Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының Қазақстанда қаңтар оқиғалары кезінде құқық қорғау органдарының шектен тыс күш қолдану жағдайлары туралы ақпарат берілген сауалы келіп түсті. Сонымен қатар, HRW қамауға алынғандарға қатысты басқа да заң бұзушылықтар туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы шектен тыс күш қолданудың, заңсыз ұстаудың, азаптаудың және қамауға алынғандарға қатыгездік көрсетудің ықтимал жағдайларын айыптайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы тәртіпсіздіктерге тергеу әділ болуы және заң аясында жүргізілуі тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Қамауға алынғандардың құқықтарын қатаң сақтау және сотта істің әділетті қаралуы міндетті шарт болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігін тергеу іс-шараларын жүргізген кезде азаптау мен қатыгездіктің өзге түрлерін қолдануға тыйым салатын еліміздің Конституциясы мен Қылмыстық-процестік кодексiнің сақталуын қамтамасыз етуге шақырды»,- делінген ресми ақпаратта.
Сондай-ақ, заңсыз ұстау және қамауға алынған азаматтарға қатыгездік көрсету туралы кез келген мәліметтер мұқият қарастырылатыны айтылған. Министрлік мәліметінше, тергеу органдары келіп түсіп жатқан барлық заң бұзушылық фактілерін тексеруде.
«Азаматтардың қажетті ақпаратты кедергісіз және жедел алуы, оның ішінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағым жолдауы мақсатында «шұғыл желі» ашылған. ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша, бүгінгі күні азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергелуде»,- делінгенхабарламада.
Қамауға алынған азаматтардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға, Азаптауларды болдырмаудың ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне пенитенциарлық жүйе мекемелеріне қолжетімділік қамтамасыз етілген.
«ҰАТ өңірлік топтары Қазақстанның 16 өңіріндегі 83 жабық мекемеге 97 тәуелсіз мониторинг жүргізді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына азаматтардан құқықтарының бұзылуы жөнінде 48 өтініш түсіп, қарастырылуда. Сонымен қатар, өңірлік топтардың ұсынысы бойынша қамауға алынған және тұтқындалған азаматтарға адвокаттар мен азаматтық дәрігерлердің кіруі қамтамасыз етілді», - делінген түсініктемеде.
Азаматтық қоғамның беделді өкілдері, оның ішінде құқық қорғаушылар және заңгерлер қаңтар оқиғаларына тергеу жүргізу бойынша қоғамдық комиссиялар құрды.
«Қазақстан адам құқықтары саласындағы өзінің барлық міндеттемелерін сақтауға бейілді және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ашық диалогқа және ынтымақтастыққа дайын. Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Human Rights Watch ұйымының Атқарушы директоры Кеннет Ротпен кездесу өткізуі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді»,- деп түйіндейді СІМ.