Қазақстаннан АҚШ-қа қоныс аударған ғалым Алмаз Шарман саясаттанушы Досым Сәтпаевқа сұқбат беріп, елдегі демографиялық жағдай туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстандағы демографиялық жағдай
Ғалым-дәрігердің айтуынша, Қазақстан әзірге депопуляция байқалмайтын елдердің қатарында және жақын уақытта халық саны өседі. Ол демографиялық процестер толқынмен жүретінін атап өтті: туу көрсеткіші төмендегеннен кейін «бэби-бумерлердің» балалары дүниеге келіп, жаңа толқын қалыптастырады. Қазақстанда туу коэффициенті 3-тен асады, бұл жоғары көрсеткіш.
- Бұл сөзсіз жақсы, өйткені елге экономиканы дамыту үшін жұмыс күші мен жас таланттар қажет. Бірақ уақыт аз, мүмкіндіктер қысқарып барады, себебі бәрібір депопуляция басталады, – деді Шарман.
Қарт тұрғындарды қолдау керек
Ғалымның пікірінше, болашақта ұтатын мемлекеттер – қарияларын қолдай алатын елдер. Оларға лайықты жұмыс немесе ең болмағанда базалық табыс беру маңызды. Мысал ретінде ол Швейцария, Люксембург және Норвегияны келтірді. Бұл елдерде өмір ұзақтығы да, сапасы да жоғары деңгейде.
Шарманның айтуынша, базалық табыс – жақсы идея, бірақ оны жүзеге асыру үшін жүйе масылдыққа айналып кетпейтіндей инфрақұрылым қажет.
Сингапур тәжірибесі
Ол сондай-ақ Сингапур тәжірибесін мысалға алды: бұл елде мемлекет жас отбасыларға пәтер сыйлайды, бірақ бір шарты бар – олар қартайған ата-аналарының қасында тұруы тиіс.
Бұған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институты елдегі неке мен ажырасу жағдайына талдау жариялаған еді. Зерттеу соңғы бес жылда некелер санының да, ажырасулар санының да азайып келе жатқанын көрсетті.