Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасының әкімшілігі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Бақытжанов есімді әлеуметтік желі қолданушысы жазған.
- “Бұл жерде ешкімнің қазақ тілінде сөйлемеуі проблема ма не? Осы сөзді мен Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасының әкімшілігінен естідім. Әкімшісінің есімі — Елена. Мен өте сабырлы түрде бір ғана сұрақ қойдым: мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма деп. Жауап ретінде — боқтық, қорлау жәнеде кейін артынан мынадай да сөздер айтылды: — «Мен КСРО-да туғанмын және қазақ тілінде сөйлеп, қызмет етуге міндетті емеспін. Маған қазақ тілі керек емес”, – дейді автор.
Оның сөзінше, Елена мәселені шешудің орнына арандатып, жанжалды ушықтыра түскен.
- Осы арандатулардан кейін мен болған жағдайды телефонға түсіре бастадым.Тіпті мені қуып шығаруға тырысып, физикалық әрекетке дейін барды.Одан кейін полиция шақырылды. Соның салдарынан мен шамамен 3 сағат уақытымды жоғалттым, ал туристерім суықта мені күтіп қалды, – дейді жазба авторы.
Оның айтуынша, оқиғаны растайтын видео бар, сондай-ақ бәрін растай алатын басқа куәгер де бар.
- Бұл жағдай кез келген жерде емес, еліміздің имиджі қалыптасатын туристік аймақта болды.Мемлекеттік тілді қорлау — бұл жеке пікір де, ұсақ мәселе де емес. Мұндай жағдайға көз жұма қарауға болмайды, – дейді автор.
ПІКІР
Мейрамхана бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желіде ресми түсініктеме берген болар деген оймен парақшаларын шолдық. Алайда олар желідегі парақшаларын жауып тастаған. Сондықтан мейрамхананың өзімен тікелей байланысуды жөн керек, Whatsapp арқылы байланыстық. Материал жарияланған уақытта ресми пікір әлі берілмеген еді.
ХАЛЫҚТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Тіл мәселесі жазба авторының парақшасында қызу талқыға түсті. Халық мейрамханаға бойкот жариялап, әкімші Еленаны жұмыстан шығаруды сұраған.
- Шымбұлақтағы Custo мейрамханасының әкімшілігінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне ашық түрде құрметсіздік танытқаны үшін әкімші Еленаны қызметтен шеттетуді сұраймыз.

- Шын мәнінде қазір тек қазақша сөйлеп, қазақша ойланатын қазақтар көп. Басқа тілді білмейді. Сонда олар өз елінде қалай өмір сүруі керек?

Бұл жайтқа қатысты адвокат та пікір білдірген. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылатынын атап өткен.
- Алайда баршаға нақты әрі түсінікті түрде қай салаларда қазақ тілін білу міндетті екені айқын түсіндірілуі тиіс. Бұл – мемлекеттік қызмет, ресми құжат айналымы сияқты салалар. Ал қызмет көрсету, сауда, медицина және өзге де салаларда екітілді форматқа жол берілуі мүмкін. Сондай-ақ, мұндай мекемелердің иелері мен басшылары бұл талаптарды өз қызметкерлеріне қатаң түрде түсіндіруге міндетті. Өкінішке қарай, кей жағдайда осы талаптардың өзін мекеме басшыларының өзі сақтамай жатады.

МЕЙРАМХАНА ТУРАЛЫ
Айта кетейік, Gusto Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан мейрамхана. Мәзірі еуропалық және италиялық.