 
                    Орал қаласының тұрғыны күйеуінің Украинадағы соғыста жалдамалы ретінде қаза тапқанын әлеуметтік желіде тараған тізімнен бір-ақ білген. Бұл туралы марқұмның жұбайы Надежда айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ХАБАРСЫЗ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ»
Қаза тапқан Алексей Сергеев небәрі 30 жаста болған. Артында сегіз айлық қызы қалды. Бір жыл бұрын Алексей мен Надежда шаңырақ көтерген еді.
Надежда күйеуінің қазасы туралы «Хочу жить» атты украин жобасы жариялаған тізімнен білген. Онда Ресей жағында соғысқа қатысып, мерт болған 270 қазақстандықтың аты-жөні көрсетілген. Тізім кейін қазақстандық әлеуметтік желілерге тараған.
— Мен тіпті оның сонда екенін де білмедім. Ол биыл басында Астанаға жұмысқа кеткен. Наурыз айында байланыс үзілді. Қазақстан бойынша іздедім. Оның шетелге шығуына тыйым салынған еді. Сонда ол қалай Ресейге, одан Украинаға өтіп кеткен? — дейді Надежда “Уральская неделя” басылымына.
Әйелдің айтуынша, күйеуі соңғы рет 27 наурыз күні хабарласқан. Алексейдің саяси не әскери тақырыпта әңгіме қозғағанын ешқашан естімеген.
— Ол Астанаға вахталық әдіспен жұмысқа кетті. Қарапайым жұмысшы еді, антифриз құю цехында істеді. TikTok-та жұмыс орнын түсіріп, бөлісіп жүрді, — дейді ол.
«8 АЙДАН БЕРІ ІЗДЕП ЖҮРМІНн»
Надежда күйеуін табу үшін сегіз ай бойы шарқ ұрып жүргенін айтады. Әлеуметтік желілер арқылы оның бұрынғы әйелі мен әпкесін тапқан, бірақ олар да еш хабарсыз. Алексейдің ата-анасы жоқ — ол жетім болып өскен.
— Сотқа да бардым. Астана арқылы іздеу жарияланды. Енді оның қайда жерленгенін, қалай қаза тапқанын білгім келеді. Өлім туралы куәлікті алуым керек. Қалай өмір сүрерімді, баламды жалғыз қалай өсірерімді білмеймін, — дейді ол көзіне жас алып.
Марқұмның әйелі «Алексейге шетелге шығуға тыйым салынған болса, қалай шекарадан өтті?» деп таңданып отыр.
СОҒЫСҚА АДАМ ТАРТУ ЖҮЙЕСІ
Бұл сұрақтың жауабы Ресейдегі жаңа жүйеде болуы мүмкін. «Важные истории» басылымының жазуынша, Ресейдің көптеген өңірінде соғысқа адамдарды тартқан рекруттарға қаржылай сыйақы төленеді.
2024 жылдың жазынан бері ресми түрде «Досыңды соғысқа ертіп кел» бағдарламасы іске қосылған. Бұған дейін әскери комиссариат, полиция, федералдық қылмыстық-атқару қызметі, тергеу комитеті және тіпті ФҚҚ қызметкерлері де жалдамалыларды тартқаны үшін қосымша төлем алып келген.
Надежда үшін ендігі басты мақсат — күйеуінің тағдырын анықтап, ресми құжат алу. Бірақ оның оқиғасы шетелде соғысқа тартылған қазақстандықтар мәселесінің қаншалықты күрделі әрі ашық зерттелмегенін көрсетіп отыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, күні кеше «Хочу жить» жобасы Украинадағы соғыста қаза болған Өзбекстан азаматтарының тізімін жариялаған болатын. Сонымен қатар, Ұлысмедиа Ресейге жұмысқа кетіп, соғыста қаза болған Қазақстан азаматтарының оқиғасы туралы жазған еді.
 
            
             
            
            