×
538.13
624.88
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.13
624.88
6.64

«Неге мен өз тілімді қорғау үшін қамалуым керек»: Алматыдағы мектеп дауы тағы ушықты

«Неге мен өз тілімді қорғау үшін қамалуым керек»: Алматыдағы мектеп дауы тағы ушықты
ulysmedia коллажы

Алматыда №224 мектеп төңірегіндегі дау екі аптадан бері әлі жалғасып жатыр. Бүгін мектепті таза қазақ тілінде ашуды талап кеткен бір топ белсенді мен ата-аналар қалалық әкімдікке тағы барды. Оларды білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасының басшылары қабылдады. Бірақ тараптар мәмілеге келе алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Қағазымды алып, әкімдікке күнде келемін»

28 қазанда Алматы әкімдігіне қырыққа жуық белсенді мен ата-ана барып, қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы мен ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбековтен Бостандық ауданында ашылатын №224 мектепке қатысты түсініктеме беруді талап етті. Олар 2500 балаға арналған мектеп қаза тілінде бола ма, жоқ әлде аралас бола ма? деген сұраққа жауап беруді сұрады. Ата-аналардың сөзінше, әу баста мектеп жарғысында білім беру жүйесі қазақ тілінде деп жазылған. Алайда, пайдалануға берілер тұста, оның аралас болатыны белгілі болған.

«Басында қазақ тілінде болады деп естідік біз. Алдында алдыңызға барған кезде құжат дайын емес дедіңіз. Бірақ біз білеміз ғой, мектеп салар алдында жарғы болады. Жарғының ішінде толықтай жазылады, мектеп қай тілде болатыны, қанша балаға арналғаны. Сол жарғы туралы бір ауыз сөз айтсаңыз», – деді мектептің қазақ тілінде болуын талап кеткен ата-аналардың бірі – Айнара Нұрдин.

Алматы тұрғыны Айнара Нұрадин. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Оның бұл сұрағына білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы нақты жауап бере алмады. Ол «жарғының барлығы стандарт» екенін айтты.

«Оны қарау керек... Арыз жазыңыз, қарастырамыз», – деді ол.

Айнара Нұрдин eOtinish жүйесі арқылы да, жазбаша да арыз жазғанын. Бірақ әлі күнге дейін жауап ала алмағанын айтты.

«Әкімдікке мен жұмысқа келгендей күнде келемін, қағаздарымды алып», – деді Айнара Нұрадин.

Әкімдікке келген ата-аналардың барлығы өздері тұратын Бостандық ауданында балаларын таза қазақ тіліндегі мектепке бере алмай отырғандарын айтты. Олар «өз шағын ауданымыздағы мектепте орын болмағандықтан, басқа аудандағы мектепке балаларды апаруға мәжбүрміз» деді.

«Неге мен өз тілімді қорғау үшін қамалуым керек»

Бұған қоса, Айнара Нұрдин №224 мектеп төңірегінде дау басталғалы бері әлеуметтік желіде, чаттарда қысым мен арандату көбейгенін айтты. Әкімдік өкілдеріне жиырма парақтан тұратын жазбалардың көшірмесін берді. Оның сөзінше, аралас мектеп ашуды қолдаған топ өкілдері қазақ тілін қолдаған ата-аналарға түрлі балағат сөз айтып, жазба жариялаған.

«Неге мен өз тілімді қорғау үшін 174-бап бойынша кетуім керек? 15 тәулікке немесе одан да көпке қамалуым керек. Неге олар екі тілде мектеп талап етіп, ешқандай шара қолданбайды», – деді ол.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков тіл тигізгендер болса прокуратураға беру керектігін айтты.

«Мына кісілер чатта отырған тұрғындар ма, арандатушылар ма? Соны анықтау керек», – деді ол.

«Әу баста Бостандық ауданында қазақ мектебі жоқ екенін дәлелдеп, қаладан ақша шығарылған ол мектепке. Енді ашылатын кезде не болып қалды? Дархан «барып сұрайық» дегені үшін 15 тәулікке қамалады. Дарханның екі қызы бірінші сыныпқа әкесіз барады да, ал мына «мамбеты, қазақ мұғалімдері екі сөздің басын құрай алмайды. Олар дұрыс білім бере алмайды. Олар артта қалған» дегендерге шараны кім, қашан қолданады?», – деді көпбалалы ана Айда Букаева.

