Аты шулы салық кодексі, бір палаталы парламент, Шерзат Полаттың соты, Реал Мадриттің ойыны, дрондар шабуылы, шахтадағы апат, АЭС құрылысы және сотталған белсенділер. Биылғы жыл қазақстандықтар үшін несімен есте қалды?
Даулы салық кодексі
18 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев аты шулы жаңа салық кодексіне және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеруді, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 40 млн теңге) төмендетуді, сондай-ақ өзге де бірқатар маңызды өзгерістерді көздейді.
Жаңа салық кодексі азаматтық қоғам мен бизнес өкілдері тарапынан сынға ұшырады. Сарапшылар қосымша құн салығын арттыру орта-шағын бизнеске ауыр соққы болатынын ескертті. Оның соңы қарапайым тұтынушылардың қалтасын келіп қағатынын айтты.
Фото: primeminister.kz
Бір палаталы парламент және кезекті конституциялық өзгеріс
8 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында парламентті бір палаталы ету жөнінде ұсыныс айтты. Президент бұл мәселе бойынша 2027 жылы референдум өткізуді ұсынды
Ол парламенттік реформаны іске асыру үшін Конституцияға бірқатар түзетулер енгізу қажет болатынын мәлімдеді.
«Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», – деді Тоқаев.
2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда сайлау реформасы қажет деген талаптар жиі айтылған. Ақырында заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылы наурызда өткен мәжіліс сайлауына партиялық тізімге қоса бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатысқан. Сол кезде Ақорда мәжілістегі 98 депутаттың 29-ы бір мандатты округтерден сайланғанын заман талабына сай жасалған реформаның жемісі деп дәріптеген.
Саясаттанушылар мен азаматтық қоғам өкілдері «егер шынайы оппозициялық партиялар тіркелмесе, бір палаталы парламент жасақтау саяси реформаның имитациясы ғана болып қалады» деп есептейді. Олар ең алдымен елде шынайы саяси реформа жасалуы қажет дейді.
АЭС макеті. Фото: Курсив
АЭС құрылысы және белсенділер соты
Маусым айының ортасында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалғаны белгілі болды. Ал Қытайдың CNNC (China National Nuclear Corporation) корпорациясы елде салынуы мүмкін тағы бір АЭС жобасы бойынша консорциум басшысы болатыны хабарланды.
Тамыз айында алғашқы атом электр станциясының құрылысы 14–15 миллиард АҚШ долларына бағаланатыны айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салуға қосымша 1 миллиард доллар бөлінетіні хабарланды. Бұл ақпарат Алматы облысындағы Үлкен ауылында АЭС құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсім барысында жарияланды.
26 тамыз күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендіге үкім шығарды. Судья Ернар Қасымбеков белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковтың бас бостандығынан төрт жылға шектеп, оларға бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды.
Былтыр АЭС референдумы қарсаңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстаған. Оның бесеуі сот қаулысымен қамауға алынып, қалғаны босатылды.
2024 жылы 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызыдан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Тәуелсіздік бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген.
АЭС-ке қарсы бес белсендінің соты. Фото: Ulysmedia.
Каспий құбыр консорциумына шабуыл
29 қарашада Украина дрондары Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалына шабуыл жасады. Қазақстанның мұнай экспортының шамамен 80 пайызын осы терминал қамтамасыз етеді.
30 қарашада Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаға наразылық нотасын жолдады. Астана болған оқиғаны азаматтық нысанға жасалған үшінші агрессиялық акт деп атаған. Киев дрон шабуылы Қазақстан немесе өзге тарапқа бағытталмағанын, Ресей агрессиясына қарсы өзін-өзі қорғау әрекеті екенін мәлімдеген.
9 желтоқсанда сыртқы істер министрлігінің (сол кездегі ресми өкілі) Айбек Смадияров КҚК байланысты Украина тарапымен талқылаулар болғанын айтты.
Фото: Ашық дереккөз
«Жомарт» кенішіндегі апат
17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойды. 18 ақпан күні таңертең төтенше жағдайлар министрлігі жетеуі де қаза болғанын, құтқарушылар оларды шахтадан алып шыққанын хабарлады.
Кейіннен жеті адамның өмірін қиған апатқа метан газының жарылуы себеп болғаны айтылды. Кеніш жұмысы 16 маусымда қайтадан жалғасты.
Желтоқсанның басында «Қазақмыс» корпорациясы акционерді өзгерту рәсімін бастағанын жариялады. Компания «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін бақылауды жаңа инвесторға өткізіп беру жөніндегі негіздеме келісіміне қол қойғанын мәлімдеді.
Келісімге «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімі бойынша қол қойылған. Сол уақытта БАҚ-та «Қазақмыс» құрылыс және девелопмент саласындағы Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаған әрі иесі 50 жастағы Нұрлан Артықбаевқа сатылатыны айтылған. Бүгін, 31 желтоқсанда оның «Қазақмыс» корпорациясының активтерін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтағаны хабарланды.
Скриншот
Шерзат Полаттың соты
5 маусымда Талғарда кісі қолынан қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың сотында үкім оқылды.
Іс бойынша күдікті деп танылған Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Шыңғыс Белғожаев 7 жылға, Дархан Әскентай 7 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға (бұрынғы 2,5 жылға шектеу жазасын қосқанда), Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға (бұрынғы жазасын бірге қосқанда), Дидар Қалиахмет 7 жылға сотталды.
Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыстық кодекстің 434-бап бойынша (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) 1,5 жылға сотталып, 27 шілдеде бостандыққа шықты.
Қайрат пен Реал Мадридтің ойыны
30 желтоқсанда Алматының Қайрат футбол командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Испанияның Реал Мадрид командасын қабылдады. Ойын 0-5 есебімен аяқталды. Бірақ Алматыға Реал Мадрид командасының келуі футбол жанкүйерлері үшін үлкен жаңалық болды.
Қазақстанда да «Реалдың» жанкүйерлері өте көп. Құрамында Килиан Мбаппе, Винисиус, Джуд Беллингем, Тибо Куртуа, Арда Гүлер сынды футбол жұлдыздары бар. Осы факторлардың барлығы "Реалмен" ойынға деген қызығушылықты арттырды. 23 мың орындық стадионға билет те бірнеше сағатта сатылып кетті. Билет саудаға шыққанда сайттарда 200 мыңдай адам кезек күтіп отырды.
Ойыннан кейін кездесуді ұйымдастыру мен билет бағасына қатысты сын көп болды. 300-400 мыңға билет алған жанкүйерлердің кейбірі стадионға кіре алмай қалғаны айтылды. Ойын күні стадион алдында ине шаншар жер болмады. Алып сатарлар билет бағасын 700 мыңға бірақ шарықтатты.