×
539.49
627.7
6.75
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.49
627.7
6.75

Білім саласындағы парадокс: Дарынды жастар Қазақстаннан кетіп жатыр

Бүгін, 15:23
Білім саласындағы парадокс: Дарынды жастар Қазақстаннан кетіп жатыр
ulysmedia коллажы

Қазақстан соңғы жылдары білімді, дарынды жастардың шетелге кетуі сияқты аса күрделі мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Талантты жастар бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындарын өз елінен емес, шетелден іздейді. Не себепті бұлай? Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМДІ ЖАСТАРЫ ШЕТЕЛГЕ КЕТІП ЖАТЫР

ЮНЕСКО дерегінше, Қазақстан студенттері шетелде білім алып жатқан елдер арасында әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Қазір 90 мыңнан астам жас қазақстандық басқа елдерде оқып жүр. Бұл – жай статистика емес. Бұл – амбициясы бар, ағылшын тілін еркін меңгерген, болашағы зор мыңдаған жас. Олардың басым бөлігі – АҚШ (шамамен 66%) пен Ұлыбританияны (шамамен 20%) таңдаған.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтар: экономика және бизнес (30%), инженерия (24%) және ақпараттық технологиялар (22%). Сонымен қатар, медицина, нейроғылым, химия, биология, блокчейн, архитектура және тұрақты даму салаларына да қызығушылық жоғары. Яғни, бұл жастар Қазақстанға қажетті мамандықтарды игеріп жатыр.

Мемлекет жыл сайын мыңдаған білім гранттарын бөлгенімен, бұл жеткіліксіз. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, алдағы үш жылда ұлттық университеттерде бір студентті оқытуға бөлінетін орташа қаржы – 1,04 млн теңге болады. Бұрын бұл көрсеткіш 920 мың теңге болған.

Бірақ бұл өсім инфляцияны жабуға ғана жетеді. Ал доллармен есептегенде – соңғы үш жылда шамамен 1,5 есеге азайған. Яғни, жоғары оқу орындары сапалы білім беріп, шетелдік университеттермен бәсекелесе алмайды. Назарбаев университетінің өзінде оқу ақысы жылына 10 000 доллар. Бұл шетелде әлде қайда қымбат. Мысалы:

  Rice University (АҚШ) – 80 000 доллар,

  HKUST (Гонконг) – 30 000 доллардан бастап,

  Khalifa University (БАӘ) – 32 000 доллар,

  Aalto University (Финляндия) – 27 000 доллар.

Осыған қарамастан, өзге мемлекеттер жоғары білімге көп қаржы салып, әлемнің дарынды жастарын тартуға тырысып жатыр. Бұл қатарда Қытай, Чехия, Польша секілді елдер бар. Олар мемлекеттік қолдаудың арқасында талантты шетелдік жастарға грант ұсынып, өз еліне тартып жатыр.

ШЕТЕЛГЕ КІМДЕР КЕТІП ЖАТЫР?

Шетелге кетіп жатқан жастар – еліміздің үздіктері. Олар – НЗМ (Назарбаев зияткерлік мектептері), БИЛ (Білім-инновация лицейі), РФМШ (Республикалық физика-математика мектебі) түлектері. Яғни, Қазақстандағы ең мықты білім беру мекемелерінен шыққан оқушылар.

Шетелде оқуға кету өз алдына проблема емес. Қазақстан 2010 жылдан бері Болон процесіне қосылған, ал бұл жүйе академиялық мобильділікті қолдайды. Дегенмен, мәселе олардың көпшілігінің елге қайтып оралмауында. Шетелдік университеттер үздіктерге біліммен қатар жұмысқа орналасу мүмкіндігін де береді.

Мысал ретінде Назарбаев университетін алсақ. Биыл оқу орнына 10 000-нан астам өтініш түскен, талапкерлердің орташа SAT баллы – 1350, IELTS – 7. Бірақ грант тек 2400 адамға ғана берілген. Қалған 7 600-ден астам дарынды жас шетелдік университеттерге кетуге мәжбүр. Оларға бұндай жоғары баллмен Еуропа мен Азаияның кез келген жоғарғы оқу орны гранд ұсынады.

Жастардың шетелде оқуы – үлкен шығын. Әрбір студенттің артында ата-анасы тұр. Көп жағдайда толық грант болмайды, сондықтан ата-аналар шетелдегі оқу мен тұрмысты өз есебінен төлеуге мәжбүр.

2024 жылы қазақстандықтар шетелге 1,5 миллиард доллар көлемінде қаржы аударған. Оның қаншасы студенттерге кеткені нақты белгісіз. Алайда бұл – елдің ішкі экономикасында қалуы тиіс қаржы шетелге кетіп жатыр деген сөз

Бүгінде мемлекет бір жағынан білімді жастардың шетелге кету мәселесін көтеріп, оны тоқтатуға ұмтылады. Бірақ екінші жағынан дарынды жастарға сапалы білім беруге жағдай жасалмай отыр. Білім саласына салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, Қазақстан болашағынан айырылып қалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары