Қазақстан ішкі істер министрлігі Украинадағы Черновцы мен Одесса қалаларында қазақстандықтарға бағытталған алаяқтық топтың қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТКЕН
Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық топ мүшелері өзін Ұлттық банк, арнайы қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырған. Олар «күдікті қаржылық операциялар» немесе «террористік ұйымдарды қолдау» деген желеумен азаматтарды қорқытып, несие алуға, мүліктерін сатуға не депозиттегі қаражатты көрсетілген шоттарға аударуға мәжбүрлеген.
Схема жақсы ұйымдастырылған: онда әкімшілер, кадр бөлімінің қызметкерлері, алғашқы және соңғы байланыс операторлары, IT-мамандар мен тіпті «күштік блок» қатысқан.
АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛҒАН
ІІМ мәліметінше, алаяқтар жымқырған қаржы офис шығындарына, автокөлік сатып алуға және өзге де қажеттіліктерге жұмсалған. Тек колл-орталықтың ай сайынғы шығыны шамамен 60 мың доллар болған. Фигуранттардың бірі соңғы алты айда бес автокөлік сатып алған.
ТІНТУ
Күдіктілердің тұрғылықты жері мен орталық кеңсесінде жүргізілген тінтулер барысында 30-дан астам компьютер, 79 ұялы телефон, ондаған sim-карта, жалған қызметтік куәліктер, мемлекеттік орган қызметкерлерінің формасы, жәбірленушілермен сөйлесудің дайын сценарийлері және өзге де айғақтар тәркіленді. Сонымен қатар, дауыс пен бейнені қолдан өзгертуге мүмкіндік беретін (deepfake) бағдарламалар да табылған. Бұл алаяқтарға ресми құрылымдардан қоңырау шалғандай етіп алдауына жағдай жасаған.
ЗАЛАЛ
Алдын ала есеп бойынша, қазақстандықтарға келген шығын 900 млн теңгеден асқан.
ҚАМАУ
Арнайы операция барысында тоғыз Украина азаматы ұсталды, олардың бесеуі қамауға алынды.