×
546.36
630.44
6.7
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
546.36
630.44
6.7

«Қытайға барып, хабарсыз кетті»: Шекарада ұсталған Тұрғанбайдың отбасы араша сұрайды

«Қытайға барып, хабарсыз кетті»: Шекарада ұсталған Тұрғанбайдың отбасы араша сұрайды
ulysmedia коллажы

Қытайға жүк көлігін айдап барып, бір аптадан бері хабарсыз кеткен Әлинұр Тұрғанбайдың туыстары араша сұрайды. Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шерзаттың сөзінше, күйеуін Қытай шекарашылары ұстаған. Содан бері хабар жоқ.

«КЕТКЕЛІ ХАБАР АЛА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ»

Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылында тұрғыны Гүлдәрия Шерзаттың күйеуі Әлинұр Тұрғанбайдан хабар ала алмай отырғанына бір аптадан асқан. Ол 23 шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап кеткен. Содан бері хабар алмаған. Соңғы рет сол күні сағат бесте хабарласып, «Қазақстан шекарасынан өттім, енді Қытай шекарасына кіремін» деген.

– Отбасымның жалғыз асыраушысы еді. Біреудің жүк көлігін айдап өткен, жанбағыс үшін. Ұсталғанын қасында екі жігіт өткен екен бірге. Сол жігіттің біреуі ертесі күні сағат жеті мөлшерінде айтты. Мен қайта-қайта звондадым қасындағы жігітке. Телефонын көтермеді. Бір уақытта қысқа-нұсқа «Біз шығып кеттік. Күйеуіңізді алып қалды. Не себеп екенін білмейміз» деді. Содан бері біз әлі хабар алмадық, – дейді ол.

«ҰСТАЙТЫНЫН БІЛСЕ БАРМАС ЕДІ»

48 жастағы Әлинұр Тұрғанбай Қазақстанға отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келген. Отбасында үш қызы бар. Өзі де, балалары мен әйелі де 2017 жылдан бері Қазақстан азаматы.

Гүлдәрияның сөзінше, күйеуі отбасын асырау үшін әртүрлі жұмыстар істеген. Бастапқыда құрылыс жасаған. Кейін жүк көлігін айдап күнелткен.

Әлинұр соңғы рет Қытайға 2017 жылы кірген. Ол кезде Қытай азаматы болған.  Содан бері биыл алғаш рет Қытайға барған.

– Біз ол жақтың ұстайтынын білсек, қандай да бір қылмыстық әрекеттерге қатысқан болса бармайтын еді. Қазақстанның толық азаматы болғаннан кейін, құжаттарымыз толық болғандықтан Қытайға өтіп тұр, – дейді Гүлдәрия.

СІМ САУАЛЫ, ҚЫТАЙ КОНСУЛДЫҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Гүлдәрия Шерзат күйеуін іздеп Қытайдың Алматыдағы консулдығына да кірген. Ондағылар «Әлинұр Қазақстан азаматы болғандықтан, ол жөнінде сыртқы істер министрлігі біледі» деп қысқа ғана жауап берген.

Гүлдәрия Шерзаттың шағымын Қазақстанның Пекиндегі елшілігі қабылдаған. Елшілік Әлинұр Тұрғанбайдың ұсталуына байланысты Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының сыртқы істер басқармасына, қоғамдық қауіпсіздік мекемесіне, Іле-Қазақ автономиялық облысының сыртқы істер басқармасы мен шекара және көші-қон мекемесіне хат жолдаған.

– Қазақстан азаматы Гүлдәрия Шеризат сіздердің аудандарыңыздан өзінің жұбайы Әлинұр Тұрғанбайдың қай жерде екенін анықтауға көмектесулеріңізді сұрайды, – делінген елшілік жіберген хатта.

 

Бұдан бөлек, хатта Әлинұр Тұрғанбайдың 23 шілдеде Қазақстан жүк көлігін жүргізіп шекарадан өткені туралы, сол уақытта Қытай шекарашылары ешнәрсе түсіндірместен ұстағаны жөнінде, содан бері туыстарының одан ешқандай хабар ала алмай отырған туралы жазылған. Сондай ақ, хатта Қазақстан консулдығына да осы жағдайға байланысты ешқандай хабар жіберілмегені туралы айтылған. Елшілік Тұрғанбайды табуға байланысты Қытай тарапынан көмек сұраған.

«ҚЫТАЙДАҒЫ ТУЫСТАРЫМА ҚЫСЫМ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР»

Гүлдәрия Шерзат «күйеуім ұсталғалы Қытайдағы туыстарыммен де байланыс үзілді» дейді.

– Ол жақта туыстарымыз бар. [Күйеуімнің] шешесі, бауырлары бар. Оларға да қысым жасап жатыр. Біз байланыстан үзіліп кеттік әзір. Өйткені олардың барлығы бізді хабарласпайтындай етті. Не себепті екенін біз білмейміз әлі күнге дейін. Біз сөйлеп едік, барлығы сол сөйлемейтіндей етіп бізді қойды. «Сұрамаңдар, бізге қысым жасалып жатыр» деді. Содан біз амалсыздан мінеки сарсаң болып жүріп жатырмыз. Әлі күнге дейін тым құрығанда өлі-тірі екенін біле алмай жатырмыз, – деді ол.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚЫСЫМ

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымының дерегінше, 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған.

БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «экстремизммен күрес», ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді «кәсіпке баулитын орталық» деп атаған.

ҚАЗАҚСТАН РЕАКЦИЯСЫ

Қытай — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесінің бірі. Кейінгі жылдары Астана мен Пекин арасындағы саяси-экономикалық әріптестік күшейіп келеді. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар «Қазақ-қытай қатынасында Пекиннің ықпалы басым, Астананы шығыстағы алып мемлекет өзіне кіріптар етіп ұстағысы келеді» деп есептейді. Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбын қозғамауға тырысады. Астана оны «Қытайдың ішкі ісі» деп атаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда «Неміс толқыны» арнасына берген сұхбатында «Шыңжаңда қазақ ұлтының өкілдері қысым көріп жатыр деген ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Қазақстан геосаяси текетірестің ойын алаңына айналмауға тиіс»деген.

Серіктес жаңалықтары