Халықаралық рейтингке сүйенсек, қазақстандықтар бір жылда небары 2,77 кітап оқиды екен. Яғни, 365 күнде 3 кітап тауыса алмаймыз деген сөз. Бұл көрсеткіш бойынша 102 елдің ішінде 95-орындамыз. Себебін мамандардан сұрасаң, бірі әлеуметтік желіні кінәлайды, екіншісі жата-жастана оқитын қазақша заманауи әдебиет жоғын айтады. Бұл қалай деп қазақ жазушыларына жүгінсең, мемлекеттен қолдау жоқ деп шағымданады.
Мемлекет шынымен қолдау көрсетпей отыр ма? Ulysmedia тілшісі Қазақстанда әдебиетті дамыту, жазушыларды ынталандыру бағытында не істеліп жатқанын анықтап көрді.
ДЕПУТАТТАРДЫҢ СЫНЫ, ҮКІМЕТТІҢ ЖАУАБЫ
Былтыр «Ақжол» фракциясының депутаттары құзырлы органдарды әдебиетке немқұрайлы қарайды деп сынға алып,премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған. Сол сауалға берген жауабында Бектенов қаламгерлерді қолдау бұрын-соңды болмаған биік деңгейге шыққанын айтты.
«Жазушыларға Президенттің арнайы сыйлығы беріледі, басқа бірде-бір мамандық иесіне бұйырмаған ірі сомадағы ынталандыруы бар көптеген республикалық және жергілікті байқаулар тұрақты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қаламгерлерге қайтарымсыз гранттар үлестіріледі», – деді премьер.
Үкімет басшысы атаған шаралардың әрқайсына жеке тоқталайық.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ АРНАУЛЫ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫ
Дарынды ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында 2023 жылдан бері Президенттің арнаулы әдеби сыйлығы беріліп келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, әдеби сыйлыққа 18-35 жасқа дейінгі қаламгерлер бұрын халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындыларын ұсына алады. Сыйлық иегерлеріне 4,1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі.

Былтыр бұл сыйлық «Проза» номинациясы бойынша «Тергеуші» туындысы үшін Арман Әлменбетке, «Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағы үшін Саян Есжановқа, «Драматургия» номинациясы бойынша «Ақ киіз» драмалық шығармасы үшін Бауыржан Мұстафиевке, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның ауылында...» өлеңдер жинағы үшін Асылан Тілегеновке бұйырды.
АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ
Қазақ жазушылары үшін ең жоғары марапат саналатын – Абай атындағы мемлекеттік сыйлық екі жыл сайын беріледі. Сыйлық Қазақстан мәдениетінің дамуына ерекше бағалы үлес деп танылған үздік шығармаларға бұйырады. 2024 жылы мемсыйлыққа «Көкірегім көне кітап» жыр кітабы үшін ақын Светқали Нұржан мен «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы үшін жазушы Құлбек Ергөбек ие болды.

Жуырда сыйлықтың кезекті үміткерлерінен өтінім қабылданды. Шарт бойынша бір автор немесе авторлар ұжымы қатарынан екі рет ұсыныла алмайды. Бәйгеге түсетін шығарма бес жылдан аспайтын уақытта және кемінде бір жыл бұрын көптің ықыласына бөленген туынды болуы тиіс.
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СТИПЕНДИЯ
Мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосқан қайраткерлердің еңбегі де ескерусіз емес. Оларға жыл сайын мемлекеттік стипендия тағайындалады. Былтыр оның ай сайынғы мөлшері 55 АЕК көлемінде, яғни 216 260 теңге болып белгіленген.

2025 жылы мемлекеттік стипендия Олжас Сүлейменов, Зейнеп Ахметова, Төлен Әбдікұлы, Бексұлтан Нұржекеев бастаған 30-ға тарта әдебиет қайраткеріне берілді.
«АЙБОЗ» ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫ
2022 жылдан бері «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Байқау аясында 7 номинация бойынша жеңімпаздар 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болады. Байқаудың басты ерекшелігі – қазылар алқасы шығармалар авторын білмей, әділ әрі құпия дауыс беру арқылы үздіктерді анықтайды.
2025 жылғы «Айбоз» «Үздік проза» аталымы бойынша Дәурен Қуатқа («Бруклин көпіріндегі кездесу»), «Үздік драматургия» номинациясы бойынша Әділбек Ыбырайымұлына («Кенесары хан»), «Үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Қанат Әбілқайырға («Алтын бала»), «Үздік комикс» үшін Ильдар Сансызбайұлына («ТАБУ. Жоғалған үміттің ізі») берілді.

