«Екі ай бойы 8 жігіт кезек-кезек жүйелі түрде зорлады» деген 15 жастағы мектеп оқушысының ағасы мен заңды өкілі істің баяу жүріп жатқанын айтып, шағымданды. Сөздерінше, 9 сыныпта оқитын қызды «зорлаған» адамдар әлі күнге дейін бостандықта жүр.
«СЕГІЗ АДАМ ҚЫЗҒА ЗОРЛЫҚ ЖАСАҒАН»
15 жастағы Назерке (аты өзгертілген – ред) Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұрады. Жергілікті мектепте 9 сыныпта оқиды. Заңгер Инга Иманбайдың сөзінше, бірінші болып жасөспірімді өзінің ауылдасы, 25 жастағы жігіт қорқытып, ауыл сыртына алып барып, еркінен тыс жыныстық зорлық жасаған. Күдікті қызға «менімен сөйлескеніңді ағаңа айтып беремін» деп, түнде үйінен шығарып алған. Оқиға биыл қаңтар айының басында болған. Назерке өзі ауылының жігіті болған соң күдіктімен Tik Tok желісінде сөйлескен.
Күдікті осы оқиғадан кейін екінші мәрте келіп, әрекетін тағы да қайталаған. «Болған жағдай туралы ешкімге айтпа» деп ескертіп, қоқан-лоқы жасаған. Кейіннен қыздың телефон нөмірі өзге жігіттердің арасында тарап кеткен.
«Әрі қарай сол адамнан қыздың нөмірі тарайды. Әртүрлі жігіттер, оның саны сегіз, түнгі уақытта 1:30-3:00 арасында аға-жеңгесі, бала-шаға ұйықтады ау деген уақытта қызды мазалап, «Ағаңа айтамыз, сенің анаумен болғаныңды білеміз, мынаумен болғаныңды білеміз, анау анандай видео түсіріп алған, мынау мынандай видео түсіріп алған» деген. Бір кездері қызды бопсалап, бұлар Tik Tok-қа видео да салған. Сондай сарынмен екі ай бойы сегіз адам қызға зорлық жасап келген», – дейді заңгер.
«ДИРЕКТОР БЕС КҮН БОЙЫ АЙТПАҒАН»
Инга Иманбайдың сөзінше, болған жағдайды жігіттердің бірі жәбірленушінің құрбысына айтқан. Ол қыз көрші ауылдағы жігіттерге айтқан. Содан олар да қызға хабарласып, мазалаған.
«Сол кезде мектептің ішінде жаңағы қыздан болуы керек, хабар тарап, директорға жетеді. Директор қызды шақырады. Қыз жылап тұрып, директорға барлығын айтып береді. Басынан бастап, бірінші эпизодтан бастап... Бес күн бойы мектеп директоры қыздың ағасына айтпайды. Яғни, заңды өкіліне айтпайды. 15 жастағы балаға қатысты зорлық өмір бойына бас бостандығынан айыратын дүние, 120-бап. Кейбіреулер айтуы мүмкін, ауылда онсыз да солай айтып жүр екен, «Ол қыздың өзі шығып жүрген. Өзі келіскен» деп. Мен осы жерде заңгер ретінде айтайын, 15 жастағы балада өзара келісіммен, жыныстық қатынасқа рұқсат беруі деген болмайды. Екі жақты, өзара келісіммен деген 16 жастан қаралады. 16 жасқа дейінгі балаға қатысты ол қылмыс. Кімнің тарапынан болсын», – дейді ол.
«МЕН ШОК БОЛДЫМ»
Жәбірленуші қыздың ағасы Мұхтар Мәлібектің айтуынша, әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін, қарындасын өз қамқорлығына алған. Отбасында әйелі мен алты баласы бар. Оқиға туралы 16 наурызда мектеп директорынан естіген. Бірақ оның өзін директор бес күннен кейін бірақ айтқан.
«[Директор] кабинетінде осындай-осындай жағдай болды дейді. Мен «Алдын күннен бері не қарап отырсыздар. Маған айтпайсыздар ма?» десем, «Біз толыққанды білмеймін, өтірік айтып отыр ма, шын айтып отыр ма» дейді... Сомен жаңағы жерде қызды шақыруды сұраймын. Сабақтан босатуын. Қыз директордың алдында үндемейді. Сосын үйге алып кетемін. Үйде «Назерке, не жағдай болды?» деп сұраймын... Қыз өкіріп жылайды, осындай-осындай жағдай болды деп: «Мен сізге айта алмаймын, қалай айтамын» дейді. «Қанша, кіммен?» деп түсінбеймін. Мен шок болдым. Сөйтсем, сегіз баланың атын тіркеп береді», – дейді ол.
