×
535.83
624.94
6.69
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
535.83
624.94
6.69

Өртенген қиранды және жертөле үстіндегі саябақ: Қаңтарда бүлінген Назарбаев резиденциясының қазіргі келбеті қандай?

Өртенген қиранды және жертөле үстіндегі саябақ: Қаңтарда бүлінген Назарбаев резиденциясының қазіргі келбеті қандай?
Ulysmedia коллажы

Назарбаев резиденциясының қирандысы, алып су бұрқақ және жертөле. 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде өртелген Алматыдағы президент резиденциясының орнында саябақ ашылды. Ulysmedia тілшісі «су жаңа» саябақты аралап көрді.

«Әйнекпен қоршалған қиранды»

Назарбаев және Ганди көшелерінің қиылысында орналасқан саябаққа кірген сәттен бастап бұл орында бұрын ғимарат болғанын аңғару қиын емес. Себебі саябақтың ортасында елді отыз жыл үздіксіз билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев резиденциясының әйнекпен қоршалған қирандысы бірден көзге түседі. Саябақ құрылысы әлі аяқталмағандықтан ба, жоқ әлде оның өзге де себептері бар ма, белгісіз, әйтеуір, резиденция қирандысын не үшін бұзбай сақтап қойғанын ескертетін ешқандай тақтайша немесе белгі қойылмаған. Бірақ Ulysmedia тілшісі сөйлескен саябақ қызметкері өрт іздері қалған резиденция қирандысынан «болашақта Қаңтар оқиғасына арналған мемориалдық ескерткіш жасайды» деді.

Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Жертөле үстіндегі саябақ

Бұдан өзге саябақ аумағында 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы қанды оқиғаны еске түсіретін бірде-бір белгі жоқ. Барлық жер мұнтаздай таза, гүл отырғызылған, тал егілген, орындытар мен су бұрқақ орнатылған. Бір қарағанда қаладағы өзге саябақтардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Десе де, саябақтың Ганди көшесі жақ бөлігін сәл айналсаңыз, бұрынғы президент резиденциясының жертөлесін (гаражын) көресіз. Ол сол қалпында сақталған. Саябақтың бір бөлігі осы жертөленің үстінде тұр. Ағаштан жасалған квадрат фигуралардың ішінде дәл сол жертөленің ауа алмастыру жүйелері жасырылған. Ол жерге де гүл отырғызылып, тал егілген.

Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Саябақ орнында бұрын президент резиденциясы болғанын айқындап тұрған тағы бір нәрсе – тікұшақ қонуға арналған алаңқай. Ол сол қалпында тұр.

Аяқталмаған құрылыс

Саябақ құрылысы әлі толық аяқталмаған. Тікұшақ қонуға арналған алаң мен жертөле арасында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жаяу жүргіншілерге арналған жол төсеніштері, шөп пен талдарды суаруға арналған құбырлар, құрылыс материалдары саябақ аумағында әлі тұр.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі 22 қазанда саябаққа Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының барғанын, саябақ құрлысының 97 пайызы аяқталғанын хабарлаған. Саябақ Республика күні (25-қазанда) ашылатыны айтылған. Алайда ашылғаны туралы ресми ақпарат айтылмады.

Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы

Қаңтар оқиғасы

2022 жылы 5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық дүрбелеңге ұласып, қала әкімдігі мен президенттің резиденциясы қатты бүлініп, өртке оранған еді. Бас прокуратура Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алуға мыңға жуық адам қатысқанын айтқан.

Резиденция ісі

2024 жылы маусымда Қаңтар оқиғасы кезінде «президент резиденциясы мен қалалық әкімдікке шабуыл жасады» деп айыпталған 11 адамға сот үкімі шықты. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді», «билік өкіліне күш қолданды», «әскери қызметкерді кепілге алды» деп айыпталған Ақжол Жандарбеков 4 жылға, ал «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «ғимаратқа басып кіру», «билік өкіліне күш қолдану» айыбы тағылған Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты және «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді» деп айыпталған Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны 1 жыл 9 айға бас еркіндігінен айырылды.

Фото: Azattyq 

Дәл осы жылы қазанда апелляциялық сот Ақжол Жандарбековтің жазасын ауырлатып, 8 жылға, Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Қалған сотталушыларды 1 жыл 8 айға бостандығынан айыруға үкім етті.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен де, үкіммен де келіспеді. Барлығы сотта Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторында азапталғандарын айтты. Осыған байланысты арыз да жазған. Бірақ іс «дәлел жоқ» деп жабылған.

Фото: Zakon.kz

Музей болып басталып, саябақ болып аяқталған резиденция тарихы

Қазір саябақ ортасында қирандысы ғана қалған президент резиденциясы 1995 жылы пайдалануға берілген. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, ол Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасымен 1983 жылы музей ретінде салынып басталған. Кейіннен 1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында пайдалану мақсаты президент резиденциясы болып өзгерген. Сол уақытта Жоғары Кеңес депутаттары Назарбаевтың өзіне алып резиденция салдыруын сынаған.

Серіктес жаңалықтары