×
510.95
594.49
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.95
594.49
6.5

«Бір палаталы парламент: ол қалай болуы керек?»: Азаматтық қоғам көзқарасы қандай?

«Бір палаталы парламент: ол қалай болуы керек?»: Азаматтық қоғам көзқарасы қандай?
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда бір топ саяси белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері «Бір палаталы парламент – ол қалай болуы керек?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жиынға қатысушылар арнайы қарар қабылдап, алдағы болатын саяси науқанға ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Парламент мажоритарлық жолмен жасақталуы керек»

Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы Есенғазы Қуандық пен экономист-қаржыгер Нұртаза Қадірниязов баяндама жасады.

Есенғазы Қуандық бір палаталы парламент мәселесі бұрыннан бері айтылып келе жатқанын айтты. Бірақ оның тек партиялық тізіммен жасақталуы дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, елде тәуелсіз, шын мәніндегі оппозициялық партия жоқ.

«Парламент жасақталған кезде бұл мажоритарлық жолмен өтуі керек. Партиялық жүйе бізде әлі пісіп, жетілмеген... Бір партиялы жүйе ол –тоталитарлық қоғамның белгісі. КПСС деген болды. Германияда болды. Қазіргі де біздің «Аманатта» бір партиялы жүйеге сай... Партия оңшыл, солшыл, центрист болады. Оңшыл партия ол биліктің айтқанын орындайтын, консервативті, қазіргі билікті сақтап тұратын, өзгертуді қаламайтын партия. Ал солшыл партия бұл өзгерістерге дайын, халықтың мүддесін қолдайтын, жаңа радикалды партия. Центристік реформа арқылы ғана өзгерісті қалайды. Міне партия дегеніміз. Қазір парламенттегі депутаттар бұл мәселені бұрмалап, басқаша көрсетіп отыр», – деді ол.

Есенғазы Қуандық бір палаталы парламент 70 пайыз мажоритарлық, 30 пайыз партиялық тізіммен жасақталуы керек деп есептейді. Ол партия тіркеу, сайлау туралы заңдарды өзгерту керек дейді. Сөзінше, билік 2023 жылы 30 пайыз мажоритарлық жүйені енгізіп, енді содан өздері бас тартып отыр деп сынай сөйледі.

«70 пайыз мажоритарлық жүйемен парламент жасақтау қауіпті»

Өзін депутат Ермұрат Бапидің қоғамдық кеңесшісімін деп таныстырған Жарқын Күрентаев Есенғазы Қуандықтың айтқан уәждерімен келіспеді. Ол 70 пайыз мажоритарлық жүйемен парламент жасақтау қауіпті екенін айтты.

Ал «Дат» газетінің бас редакторы Құтмағамбет Талапбайұлы жиналғандармен келіспей, залдан шығып кетті. Ол дөңгелек үстел «Дат» медиа жобасы аясында ұйымдастырылғанын айтып, газетті баяндама жасаушылар өз мақсаттарына пайдалануға жол бермейтінін айтты.

«Егер біз мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттарды көбейтсек, ертең бізде қауіпсіздік мәселесі туындайды. Себебі солтүстіктегі сегіз облыста басқа ұлттар өздерінің адамдарын парламентке енгізсе, біз өз мемлекетімізден айырыламыз. Сондықтан содан абай болуымыз керек. Сондықтан не үшін барлық жерде партия-партия деп жатыр. Ең басты мәселе – ұлттық қауіпсіздік. Себебі бізде солтүстікте жеті жарым мың шақырым шекараның тек ғана 500 шақырым жері ғана шекара бекетімен жабылған. Жеті мың шақырым бізде ашық. Мен тек ғана солтүстікті айтып отырмын», – деді Жарқын Күрентаев.

Бірақ ол мажоритарлық жүйеден түбегейлі бас тарту керек деген сөз емес деді. Оның сөзінше, парламентте бір мандатты округтен сайланатын депутаттар 50 пайыздан төмен болуы керек.

«Партия құруына мүмкіндік берсін»

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы бұл пікірге қарсы шықты. Ол «бұл биліктің бұрыннан келе жатқан саясаты» деді.

«Ұлттық құрамы жағынан алып қарағанда қазақтың саны қанша? 70 пайыздан асты. Ал басқалары аз. 70 пайыз қазақ бар. Демек, қалған 30 пайыздан қорқатын ешнәрсе жоқ. Сайлау округтерін халықтың санына қарай бөлу керек. Сонда мына қазақтар көп, сөз жоқ, әр жүз мың адамға бір депутаттан деп алса, шартты түрде. Сонды 70 пайызға қанша депутат сайланады, 30 пайызға қаншасы сайланады? Нені бүлдіріп қояды? Бұл қорқақтық. Жаңағы жеті жарым мың шақырымды депутаттар барып қорғамайды. Оны қорғайтын біздің әскеріміз, халқымыз, экономикамыз ең алдымен және мемлекет басшысының салиқалы саясаты, жалтақ саясаты емес», – деді ол.

Рысбек Сәрсенбайұлы да сенатты таратып, бір палаталы парламент жасақтау бастамасы жаңалық емес, бұрыннан бері ел ішінде айтылып келе жатқан дүние деді. Оның сөзінше, сенат президент билігін сақтау үшін құрылған жасанды институт болған.

«Партия бізде қазір жоқ. «Аманатта» партия емес. Ол «Отан» болды, «Нұр Отан» болды, енді алда «Қағанат» бола ма құдай біледі. Ол және бұрынғы Асар-пасар сияқты отбасылық партияларды жұтып қойған, солардың идеясын, солардың платформасын алған партия. Одан басқа қай партияны айтасыздар? Еске алып қараңыздаршы, Перуашев басқаратын партия ма, Назарбаев кеткен кезде көзіне жас алып кемсеңдеп тұрған. Кез келгенін алып қараңыздар, оңған бір партия жоқ. Сондықтан бұл партияларды тарату керек. Басқалардың партия құруына мүмкіндік берсін. Бірдей мүмкіндік берсін», – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Бұдан бөлек, ол жаңа конституция қабылдап, заңдарды өзгертпесе алдағы болатын сайлаулардың барлығына бойкот жариялау керек деді.

Әкімдерді сайлау, парламенттік реформа, мажоритарлық жүй

Нұртаза Қадірниязов ауыл, аудан әкімдерін сайлауды әрі қарай да жалғастыру керек деді. Ол мұны үлкен саяси реформа деп бағалады. Сөзінше, биліктің одан бастарту қате бастама. Саяси реформаны тежеу.

Жеті талаптан тұратын қарарды оқыды. Оның ішінде бір палаталы парламент 70 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша жасақталуы тиіс деген сияқты талаптар бар.

«Болашақтағы мәжіліске мажоритарлық жүйемен сайланатын депутаттардың үлесі 70 пайыз болсын. Ауыл, аудан әкімдерін сайлау одан әрі жалғасатын болсын. Ірі компаниялар мемлекет меншігіне қайтарылсын. Мемлекет үшін тиімсіз келісімшарттар қайта қаралсын», – деді ол қарар талаптарын оқып.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жиын соңында қарарды қабылдап, депутаттар мен президентке жолдайтындарын айтты.

Контекст

Былтыр қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолауында сенатты қысқартып, бір палаталы парламент жүйесіне көшу бастамасын көтерген. Президент 2027 жылы парламенттік реформа жөнінде жалпыұлттық референдум өткізіп, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынған.

«Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», - деген президент.

Қазақстанда қос палаталы парламент елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес құрылып, алғашқы құрамы 1996 жылы сайланған. Содан бергі өткен уақыт ішінде құрамы сегіз рет жаңарған сенат 50 депутаттан тұрады: 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама жолмен сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда сайлау реформасы қажет деген талаптар жиі айтылды. Ақырында заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылы наурызда өткен мәжіліс сайлауына партиялық тізімге қоса бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатысқан. Сол кезде Ақорда мәжілістегі 98 депутаттың 29-ы бір мандатты округтерден сайланғанын заман талабына сай жасалған реформаның жемісі деп дәріптеген.

Қазақстанда жақын арада Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтуі мүмкін. 20 қаңтарда өтетін Ұлттық құрылтай жиынында бір палаталы парламентке көшуге байланысты жалпыұлттық дауыс беру өтетін күн белгіленуі ықтимал.

Тоқаевтың былтыр күздегі жолдауынан кейін Конституцияға енгізілетін түзетулер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған. 12 қаңтарда президент мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және өз көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, олар парламенттік реформаны даярлаудың барысы жайлы баяндаған.

Конституцияға енгізілетін болашақ өзгерістердің нақты сұлбасы әзірге белгісіз. Қандай баптар және қалай өзгертілетіні де әзірге анық емес. Жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында президент Тоқаев «жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады» деп мәлімдеген.

Кейбір саясаттанушылар Конституцияны кезекті рет түзеп-күзеу президент лауазымындағы өкілетті мерзімі 2029 жылы аяқталатын Тоқаевтың билікте қалу мерзімін ұзартуды көздеген шара болуы мүмкін деген болжамдар айтады. Бұдан бөлек, қазіргі президентке парламент спикері ретінде шешуші рөл берілетін жаңа саяси конфигурация жасалуы мүмкін деген болжамдар да бар.

Серіктес жаңалықтары