×
528.31
608.35
6.55
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
528.31
608.35
6.55

174-бап төңірегіндегі дау: «Алауыздық қоздырудың» астарында не бар?

174-бап төңірегіндегі дау: «Алауыздық қоздырудың» астарында не бар?

Қазақстанда 174-бап «алауыздық қоздыру» бойынша қозғалған істер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл ненің көрінісі? Құқық қорғаушылар не себепті оны «саяси бап» деп атайды? Бұл бап бойынша кімді және не үшін соттайды? Ulysmedia даулы бап бойынша қозғалған резонансты істерге тоқталып, сарапшылармен тілдесіп көрді.

Кейінге қалған жаза

3 қарашада Қарағанды соты Threads платформасында қазақтар мен мұсылмандарға тіл тигізген 22 жастағы Алика Мұхамадиеваны «ұлтаралық және діни араздықты қоздырғаны үшін»айыпты деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сот Мұхамадиеваның екі жасар баласы барын, айыпталушының сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өз ісіне шын жүректен өкінгенін ескеріп, оның жаза өтеу шарасын кейінге қалдырды.

Сот үкімін желі қолданушылары әртүрлі қабылдады. Бірі айтқан сөзі үшін жазасын алды десе, енді бірі үкімді бұған дейін осы бап бойынша сотталған белсенділердің істерімен салыстыруда.

Қамауда босанған белсенді

Биыл маусымда Солтүстік Қазақстанда белсенді Жансұлу Дархамбаева 174-бап бойынша айыпталған. Сот оның аяғы ауыр болуына қарамастан, екі жылға бас бостандығынан айырды. Оның үстінен «алауыздық қоздыру» бабымен іс қозғауға Жансұлудың ТикТок желісінде Ресей президенті Владимир Путинге қарата үндеу жасап, Қазақстаннан жалға алған жерледі қайтаруды талап етіп, ашаршылық жылдары қазақтардың көрген қиындығы туралы айтқан сыни пікірлері себеп болған.

Жансұлу Дархамбаеваның ісі қоғамдық резонанс тудырды. Ол қамауды босанды. Әлеуметтік желіде оны қолдаған петиция жарияланды. Осыдан соң сот істі қайта қарап, Жансұлуды босатуға шешім шығарды. Бірақ оның айыптау үкімі күшінде қалды. Балалы болуына байланысты түрме жазасын екі жылдан соң ғана өтеуі тиіс деген тоқтамға келді.

«Бір бапты екі түрлі қолдану кемсітушілік»

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев шыққан үкімді салыстыруға келмейді дейді. Сөзінше, 174-бап негізінен саяси бап. Қоғамдық резонанс болған жағдайда ғана оны өзге адамдарға да қолданады. Бірақ ол істерде белсенді, блогер, журналистерге қолданылған шектеулер пайдаланылмайды. 

«Адамдарға қатысты бір бапты екі түрлі қолдану кемсітушілік деп айтуға болады. Қазақстан БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікке қарсы конвенцияға қол қойған...Егер бір бап бойынша екі түрлі үкім шықса, мемлекет тарапынан адамдардың теңдігін сақтамау деп есептеуге болады», – деді Амангелді Шорманбаев Ulysmedia тілшісіне.

Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті сайтында жарияланған деректерге сәйкес, биылғы жылдың жеті айында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (ЕҚДБ)174-бап бойынша 62 қылмыстық іс тіркелген (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немеседіни алауыздықты қоздыру), оның 53-і сотқа жіберілген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32 іске көп.

174 – «саяси бап»

Құқық қорғаушылардың 174-бапты «саяси бап» деп атауы бекер емес. Дәл осы баппен кейінгі жылдары көптеген белсенді, блогер және журналистер істі болған. Атап айтқанда, 2022 жылы белсенді Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбаев бес жылға сотталды. 2023 жылы белсенді Тимур Дәнебаевты Астана соты үш жылға бас бостандығынан айырды. Биыл сәуірде Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің де бес жылға бас бостандығы дәл осы бап бойынша шектелген. Оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды.

Саяси белсенділердің үстінен 174-бап бойынша іс қозғау бұған дейін де болған. 9 жыл бұрын, 2016 жылы саяси белсенділер Ермек Нарымбай мен Серікжан Мәмбеталин 3 және 2 жылға сотталған. Астаналық белсенді Болатбек Біләловтың бас еркіндігі 3 жылға шектелген. Барлығы да істің саяси астары барын айтқан.

«Бұл бап бойынша қаншама адам сотталды. Ол әлі де жалғысып жатыр. Бұл сөзсіз саяси бап. Оны алып тастау қажет. Оның ауқымы өте кең. Кез келген жағдайға қолдануға болады. Бұл сөз бостандығын шектеу... Сол себепті бұл бапты алып тастау керек. Оны әкімшілік бапқа ауыстыруға болады. Айыппұл салсын. Егер айыппұл мөлшері көп болса, соның өзі жеткілікті», – дейді құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.

1997 жылғы қылмыстық кодексте 164-бап «ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» деп аталған. Кейіннен, 2014 жылғы жаңа қылмыстық кодексте  ол 174-бап болып өзгертіліп, жазасы ауырлады және қазіргі атауы «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» деп бекітілді.

Қазақстанда былтыр ұлт араздығын қоздыру бабымен 111 қылмыстық іс қозғалған. Елде 174-бап төңірегінде дау көп. Құқық қорғаушылардың сынына қарамастан, Қазақстан билігі елде саяси қысым мен қудалау жоқ деп есептейді. «Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ», деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Серіктес жаңалықтары