Мектепке қатысты есеп

Мектептерге қатысты қала бойынша есеп беруді қою керек деді. Сөзінше, Медеу, Алатау, Наурызбай аудандарына көшіп келіп жатқан қазақтар саны көп болғандықтан, ол жақта ашылып жатқан қазақ мектептері де көп екенін айтты. Бірақ бұл үрдіс қаланың ортасындағы Бостандық ауданындағы көрініс мүлде басқа.

«Қаланың ортасында тұрған Алмалы, Бостандық ауданының есебін бізге беріңіздер. Ашылайын деп жатқан, ашылған мектеп қай тілде? Біз соны біліп отырайық. Жүрейік енді әр ашылатын, қалада әлі он мектеп ашылады. Сонда біз барлық жұмысымызды қойып, әр мектептің соңында жүрейік», – деді Айда Букаева.

Көпбалалы ана Айда Букаева. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлының сөзінше, Бостандық ауданында 34 мектеп бар. Оның 9-ы қазақ, 10-ы орыс, 15-і аралас мектеп.

«Біздер 21 жарғы дауындадық. Екі жарғыны әлі алған жоқпыз Түркісіб ауданындағы мектептерге. Қалғандарының барлығын тіркеуден өткізіп, әділет басқармасынан мектептерге берілген болатын. Ертеңнен бастап сіздерден ұсыныс құжаттарды қабылдаймыз. Ертең лицензия шығады деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Ата-аналардың сөзінше, №224 мектепке 1490 адам балаларын қазақ тілінде оқытуға өтініш берген. Ал небәрі 420 адам балаларын орыс тілінде оқытуды сұраған. Бірақ олар аралас мектеп ашуды сұраған адамдардың сол ауданда тұратынына күмәнмен қарайды. Олар әкімдіктен сол адамдардың тізімін беруді сұрады.

«Мына мектеп қазақша бола ма, жоқ аралас бола ма? Соған нақты жауап беріңдер бізге. «Иә» ма, «жоқ» па? Бір-ақ ауыз сөз...Сендерге билікте отыру керек шығар. Бізге мемлекет керек. Ұлттың болашағы керек...», – деді белсенді Құдайғашүкір Абдуллаев.

Белсенді Құдайғашүкір Абдуллаев әкімдік ішінде сөйлеп тұр. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Әкімдік өкілдері аралас мектеп ашуды сұраған ата-аналардың тізімін бере алмайтындарын айтты. «Түпкілікті шешім келіп түскен өтініштер негізінде қабылданады» деді.

№224 мектеп төңірегіндегі дау екі аптадан бері жалғасып келеді. Бұған дейін ата-аналар мен белсенділер мектепке барған. Олар жаңа мектепті толықтай қазақ тілінде білім беруді талап еткен. Сол уақытта мектеп директоры Райза Ахметов да мектептің қай тілде болатыны белгісіз, мектеп екінші тоқсаннан бастап жұмысқа кіріседі деген.

Сотталған белсенді

Бұған дейін дәл осы Бостандық ауданындағы тағы бір жаңа №215 мектептен де дау шыққан. Алматы қалалық әкімшілік соты мектепті аралас мектеп етуге қарсы шыққан белсенді Дархан Ардақұлын 15 тәулікке қамаған.

«Мені 15 күнге соттап жіберді, 488 бап, 7 тармақ бойынша “мектепке барамыз” деген сөзімді митингке шақырдың деп айыптады. #215 мектеп қазақ болуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін», – деп жазған сол уақытта белсенді Facebook парағына.

Белсенді Дархан Ардақұлы. Фото: Masa Media/Есдәулет Қызырбекұлы. Алматы. 2022 жыл

Мектеп 

2024 жылғы ресми мәлімет бойынша, Алматыда 215 мемлекеттік мектеп бар: 77-і қазақ тілінде, 57 мектеп - орыс тілінде, 78 мектеп аралас және 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. Алматы қаласында жалпы 300 мыңнан астам оқушы бар.

2500 оқушыға арналған №224 мектеп мемлекеттік «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынған. Бұл бағдарлама бойынша  2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары