22 қарашада «Астана ЭКСПО 2017» компаниясы басшысының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде дереккөздеріне сүйеніп КазТАГ ақпарат агенттігі жазды. Айдос Есполов деген кім? Оның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен қандай байланысы бар? Жиырмадан астам адам сотталған жемқорлық ісіне оның қандай қатысы бар? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Айдос Есполовтың ұсталуы
КазТАГ басылымының жазуынша, Астана қаласында Айдос Есполовты ҰҚК-ға қарасты «антикор» қызметі ұстаған. Әзірге Қазақстанның құзырлы органдары оған қарысты түсініктеме бермеді.
БАҚ-та тараған ақпаратқа қарағанда, Айдос Есполов «Астана ЭКСПО 2017» компаниясындағы қаржы жымқыру ісі бойынша ұсталған болуы мүмкін.
Назарбаевтың үшінші әйелінің ағасы
Айдос Есполов – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Құрманбаеваның туған ағасы. Әкесі жиырма жылдан астам уақыт Алматыдағы аграрлық университетті басқарған Тілектес Есполов. Бірақ журналист Гүлжан Ерғалиева Айдос Есполов Әсел Құрманбаеваның туған ағасы деген ақпаратты жоққа шығарып, Facebook желісінде жазба жариялады. Онда ол екеуінің ата-анасы мүлде басқа адамдар екенін айтады.
«Әсел Құрманбаева (бұл – анасының тегі), ал әкесінің жағынан Исабаева, мұны мен нақты білемін. Бірақ Назарбаевтың 17 жастағы сұлу қызға көңілі ауған кезде, оның қарапайым отбасынан шыққаны ұнамаған. Тілектес Есполов – қамауда отырған Айдос Есполовтың әкесі, “Нұр-Отанның” белсенді идеологтарының бірі болған. Мен жалпы түсінбеймін: Әсел қалайша Есполовтың «қызы» болып шықты? Өйткені Есполовтың Әсел дүниеге келгенге дейін де, одан кейін де өзінің заңды әйелінен туған балалары бар. Әселдің әкесі басқа», – деп жазды ол.
2021 жылы Тілектес Есполовтың өзі “Азаттық” радиосына Әсел Құрманбаеваның әкесі екенін айтқан.
«Біз бәріміз бала өсіріп отырған адамбыз. Ұлттың намысын қорғап отырған адамбыз. Мен әкесімін, ұстазбын, ғалыммын», – деген сол уақытта Тілектес Есполов.
БАҚ пен ашық дереккөздерде Айдос Есполовты Еуразия технология университеті мен Alatau Asset Management Company құрылтайшысы деп айтылады. Бұдан бөлек, ашық дереккөздерде Айдос Есполовтың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаевтың үлкен қызы Гүлмира Назарбаевамен некеде болғаны туралы айтылады.
«Астана ЭКСПО 2017» төңірегіндегі дау
«Астана ЭКСПО 2017»-дағы жемқорлық дауымен 14 жылға сотталған компания басшысы Талғат Ермегияевтың орынбасары болған Мұрат Омаров биыл сәуірде Ulysmedia-ға сұхбат берген. Ол онда ЭКСПО нысандарын салу барысында мердігерлерді Айдос Есполов таңдағанын, сондай-ақ қылмыстық іс аясында бұрынғы бас прокурор Қожамжаровтың рөлі мен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мүддесі туралы айтқан болатын. Омаровтың өзі осы іс бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
«Мердігер компаниялар барлығын Есполов шешеді деп, манипуляция жасамақ болды. Ермегияев бұл туралы Назарбаевтан сұрағанды. Ол: «Мердігерлермен кеңесші айналысады, оған кедергі жасамаңдар», – деп жауап берген. Сол себепті біз Есполовқа мән беруді доғардық, өйткені оның Назарбаевтан тікелей алған тапсырмалары бар деп ойладық. Ол кейде офиске келіп жүретін, кейде ұзақ уақыт көрінбей кететін. Біз онымен тығыз байланыс жасаған жоқпыз. Бірақ мәселе басқада, ЭКСПО құрылысын қылмыстық процеске айналдыру, оны барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, тіпті халықаралық деңгейде кеңінен жариялау Назарбаевтың шешімі болған», – деген сұхбатта Мұрат Омаров.
Ол сұхбатта өзіне және Талғат Ермегияевке жала жабылғанын айтып, өзіне шыққан сот үкімімен де, тағылған айыппен де келіспеген.
Депутаттық сауал
Осы сұхбаттан кейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи парламентте Есполовтың «Астана ЭКСПО-2017» басшысының кеңесшісі қызметінде жүріп пара алғанын, алайда істе тек «анықталмаған тұлға» ретінде ғана көрсетілгенін айтып, депутаттық сауал жолдаған. Іс бойынша жаңа деректердің пайда болуына қатысты үкімді қайта қарауға шақырған.
Сол уақытта парламентте Есполов қылмыстық істің фигуранттары қатарынан сол кезде премьер-министр болған Кәрім Мәсімов пен «антикорды» басқарған Қайрат Қожамжаровтың көмегімен алынып тастағаны туралы айтылған.
Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін «мемлекетке сатқындық жасады» деген айыппен 18 жылға сотталған. Ал Қайрат Қожамжаровтың үстінен «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру» дерегі бойынша іс қозғалған. БАҚ-та оның Мәскеуде тұрып жатқаны, Ресей азаматтығын алғаны туралы айтылған.
«Айдос Есполовты соттың кезінде жауапқа тарту керек еді»
Депутат Ермұрат Бапи Ulysmedia-ға Айдос Есполовтың ұсталғаны туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан естідім деді. Ол іске қатысты қолында әзірге қандай да бір дерек жоғын айтты.
«Мен ойлаймын, негізінде Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне қатысты тағы да бір нақты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіле бастады ма деген үмітім бар. Айдос Есполовтың қамалуы мына ЭКСПО мәселесіне байланысты ғой. Егерде шында да осыған қатысты және де Талғат Ермегияевтің сотталуына қатысты қайтадан істі қарау қолға алынатын болса, бұл әрине елдегі әділеттілік деректерін қалпына келтіру тұрғысында нақты әрекет пе деп үміттенемін», – деді депутат.
Ермұрат Бапи Айдос Есполовқа қатысты деректер бойынша оны сол уақытта жауапқа тарту керек еді деп есептейді.
«Мұрат Омаровтың сұхбатында айтылатын деректермен салыстырып қарайтын болсақ, әрине Айдос Есполовты жауапқа тарту керек еді. Оны анау соттың кезінде жауапқа тарту керек еді. Оны сот жауапқа тартпады. Егер іс қайтадан қолға алынғаны рас болса, онда тек ғана Есполовқа ғана қатысты емес, жалпы, сол кезде сотталған азаматтарға қатысты іс қайтадан қаралу керек деп есептеймін», – дейді Ермұрат Бапи.
Бас прокуратура жауабы
Бас прокуратура биыл жазда депутаттық сауалға «Астана ЭКСПО-2017» ісі бойынша шыққан үкімді қайта қарауға негіз жоқ деп мәлімдеген және ЭКСПО қаржысының жымқырылуы бойынша «аты аталмаған тұлғаларға» қатысты тағы бір қылмыстық іс антикордың өндірісінде екенін айтқан.