×
543.24
619.89
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
543.24
619.89
6.78

«Үй сұрап жүргенімізге үш жарым жыл болды»: Қаңтар жесірлері Алматы әкімдігіне тағы барды

Бүгін, 17:27
«Үй сұрап жүргенімізге үш жарым жыл болды»: Қаңтар жесірлері Алматы әкімдігіне тағы барды
ulysmedia коллажы

Қаңтар оқиғасында күйеуінен айырылған екі әйел 4 тамызда Алматы әкімдігіне барды. Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Кадирова мен Тілеужан Баталовтың жесірі Айнұр Асқарбекқызы әкімдіктен күйеулерін атқан адамды табуды және баспана беруді талап етті.

«Дархан Сатыбалдыға да кірдік»

Қаңтар оқиғасында күйеуінен айырылған екі әйел Алматы әкімдігіне барды.  Шапағат Кадирова мен  Айнұр Асқарбекқызы әкімдіктен күйеулерін атқан адамды табуды және баспана беруді талап етті. Әкімдік ғимараты маңына ең бірінші болып Шапағат Кадирова келген. Ол әкімдіктен ешкім шықпай қойғаннан кейін айқайлаған.

– Осы жерде тұрдым. Олар қимылдамай-ақ «ешнәрсе істей алмаймыз» деді. Ешкім шықпай қойды. Айдар да (Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы – ред.) шықпай қойды. Мен осы жерде тұрып «Шық» деп айқайладым. Содан кейін ғана полиция келіп, әкімдік қызметкерлері шықты. Күйеуімді атқан адамды тапсын. Менің күйеуім кінәсіз, – дейді Шапағат Кадирова.

Кейін әкімдік ғимараты маңына Айнұр Асқарбекқызы келді. Ол пәтер жалдап тұрып жатқанын айтып, баспана мәселесін көтерді. Оның сөзіне қарағанда, Қаңтар оқиғасында жақыны мен асыраушысынан айырылған әйелдер жақында ғана Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болған. Әкімдік «Көмектесуге тырысамыз» деп шығарып салған.

– Біздің талап – үй мәселесі. Пәтерді жалдап тұрамыз. Әкімдікке келіп үй сұрап жүргенімізге үш жарым жыл болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Басқа қыздардың бәріне баспана берді. Осы санаулы төрт-бес қыз ғана қалды үй алмаған. Жақында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға да кірдік. «Көмектесуге тырысамыз» деді, бірақ кейін ешқандай жауап болған жоқ. Одан бері бір ай өтті, – дейді Айнұр Асқарбекқызы.

«Ешқандай өзгеріс жоқ»

Шапағат Кадирова мен Айнұр Асқарбекқызы әкімдік қызметкерлерімен сөйлесу үшін әкімдік ғимаратына кіріп кетті. Журналистерге ғимаратқа кіруге рұқсат бермеді. Шапағат Кадирова сөйлесіп болғаннан кейін журналистерге «ешқандай өзгеріс жоқ» екенін айтып, әкімдік қызметкерлері «барлығы заң аясында» деп шығарып салғанын жеткізді. Олар енді Астанаға баруды жоспарлап отыр.

– Біз қазір кіріп шықтық. Бізді Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Рүстем Досқожа, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков және Тұрғын үйді есепке алу және тарату бөлімінің басшысы Елжас Байкен қабылдады. Ешқандай өзгеріс жоқ. Сол бұрынғы «Барлығы заң аясында» деген сөзді айтып, шығарып салды. Нақты ешнәрсе айтпады. Енді 19 күні Астанаға барып, талап етеміз, – дейді Шапағат Кадирова.

Бұдан бөлек, ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, баспана мәселесін шешіп беруді сұрады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз Қаңтарда зардап шеккен жесірлерміз. Біздің бәрімізде кәмелет жасқа толмаған балалар бар. Сіз Қаңтарда ескертусіз оқ атуға бұйрық бердіңіз. Сіздің бұйрық 6 қаңтарда болған. Бірақ менің күйеуім 5 қаңтарда оққа ұшып, қаза болды. Үй мәселесімен жүгіріп жүргенімізге үш жарым жыл болды, – дейді ол.

Ulysmedia.kz тілшісі әкімдік қызметкерлерімен сөйлесіп көруге тырысты. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің қызметтік телефонын алған адам «жауап бере алатын қызметкерлердің бәрі жиналысқа кеткенін» айтты.

Қаңтар оқиғасы

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза болған. Олардың арасында балалар да бар. Билік Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 151 адамның отбасына 7 миллион теңге, әр балаға 2 миллион теңге өтемақы берген. Бұл ақша «Қазақстан халқына» қорының атынан берілді. Қорға ауқатты кәсіпкерлер мен ірі компаниялар ақша аударған.

Авторы: Жәнібек Әмре

Серіктес жаңалықтары