«ЗАҢ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРУІ КЕРЕК»
Мұхтар Мәлібек осыдан кейін мектеп директорына қайтадан барған. Оқиғаға қатысы бар делінген адамдардың туыстары үйіне келіп, жағдайды жылы жауып қоюға тырысқан.
«Директорға барамын жаңағы жазып берген қағаздарды алып. Ол жерде екі мұғалімнің баласы бар. Қылмысты жасырмақшы болғанын түсінбедім. Сол күні шок жағдайда жүрдім. Бұлардың туыстары келді үйге жиналып алып. Мазамды иттей алып, «Қоя салайық. Ертең ұят болады. Қыздың өзі кінәлі болып қалады» деді. Мен «Қыз өзі кінәлі болмайды. Маған ар керек, намыс керек. Қыз өсіріп отырмын. Ертең сендердің балаларың заң алдында жауап беруі керек» деймін. Ананы берейік, мынаны берейік деді», – дейді Мұхтар Мәлібек.
ТЕРГЕУ
Мұхтар Мәлібек ауылда барлығы тамыр-таныс болғандықтан прокуратураға арыз түсірген. Кейіннен облыстық полиция департаментіне арыз жазған. Бірақ осы күнге дейін іс баяу жүріп жатыр дейді ол.
«Түнімен тергеуге алды бізді. Мен өзім заңды жөнді түсінбеймін. Бес-алты сағат тергеуде психолог ешнәрсе жоқ болды. Адвокатым жоқ болды. Сонымен түнгі бірге дейін қыз екеуміз отырдық. Мән-жайды айттық. Одан кейін үш адаммен беттестіру болды. Әрі қарай прокуратураға бардым, іс жүрмейді. Қалалық прокуратураға барып арыз жаздым. «Мына ісіміз қаралмай жатыр. Не болады мынау?» десем, «19-ына дейін күтіңіздер, қыздың сараптамасы шықсын» дейді. Ол қалай болады сонда? Аналардың барлығы тайраңдап жүр», – дейді Мәлібек.
«ТЕРГЕУ ӘУ БАСТА ДҰРЫС БАСТАЛМАҒАН»
Инга Иманбай тергеу әу баста дұрыс жүрмеген дейді. Сөзінше, жәбірленушіден жауап алынған сәтте күдіктілер қамалуы тиіс болған.
«Ең бірінші қызды отырғызып, психико-криминалистикалық комиссияға барлығын айтып беруі керек. Дәрігерлер, психологтар баланың өтірік айтуға бейім немесе бейім еместігі туралы қорытындысын беруі керек. Сол қорытындының негізінде барлығы қамауға алынуы қажет. Балаға қатысты қылмыс жасалғанда ең бірінші тергеу әрекеті сол. Бірақ әлі күнге дейін оны жергілікті полиция да жасамаған. Алматы облысының полиция департаменті де жасамаған. Бүгін мен оның заңды өкілі ретінде сол әрекеттен бастап, екінші баланы мазаламайтындай, соның негізінде барлығын қамауға алып, тергеуді жалғастыруды талап етемін», – деді Инга Иманбай.
ПОЛИЦИЯ МЕН ДИРЕКТОРДЫҢ ЖАУАБЫ
Баспасөз мәслихатында жыныстық зорлық көрдім деген Назеркенің өзі де сөйлеп, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бірақ Ulysmedia журналистік этикаға байланысты қыздың оқиға туралы айтқан сөздерін жариялай алмайды.
Ulysmedia тілшісі оқиғаға байланысты істі жүргізіп жатқан тергеушіге де, мектеп директорына да хабарласты. Бірақ олар істің кәмелет жасына толмаған қызға жасалған жыныстық зорлыққа байланысты болуын алға тартып, ешнәрсе айта алмайтындарын айтты.
Мектеп директоры оқиғаға байланысты барлық мән-жайды тергеу органдарына айтқанын жеткізді.
Оқиға белгілі болған уақыттан бері Назерке мектепке бармайды. Сабақты онлайн оқып жатыр.