«ДАРЫН» ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫ
Жас қаламгерлерді ынталандыратын тағы бір сыйлық – «Дарын». 1992 жылы талантты жастарды ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі мен спорттағы жетістіктері үшін қолдау мақсатында құрылған мемсыйлыққа 35 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады. Лауреаттарға 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталады.
Былтыр «Дарын» сыйлығы мәдениет, ғылым, әдебиет, журналистика және спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен 20 жас дарынға табысталды. Олардың қатарында жас қаламгер Бауыржан Әліқожа да бар.
ӘКІМДІКТЕРДІҢ ҚОЛДАУЫ
Сондай-ақ, жыл сайын Алматы қаласының әкімдігі – 400 қаламгерге, Астана әкімдігі – 80 қаламгерге 500 мың теңгеден сыйақы төлеп тұрады.
Алматы облысының әкімдігі «Ақтаңгер» стипендиясын табыстайды. Ақтөбе облыстық әкімдігі «Әдебиет, Рух. Қоғам» республикалық әдеби байқауын өткізеді және 12 номинация бойынша жазушыларға 1 миллион теңгеден арнаулы жүлде ұсынады.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАС ЖАЗУШЫСЫ»
Бұған дейін оңтүстік астанада Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Алматының жас жазушысы» жобасы биылдан бастап «Қазақстанның жас жазушысы» атауымен республика көлемінде өткізіледі.
Байқауға 15-17 жас аралығындағы балалар қатыса алады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, қатысушылардың сауаттылығын арттыру, Қазақстан және әлем әдебиетін зерттеуге баулу. Былтыр байқау қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, дарынды жазушы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына орай өткізіліп, бәсекеге 15-17 жас аралығындағы 173 жас талапкер қатысқан.
ҚАЛАМАҚЫ
Үкіметтің мәліметінше, мемлекет тарапынан қаламгерлерге қаламақы төлеу жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде. 2017 жылы 52 әдебиет авторына бюджеттен қаламақы төленсе, 2018 жылы оны – 67, 2019 жылы – 62, 2020 жылы – 61, 2021 жылы – 76, 2022 жылы – 48, 2023 жылы – 53, 2024 жылы – 52 ақын-жазушы алған.
«2025 жылы қаламақы мөлшері 1 авторлық параққа 510 мың теңгеге жеткізілді. Сонымен қатар «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы шеңберінде 20 жас қаламгерге грант тағайындалады. Мұнда әрбір жас грант иесіне 5,1 млн теңге қайтарымсыз қаражат қарастырылған», – делінген премьер-министрдің депутаттарға берген жауабында.
MECENAT.KZ БАЙҚАУЫ
Қазақстанда жазушыларды қолдау ісіне кәсіпкерлер де үлес қосып келеді. Бизнес өкілдерінің демеушілігімен жыл сайын жүзеге асатын жобалардың бірі – Mecenat.kz роман байқауы. Байқау шарты бойынша Қазақстан туралы ең үздік роман авторына өмір бойы ай сайын 500$ төленеді. Былтыр Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты шығармасы топ жарды.

Жоба авторы Ерлан Асқарбековтің айтуынша, Mecenat.kz байқауын өткізу идеясы 2003 жылы туған. Алайда 18 жыл бойы қаржы іздеп, 2021 жылға дейін жобаны еліміздегі ең бай 12 адамға таныстырыпты. 2021 жылы белгісі кәсіпкер, Freedom Holding Corp. иесі Тимур Турлов қолдау білдіріп, жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі туады.
Mecenat.kz байқауында бұған дейін 2022 жылы «Күлпет» романымен жазушы Шархан Қазығұл жеңімпаз атанса, 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев жеңіске жетті. 2024-те Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы бас жүлдеге ие болды. Жеңімпаздардың бәріне өмірлерінің соңына дейін ай сайын 500$ сыйақы төленеді.
«ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚ РОМАНЫ»
ERG компаниялар тобы да жомарттық көрсетуде. Компания былтырдан бері «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауының жеңімпазына 15 млн теңге сыйақы ұсынады. Биыл бұл сыйақы белгілі жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбекке бұйырды. Оның «Кёльндегі көкжал» романы 220 шығарманың арасынан топ жарды. Одан бөлек, әдебиет сыншыларының жоғары бағасын алған 7 романның авторына 3 миллион теңгеден қаламақы берілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға 3 мыңнан аса өтініш түсіпті. Талап бойынша шығармада бүгінгі уақыттың тынысы, жаңа заман адамының бейнесі, технологиялық өзгерістер көрініс табуы қажет. Сарапшылар осы өлшемдердің бәрін ескеріп, 8 романды іріктеген. Солардың арасынан «Кельндегі көкжал» үздік деп танылған. Шығарма желісімен көркем фильм түсіріліп, үлкен экранға шығуы жоспарланып отыр.