қоғамда ғана емес, Ақордада да үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы көшіру процесін тоқтатуды және қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Ulysmedia.kz бұл даулы істі тереңірек зерттеп, оның артында қандай мүдделер тұрғанын анықтауға тырысты.