×
519.61
610.13
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.61
610.13
6.54

Диссиденттің өкініші, саясаттанушының уәжі: Алматыда Мирболат Мырзатайұлының жақтастары тағы да жиналды

Диссиденттің өкініші, саясаттанушының уәжі: Алматыда Мирболат Мырзатайұлының жақтастары тағы да жиналды
ulysmedia.kz коллажы

Биыл қарашада «Араздық қоздыру» бабымен 4 жылға сотталған белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлының жақтастары Алматыда тағы да баспасөз мәслихатын өткізді. Жиналғандар белсендінің жазықсыз сотталғанын айтып, оны босатуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Әңгіме бапта емес, мемлекеттің өзінде болып тұр»

17 желтоқсанда Адам құқықтарын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатына Мирболат Мырзатайұлының туыстары және жақтастарымен қатар саясаттанушы Дос Көшім мен қоғам қайраткері, диссидент Хасен Қожахмет қатысты.

Дос Көшімнің сөзінше, құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам арасында дау болған ҚК 174-бабын қазір қазақ ұлтшылдарына қарсы қолдану тенденциясы байқалады деді. Оның сөзінше, мұндай баптың болғаны дұрыс, бірақ ондағы көрсетілген шарттар нақты көрсетілмеген.

«174-баптың керегі бар. Себебі біреудің ұлтына тигізге сөз міндетті түрде жауапкершілік арқалауы керек. Бірақ әңгіме сол 174-баптың нақты шарттары жоқ. Қандай мәселе, қандай шеңберде ішіне кірген уақытта сол 174-бапқа байланысты сотталуы керек деген. Сот және сарапшылар өкінішке орай, биліктің айтқанымен істейтінін біз жақсы білеміз. Сондықтан 174-бапты қазақтарға және қазақ ұлтшылдарына көбірек қолданып жатқан себебі әңгіме бапта емес, әңгіме соны бағыттайтын азаматтарда, мемлекеттің өзінде болып тұр», – деді ол.

Фото: Ulysmedia.

Қарашаның басында Қарағанды соты Threads платформасында қазақтар мен мұсылмандарға тіл тигізген 22 жастағы Алика Мұхамадиеваны «ұлтаралық және діни араздықты қоздырғаны үшін»айыпты деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырған. Сот Мұхамадиеваның екі жасар баласы барын, айыпталушының сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өз ісіне шын жүректен өкінгенін ескеріп, оның жаза өтеу шарасын кейінге қалдырды.

Бұған дейін, Ulysmedia даулы 174-бап және мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның «қызыл сызық» туралы айтқаны жөнінде жазған. Сол уақытта мәжіліс депутаты Абзал Құспан былай деген:

«Шет-жағасын естіген әңгімем, Ресейде қазақтарға қарсы мәлімдемелердің барлығына тыйым салу туралы Ресей жағы міндеттеме алған. Қазақстанда дәл осындай ұлттық мәселелер, оның ішінде Ресейге қарсы немесе басқа да ұлттарға қарсы «әркім өзінің тентегін өзі тыйуға» байланысты келісімге қол жеткізілген сияқты. Бірақ нақты құжатқа қол қойылды деп айта алмаймын», – дейді депутат.

Дос Көшімнің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлының үстінен іс қозғауға себеп болған әлеуметтік желіде жарияланған видеода айтылған сөздер ешқандай ұлтараздықты қоздыруға жатпайды.

«Мирболаттың айтқан сөздерін мен әдейі жазып алып шықтым. Барлығымыз оны ой елегінен өткізіп көрейік. Біріншісі: «Басшылық орында отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз». Бұл жерде қандай ұлтаралыққа қатысты сөз бар? Екіншісі: «Мемлекеттік тілді неге білмейсіз?». Үшіншісі: «Сіз білуге міндеттісіз». Жалпы біздің Конституциямызда «мемлекеттік тілді білу парыз» деген. Бірақ 2010 жылы «Ел бірлігі» деген доктрина жазылды. Айқайлатып, әйтеуір тоқтады. Содан кейін өзіміз жазып шықтық. Сол уақытта «Мемлекеттік тілді білу парыз және міндет» деген сөзді қостық. Мен өзім автор ретінде қостым, ол кірді. Сондықтан ол міндет...», – деді Дос Көшім.

Қоғам қайраткері, диссидент Хасен Қожахмет. Фото: Ulysmedia.

Диссиденттің өкініші

Хасен Қожахмет Cовет заманынан бері қазақ тілі мәселесі шешілмей келе жатқанына күйіне сөйледі.  Ол сол заманда өзінің тіл үшін сотталғанына тоқталып, өкінішін білдірді.

«Не үшін сотталдым мен үш рет. Өкінемін мен. Анамды зарлатып, жылатып. Бала-шағамды жетім, әйелімді жесір қалдырып. Масқара. Біз айқасып, сотталып жүрміз...», – деді Хасен Қожахмет.

Оның сөзінше, Қазақстанда іс жоғарыдан соғылған қоңырау арқылы қозғалады. Хасен Қожахмет «Мирболат Мырзатайұлының ісінде жәбірленуші болмаса қалай іс қозғалады?» деді.

«Сондықтан оны мемлекеттің өзі қозғап отыр. Желтоқсан кезінде бізге де жапты ғой өздері. Ешкімді ұрған жоқпыз біз Желтоқсанда. Шықтық, өз ойымызды айттық. Бұл баяғы тоталитарлық режимнің... Телефон арқылы жоғарыдан бұйрық береді «мынаны қайтсең де сотта» деп. Сол баяғы, түкте өзгерген жоқ. «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп, бұрынғы «Жаман Қазақстанға» жете алмай қалдық. Мынау қорлау», – деді ол.

Гүлшат Бишиуинова. Фото: Ulysmedia.

Мирболат Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинова күйеуіне адвокаттары аптасына екі рет барып тұратынын айтты. Оның сөзінше, қазір ол бірінші сатыдағы сот материалдарымен танысып жатыр. Суық камерадан түрме әкімшілігі басқа камераға ауыстырған.

Гүлшат Бишуинова Мирболат бірінші инстанциядағы сот материалдарымен танысып болғаннан кейін апелляциялық сот болатынын айтты. Әзірге оның уақыты белгісіз деді.

Баспасөз мәслихатына келген белсенділер Мирболат Мырзатайұлының суретін ұстап отыр. Фото: Ulysmedia.

Контекст

13 қарашада Алматының Медеу ауданының №2 соты Мирболат Мырзатайұлын ҚК 174-бабының 1-бөлігі «Алауыздық қоздыру» бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Мирболат Мырзатайұлының өзі тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. 

Айыптау актісіне сәйкес, биыл сәуірде Алматыдағы қоқыс тазалайтын мекемелердің бірінде мекеме басшысы мен блогер арасында қазақ тіліне қатысты кикілжің болған. «Басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз», «дереу орныңызды босатуды талап етеміз»деген сияқты тіркестер кездеседі. Блогердің бұл видеосы Instagram желісінде жарияланған.

54 жастағы Мирболат Мырзатайұлының туыстары қыркүйектің 2-інде оның жоғалып кеткенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Кейіннен оны полиция ұстағаны белгілі болған.

Серіктес жаңалықтары