×
472.68
466.91
8.01
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.68
466.91
8.01

АЭС салуды халық өзі қалайтындай жағдайға жеткізе ме?

23.02.2022, 14:28
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстан билігі атом электр станциясын салуға қатысты референдумға халықты қазірден дайындауға кіріскен сияқты. Бұл тұрғыда фокус ретінде халық тығыз орналасқан оңтүстік аймаққа ерекше назар аударылуы мүмкін.

ТОҚАЕВТЫҢ ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ МӘЛІМДЕМЕСІ 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы бойынша референдум өткізілетіні жайлы алғаш 2019 жылдың маусым айында айтты.

 - Атом электр станциясын салу әлі нақты жоспарланбаған. Қажет болса, біз бұл мәселені халықпен талқылаймыз. Қажет болса, референдум өткіземіз, - деді ол.

Қазір үкіметтегілер бұл мәлімдемені еске алғысы келмейді. Ал АЭС қажеттігі туралы ақпарат құдайдың құтты күні тарап жатыр. Мемлекет басшысы Қазақстанға «таза атом энергиясы» қажеттігін айтып, шынайы экономикалық ахуалды  түсінбейтін популистердің жетегінде кетпеуге шақырды. Жауапты тұлғаларға халыққа АЭС-тің маңызын түсіндіруді жүктеді.

БІРІН БІРІ ҚАЙТАЛАҒАН МИНИСТРЛЕР

14 ақпанда Энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС туралы тағы да сөз қозғады. Ол электр энергиясының тапшылығын, көмір генерациясының төмендеуін және көміртегіден азат болу  трендін ескере отырып, Қазақстанда атом станциясының құрылысы неғұрлым оңтайлы шешім екенін мәлімдеді. Алайда, министр былтыр энергия тапшылығы болжанса да, елде жаңа ірі тұтынушылар – майнерлерге жұмыс істеуге жол ашқандары туралы тіс жармады. Оның алдында Мағзұм Мырзағалиев те Қазақстанда АЭС салу баламасы жоқ шешім деп мәлімдеді.

Ақшолақов 14 ақпанда өткен брифингте АЭС құрылысының қажеттілігін түсіндіруге, оны салуға болатын жерлерге және бірлесіп салатын елдерге назар аударуға тырысты. Әңгіме Алматы облысындағы Балқаш жағалауындағы Үлкен кенті мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы туралы болып отыр.

Бұл ретте министр, егер қажеттілік болса, ҚР-да АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын тағы да айтты. Бірақ ол бірден энергетиктердің өздері АЭС қажеттілігіне күмәнданбайтынын атап өтті.

Энергетика министрлігі басшысының пікірінше, тұрғындар қоғамдық тыңдауларда өз дәлелдерін келтіре алады, ол жерде мамандар дайындаған АЭС жобасы ұсынылады. Яғни, Ақшолақов жоба дайын болған кезде, оны салу мен қаржыландыруға қатысатындар анықталғанда ғана талқылау басталатынын айтады. ҚР-да АЭС салу бойынша Ресей, Франция, АҚШ, ҚХР, Жапония және Оңтүстік Корея компанияларымен келіссөздер бар.

ТАПШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Энергетика министрлігі дайындаған 2035 жылға дейінгі болжамда Қазақстанда 17,5 ГВт жаңа энергия генерация енгізу жоспары бар. Оның ішінде ГЭС – 2,1 ГВт, газ станциялары – 5,1 ГВт, ЖЭК – 6,5 ГВт, көмір станциялары – 1,4 ГВт және АЭС – 2,4 ГВт.

Қазақстан бас серіктес ретінде кімді таңдайтынына қарамастан, АЭС құны бірнеше миллиард долларды құрайды. Егер ол Үлкен кентінде салынатын болса, онда Энергетика министрлігінің нұсқасы бойынша, бұл бүкіл Қазақстанның энергия жүйесінің жұмысын реттеуге көмектеседі. Өйткені, елдің оңтүстігінде қуат тапшы.

Халық санының өсуі, жұмыспен қамту проблемалары, жаңа кәсіпорындар - осының бәрі электр энергиясын тұтынудың өсуімен қатар жүреді.

Жел электр стансаларының ерекшелігі табиғи құбылысқа тәуелділігі. Өткен жылы Еуропа елдері бірнеше апта жел диірмендері «тыныш тұрғанда», қоймаларда сақталған газды қолдануға мәжбүр болды. Яғни, жел тұрмаса – энергия жоқ. Бұл жағдай Еуропада газ бағасының күрт өсуіне әкелді.

МАЙНЕРЛЕРДІ НАРЫҚҚА КІМ КІРГІЗДІ?

Айта кету керек, 2021 жылдың қаңтарында Энергетика министрлігі 2021-2027 жылдарға арналған есепте былтыр оңтүстік аймаққа қажет энергия мөлшері 4137 МВт (ең жоғарғы жүктеме 3830 МВт оған қоса қажетті қуат резерві 306 МВт), ал қолда бары - 1969 МВт (1966 МВт қолданыстағы станциялар және 3 МВт жаңа қуат көздері) деңгейінде екенін хабарлады. Тапшылық 2167 МВт құрады.  Ол солтүстік аймақтан жеткен (Солтүстік-Оңтүстік) 2100 МВт арқылы  жабылды, бірақ бәрібір 67 МВт тапшылық қалды.

