×
503.17
600.89
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.17
600.89
6.63

«Күйеуі пышақтап өлтірді»: Тұрмыстық зорлық-зомбылық неге азаймай тұр?

«Күйеуі пышақтап өлтірді»: Тұрмыстық зорлық-зомбылық неге азаймай тұр?
Фото: Азаттық радиосы

Кейінгі бірнеше күнде Қазақстанда жақынының қолынан пышақталып, қаза болған әйелдердің оқиғалары жиіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілікті күшейтетін заң қабылданса да бұндай қылмыстар неге азаймай тұр?

Талғарда ер адам әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірді, Шымкентте 21 жастағы студент қызды танысы көшеде пышақтап өлтірді, Жаңаөзенде жеті баласы бар ананы күйеуі пышақтап өлтірді...

Бұның барлығы осы айдың ішінде болған қанды оқиғалар. Осы жағдайлардың барлығының ортақ сипаты – зорлықтың қатігездікпен жасалуы.

2024 жылы Қазақстан билігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң талабын күшейтті. Парламент тұрмыстық зорлықты қылмыстық жазаға алмастыратын түзетулер қабылдады. Оған президент қол қойды. Бұл заң қоғамда үлкен резонанс тудырған әйелі Салтанат Нүкенованы қатігездікпен өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сот процесі өтіп жатқан тұста қабылданды. Бишімбаев сот үкімімен 24 жылға сотталды.

«Не МолчиKZ» қорының негізін қалаушы, құқық қорғаушы Дина Смайлова заң қабылданғанымен, ол жұмыс істемейді дейді. Сөзінше, полиция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа келгенде әрекетсіздік танытуда. Жергілікті учаскелік полицияның өзі көп жағдайда жәбір көрген әйелдің емес, агрессордың жағына шығады.

«Әйелдердің құқықтық сауаттылығы, заңдағы олқылықтар сияқты мәселелер бар. Бірақ бұл жерде мәселенің түп-төркіні бірінші кезекте полицияның әрекетсіздігінде. Бұл жерде тек ғана құқық қорғау жүйесін ғана емес, сот, жергілікті әкімдіктер, отбасын қолдау орталықтарын да айтуға болады. Қыруар қаржы бөлініп жатыр, бірақ нәтиже жоқ», – дейді ол.

Былтыр шілдеде ішкі істер министрлігі кейінгі үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер саны 35%-ға азайғанын айтқан.

«2025 жылдың басынан бергі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеу байқалады. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 34,9%-ға қыс­қарған», – деген министрлік шілдедегі есебінде.

Дина Смайлова жәбір көрген әйелдер көп жағдайда полицияға шағымданудан қорқады дейді. Айтуынша, полиция қазір елдің алдында жазалаушы орган ретінде қалыптасып кеткен.

«Былтырғы жылғы статистиканы қараңызшы, 3500 астам іс ұрып-соғу бабы бойынша қозғалған. Оның ішінде 186 іс бойынша айыппұл салынған. 200-і қоғамдық жұмысқа тартылған. Тек 28 адам ғана сотталған. Неге олай? Өйткені заңды қабылдағанда барлығы бізге айтты, бұл заң жұмыс істемейді. Себебі түрмеде орын жоқ деп. Міне енді заң жұмыс істемей тұр», – дейді Дина Смайлова.

Қазақстандық әйелдер көп жағдайда өзінің серіктесінен озбырлық көреді, тек 12%-ы ғана басқа адамдардың зорлығына ұшырайды. 2024 жылы Қарағанды медицина университетінің профессорлары зерттеу жүргізіп, осындай қорытынды жасаған.

Бүкіл әлем елдеріндегі сияқты, Қазақстанда да үйдегі зорлықтан көбінесе әйелдер зардап шегеді. Тек ресми деректің өзі 18 жастан 49 жасқа дейінгі әрбір алтыншы қазақстандық қыз-келіншек өмірінде кемінде бір рет жыныстық зорлық көретінін немесе таяқ жейтінін көрсетіп отыр. 

Серіктес жаңалықтары