Конституциялық сот бұрынғы полицейдің шағымын қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, айыппұл төледі, артынша қызметінен «теріс себептер бойынша» босатылды. Бұрынғы тәртіп сақшысы мұндай шешім оның құқық қорғау органдарына қайтадан жұмысқа орналасу құқығын бұзды деп есептеді.
Конституциялық соттың түсіндіруінше, құқық қорғау саласындағыларға қойылатын талаптар өзге мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда анағұрлым қатаң болуы тиіс. Себебі полиция қызметкерлері қоғам алдында мінсіз беделге ие болып, сенім тудыруы қажет. Сондықтан қолданыстағы заң Конституция нормаларын бұзбайды.
Сонымен бірге сот бір қайшылықты атап өтті: егер полиция қызметкері мас күйінде көлік жүргізгені үшін «қызметті қорлайтын әрекет» ретінде жұмыстан босатылса, арнайы мемлекеттік органдарда дәл осындай әрекет кейде жұмыстан шығуға негіз болмайды. Яғни әр құрылымда әртүрлі тәртіп қолданылады.
Дегенмен Конституциялық сот заңдағы норманы өзгеріссіз қалдырды. Бірақ Үкіметке осы қарама-қайшылықтарды жойып, барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай стандарт енгізуді ұсынды.