Оңтүстікке 2100 МВт жөнелткен, солтүстікте небәрі 35 МВт артық қалған. Осыған қарап, елдегі энергетиктер 700 МВт-қа жуық тұтынатын майнерлерге жұмыс істеуге қалай рұқсат бергені таңқалдырады. Оған қоса 1000 МВт-тан аса тұттынатын «сұр майнерлер» тағы бар.

Яғни, майнерлер аса қажет жағдайда тұтынатын резерв есебінен жұмыс істеп отыр. Желілердің 80% - ға тозғаны, жаңа ірі тұтынушылардың қосылғаны апаттардың жиілеуіне әкелді. Тоқ сөніп қалатынды шығарды.

Мұндай шешім – немқұрайлылықтан, әлде қасақана қабылдануы мүмкін.  Әсіресе оңтүстік тұрғындары АЭС қажеттілігін сезінуі керек сияқты. Майшамға телміріп отырғандар референдум кезінде қандай шешім қабылдайтыны, айтпаса түсінікті.

БӘРІ 1997 ЖЫЛЫ БАСТАЛҒАН 

Қазақстандықтарды алаңдатып отырған тағы бір жайт-  «Росатом» компаниясымен ынтымақтастық.

Бірақ вектор бірнеше рет өзгергенінін атап өткен жөн. 2014 жылы Toshiba Westinghouse Қазақстандағы алғашқы АЭС үшін қуаты 1 ГВт AP-1000 үлгісіндегі ядролық реактор бере алатыны хабарланды. Сол кездегі Энергетика министрі Владимир Школьник бір блоктың құнын $3-4 млрд-қа бағалады, тіпті ол электр энергиясын Ауғанстан мен Пәкістанға экспорттау мүмкіндігін айтқан.

Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін талқылау белгілі афоризмді ескк түсіреді: алдымен сені елемейді, содан соң саған күледі,содан соң сенімен күреседі, соңында сен жеңесің. Атом электр станциясын салу идеясы қоғамға ауық-ауық айтылып тұрды, құлақ үйренгені сонша, қазір аса бір қорқыныш та жоқ секілді.  Оны алғаш 1997 жылы сол кездегі ғылым министрі Владимир Школьник ұсынған. 2008-2009 жылдары техникалық-экономикалық зерттеулер жүргізілді, нәтижелері бойынша АЭС орналасатын үш пункт ұсынылды: Үлкен кенті, Курчатов қаласы және Ақтау қаласы. 2010 жылы Владимир Школьник «Қазатомөнеркәсіптің» басшысы болған кезде ВБЭР-300 орташа қуатты реактор базасында Ақтауда АЭС салу жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісімін жасасу мүмкіндігі туралы бірнеше рет айтылған болатын. Сүңгуір қайықтарда қолданылатын бұл реактор аймақта жылу және электр энергиясы қажеттілігін қамтамасыз ете алатыны айтылды (300 МВт дейін). Үкіметаралық келісімге қол қою мүмкіндігі 2011 жылы да талқыланды.

2009 жылдың соңында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев Маңғыстау облысына энергия жеткізу қиын, электр желілері тұйыққа тіреледі, өңірде өзінің энергия көздері болуы тиіс деген болатын. Ақтауда АЭС салуды көздейтін атом саласын дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы да болды. Оның үстіне, тәжірибе бар - 1972 жылдан 1999 жылға дейін жұмыс істеген БН-350 реакторы Каспийдің суын тұщыландырады және электр энергиясын беріп отырған.

Айтпақшы, бұл АЭС одан әрі жұмыс істей алар еді, бірақ ол қару-жарақ плутонийін өндіру мүмкіндігіне байланысты жабылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан көлемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан, сондай-ақ ядролық сынақтар жүргізуден бас тартты. Сауат Мыңбаев Ақтауда білікті персоналдың барын алға тартып, бұл сол жерде жаңа АЭС салу үшін үлкен артықшылық болады деген еді.

ЕКІ ЖЫЛДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

2014 жылдың басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы мәселені шешуді тапсырды. Жыл ортасында «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Владимир Школьник пен «Росатом» басшысы Сергей Кириенко өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Қыркүйек айында Қазақстан мен Ресей ҚР-да атом электр станциясын салу және пайдалану туралы үкіметаралық келісім дайындады. Құжат мемлекеттерде келісуден өтуі керек еді, бірақ тоқтап қалды, шешім сол күйі қабылданбады.

Жұртшылықты екі мәселе мазалады: Чернобыль АЭС сценарийінің қайталануы (апат 1986 жылы, Украина КСР) Фукусима-1 АЭС апатынан кейінгі фобия(2011, Жапония). Көптеген қазақстандықтар ресейлік компания салатын АЭС қауіпсіздігіне де, жалпы қандай да бір атом энергетикасына күмәнмен қарайды.

Небәрі екі жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді, егер 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу туралы сенімсіздеу айтқан болса, 2021 жылы оның көзқарасы түбегейлі өзгерді. Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен Қиыр Шығыс форумында ол Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін «жан-жақты зерделеу» қажеттігі туралы мәлімдеді.

- Мен Қазақстан халқына Жолдауымда Қазақстанда атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндетін қойдым. Бұл ретте, әрине, азаматтар мен бизнесті қоса алғанда, мемлекеттің өзекті қажеттіліктерін тиісті шамада ескеру маңызды. Қазақстанға атом станциясы қажет болғандықтан, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей тарабы Қазақстанға осы мәселені шешуде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді.