×
469.52
553.75
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.52
553.75
6.15

Қазақстандағы ең қымбат мектептер: элиталық білімнің құны қанша

Бүгін, 12:13
Қазақстандағы ең қымбат мектептер: элиталық білімнің құны қанша
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Соңғы уақытта желіде көпшіліктен жекеменшік мектептер жайлы пікір сұраушылар көбейді. Баласына озық білім бергісі келетін ата-аналарды элиталық мектептер ұсынатын халықаралық стандарттар мен заманауи инфрақұрылым қызықтырады. Әрине, мұндай сипаттамаларға сай келетін білім ордаларында оқу бағасы арзан емес. Кейбірінің жылдық ақысы 20 млн теңгеге жетеғабыл.

Ulysmedia.kz тілшісі Алматы мен Астананың ең қымбат мектептерінің рейтингін жасап, олардың кімге тиесілі екенін, қандай бағдарлама бойынша білім беретінін анықтады.

HAILEYBURY ASTANA ЖӘНЕ HAILEYBURY ALMATY

Haileybury – Астана мен Алматыдағы элиталық мектептер желісі. Оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған британдық білім беру жүйесіне негізделген. Негізгі оқу 5 жастан басталып, бес кезеңге бөлінеді. Жалпы ұзақтығы – 13 жыл.

1862 жылы ашылған Ұлыбританиядағы Haileybury мектебінің серіктесі ретінде құрылған.2008 жылы ашылған Haileybury Almaty-ның құрылтайшылары – Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі Болат Өтемұратов («Болат Өтемұратов қоры» арқылы 32,65% үлеске ие), Сержан Жұмаш (26,02%), Нұржан Сұбханбердин (19,7%), Айдан Кәрібжанов  (8,82%), Марғұлан Сейсембаев  (8,82%) және Әлфия Асқар Әбілхайыр (3,99%).

Ал 2011 жылдан бері жұмыс істейтін Haileybury Astana-ның акционерлері – Болат Өтемұратовтың қоры (32,09%) және кәсіпкерлер Сержан Жұмаш (32,09%) пен Нұржан Сұбханбердин (5,92%).

Оқу ақысына келсек, екі мектептің бағасы шамалас. 1 сынып оқушыларының ата-аналары жылына 12,7 млн теңге төлейді. Баласы 7-9 сыныпта оқитындар  – 16,9 млн теңге, 10-13 сыныпта оқитындар 19,2 млн теңге құяды.  

Мектеп сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, оқу ақысына 3 мезгіл тамақ, сыныптан тыс іс-шаралар (кейбір сыртқы провайдерлер ұсынатын бағдарламалар мен жеке музыка сабақтарын қоспағанда), оқу процесі және бүкіл оқу жылы бойы жан-жақты қамқорлық пен қолдау, кеңсе тауарлары мен дәптерлер, EAL / English Academy бағдарламасы кіреді.

Forbes бағалауынша, Алматыдағы мектепке бір жылда 10,8 млрд теңге кіріс түссе, Астанадағы мектептің жылдық табысы 8,04 млрд теңге.

KAZAKHSTAN INTERNATIONAL SCHOOL

Kazakhstan International School (KIS) Алматыда 1999 жылы ашылған. Forbes мәліметінше, мектептің құрылтайшысы – Дэниэл Гунасилан.. Ол мектепті «iGateway» ЖШС арқылы басқарады.

2008 жылдан бастап KIS Almaty халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасының мүшесі. 2023 жылы мектеп АҚШ-тың Орта штаттар колледждері мен мектептері қауымдастығы (MSA) тарапынан аккредитациядан өтті.

2024 жылы мектеп Астанада жаңа кампусын –  KIS Astana-ны ашты.

Мектептің жылдық оқу ақысы 1,2 сыныптар үшін 21 700 АҚШ долларын құраса, 6-8 сыныптар үшін –  24 900 доллар. Ал 11 және 12 сынып оқушыларының ата-анасы бір жылда 28 900 доллар төлейді.

Forbes мамандарының есептеуінше, KIS жылдық табысы 6,76 млрд теңгеге жетеғабыл.

QSI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІ

Алматыда 1993 жылы, ал Астанада 2005 жылы ашылған QSI мектептер желісінің  негізін словениялық кәсіпкер Джеймс Гилсон қалаған. Ол білім беру мекемелерін QSI Foundation Limited арқылы басқарады. 1971 жылы құрылған халықаралық білім беру ұйымы әлемнің 25-тен астам елінде ондаған мектепке иелік етеді. Бұл мектептер негізінен халықаралық компания қызметкерлерінің, дипломатиялық өкілдіктердің және шетелдік қауымдастықтардың балаларына арналған.

QSI білім беру жүйесі Mastery Learning қағидатына негізделген. Бұл тәсілде басты өлшем бағдарламаны тез өту емес, әр оқушының материалды толық меңгеруі. Сондықтан оқушылар оқу жоспары бойынша өз қарқынымен ілгерілейді.

Мектепте оқу ақысы –  жылына  23 900 АҚШ доллары (қазіргі бағаммен 11,2 млн теңге). Білім ордасының сайтында бұл сомаға нақты не кіретіні көрсетілмеген. Тек оқушыларға америкалық білім беру жүйесі бойынша оқытылатыны,  Mastery Learning моделі қолданылатыны, яғни білімгер тақырыпты толық меңгермейінше келесі деңгейге өтпейтіні көрсетілген.

Forbes-тың есептеуінше, Алматыдағы мектеп жылына 6,96 млрд теңге тапса, Астанадағы мектепке  3,47 млрд теңге кіріс түседі.

SPECTRUM ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІ

Мектептің негізі Алматыда 2008 жылы қаланған. Алғашында NurOrda International School атауымен жұмыс істеп, 2017 жылы ребрендингтен кейін Spectrum International School атауын иеленді. 2023-2024 оқу жылында Астана кампусы ашылды.

Spectrum толық британдық Cambridge international curriculum бағдарламасы бойынша оқытады. Оқушылар зерттеу жобаларымен айналыса алады және бұл жұмыстарға қаржылай қолдау көрсетіледі. Мысалы, осы оқу жылында мектеп жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге 15 мың АҚШ долларын бөлген және шамамен 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыртқы гранттар тартқан.

Мектепте оқу ақысы 1-5 сыныптар үшін 8,5 млн теңге болса,  9-12 сыныптар үшін 9,4 млн теңге. Бұл сомаға оқулықтар, мектеп формасы және спорт киімі кіреді. Ал тамақ үшін жылына 757 мың теңге бөлек төленеді.

Мектептің құрылтайшылары Мақсат Мұсабеков пен Әсет Дүйсенбаев. Олар білім ошағын «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры арқылы басқарады. Forbes рейтингінде мектептің жылдық табысы 3,6 млрд теңге деп көрсетілген. 

«МИРАС» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІ

Қазақстандағы ең алғашқы жекеменшік мектептердің бірі, 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді.Мектеп «Н.Назарбаев білім қорына» тиесілі. Бұл қордың құрылтайшылары экс-президент Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен Галина Самарская. $5,4 млрд капиталымен елдегі ең дәулетті ханымдар көшін бастап тұрған Құлыбаеваға бұл мектептен жылына 4,4 млрд теңге кіріс түседі.

«Мирас» Қазақстандағы IB толық циклін енгізген алғашқы мектептердің бірі.  2002 жылдан бері Cambridge IGCSE емтихандарын тапсыру орталығы ретінде жұмыс істеп келеді. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясына ие.

Бұл мектепте оқитын 1-4 сынып оқушыларының ата-аналары жылына 6,2 млн теңге төлесе, баласы 11-12 сынып оқитындар 8,7 млн теңге құяды. 

HIGH TECH ACADEMY

Алматыда 2017 жылы ашылған High Tech Academy (HTA) мектебінің құрылтайшысы Kusto Group компаниясының мажоритарлы акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев. Ол Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер рейтингінде 30-орында, дәулеті шамамен 368 млн АҚШ долларға бағаланған.

Бұл білім ошағында оқу бағдарламасы стандартты мектеп бағдарламасынан едәуір өзгеше. Мәселен, бастауыш кезең финдік білім беру моделі арқылы жүргізіледі. Оқыту ойын, тәжірибе және зерттеу арқылы жүреді. 6-9 сыныптарда Project-based learning, яғни жобалық оқыту жүйесін қолданылса, 10–12 сынып оқушыларына АҚШ-тағы Minerva project негізіндегі бағдарламамен білім беріледі.

Оқу ақысы сынып деңгейіне байланысты өзгеріп отырады:

  • 1–5 сынып оқушылары үшін: 6 875 000 теңге,
  • 6–9 сынып оқушылары үшін: 7 975 000 теңге.

Бұл сомаға үш мезгіл тамақтану мен оқу құралдары да кіреді.

GALAXY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІ

Бұл мектеп те кәсіпкерлер Мақсат Мұсабеков пен Әсет Дүйсенбаев құрған «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қорына тиесілі.

Galaxy мектебінде Кембридж және Қазақстанның мемлекеттік стандарты бірге қолданылады. 0-5 сыныптарға негізгі пәндер – ағылшын тілі, математика және жаратылыстану Кембридж бағдарламасы бойынша оқытылады. 9-10 сынып оқушылары халықаралық «IGCSE» бағдарламасы бойынша білім алады. Ал 11-12 сынып білімгерлері Еуропа елдері мен дүниежүзінің басқа да жоғары оқу орындарында қабылдау емтиханы ретінде қабылданатын «A level» бағдарламасы бойынша оқытылады.

Мектептегі оқу ақысына келсек, 1-5 сыныптар үшін жылына – 5,3 млн теңге, 11-12 сыныптар үшін – 5,7 млн теңге. Бұл сомаға тамақ, мектеп формасы мен оқу құралдары кірмейді.

QUANTUM STEM SCHOOL ЖӘНЕ QUANTUM TECH SCHOOL

Forbes тізіміндегі олигархтар – BI GROUP құрылыс компаниясының негізін қалаушы Айдын Рахымбаев пен Lancaster Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев ашқан Quantum мектептері де – Астанадағы ең қымбат мектептер қатарында. Quantum Management Company арқылы басқарылады.

2021 жылы ашылған Quantum STEM School-да бастауыш сынып оқушылары Сингапур әдістемесімен оқытылса, орта буын  ғылым, IT, инженерияны тереңдетіп оқиды. Ал жоғары сыныптар Advanced placement америкалық бағдарламаcы бойынша білім алады. Оқу ақысы барлық сыныптар үшін бірдей – 4,4 млн теңге. Бұл сомаға тамақтану мен оқу құралдары және қосымша үйірмелер кірмейді.

2024 жылдан бері жұмыс істейтін Quantum TECH School-да Қазақстан бағдарламасы мен  халықаралық стандарттар қатар қолданылады. Технологияға, кәсіпкерлікке баулуға, креатив пен зерттеуге басымдық беріледі.

Мектептің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылғы 2 наурыздан бастап келісімшарт жасасқан жағдайда ата-аналар ай сайынғы төлеммен жылына 5,1 млн теңге төлейді. Ал үш траншпен (бөліп) төлеушілер үшін оқу ақысы 4,9 млн теңге болады. Оқу ақысына академиялық бағдарлама, емтихандарына дайындық, жеке портфолио дайындау, 2 сағатқа дейін таңдауға арналған қосымша үйірмелер оқулықтар мен кітаптар кіреді.

Forbes есептеуінше, екі мектептің жылдық кірісі – 7,29 млрд теңге.

ASTANA GARDEN INTERNATIONAL SCHOOL

Мектеп «CA Garden Schools» ЖШС арқылы жұмыс істейді. Компания 2017 жылдың желтоқсанында тіркелген. Бастапқы құрылтайшысы  «U-Partners» ЖШС болған. 2019 жылдың қарашасында акционерлер қатарына Нұрмұхаммед Досыбаев қосылып, 2024 жылдың ақпанында серіктестіктен шыққан.

2026 жылғы 16 ақпандағы дерек бойынша, U-Partners –  CA Garden Schools-тың жалғыз құрылтайшысы. Еgov.kz мәліметіне сәйкес, компания Әбділхамит Бекетовке тиесілі.

2025 жылдың ақпан айында мектеп ресми түрде халықаралық мәртебе алып, Astana Garden International School (AGIS) атауымен жұмыс істей бастады. 2026 жылдың ақпан айынан бастап мектеп Халықаралық бакалавриаттың орта буын бағдарламасы –  IB MYP бойынша ресми авторизация алды. AGIS – WASC халықаралық аккредитациясынан өткен Орталық Азияда алғашқы мектеп.

Мектептің оқу ақысы – айына 586,9 мың теңге. Жылдық кірісі – 3,98 млрд теңге.

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп те – элиталық жекеменшік мектептер санатына жататын білім ошақтарының бірі. 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп Қазақстанның мемлекеттік білім беру стандарты негізінде оқытады. Бірақ оған қосымша халықаралық тәжірибе элементтері мен заманауи білім беру технологиялары енгізілген. 2025 жылы мектеп беделді халықаралық ұйым – Council of International Schools (CIS) қатарына ресми түрде қабылданды.

Shoqan School құрылтайшысы – Forbes тізіміндегі бизнесмен, ірі инвестор Кеңес Рақышев пен оның жұбайы, Иманғали Тасмағамбетовтің қызы – Әсел Тасмағамбетова. 2025 жылдың шілде айында Рақышев өзіне тиесілі мектеп үлесінің 9%-ын жұбайына сыйлады. Ал қалған 91%-ын ол Fincraft Group арқылы өз бақылауында ұстап отыр.

Сол жылы бұл мектеп Қазақстандағы жалпы білім беретін ұйымдардың ішінде алғаш болып қор биржасына шықты және KASE алаңында 3 жылдық облигациялар арқылы 1 млрд теңге тартты. Бұл қаражат «білім беру инфрақұрылымын дамытуға, инновациялық және экологиялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ оқушыларға білім қолжетімділігін кеңейтуге бағытталды». Бұған дейін мектеп 520 оқушыға арналған екінші оқу корпусын да ашқан болатын.

2026 жылдың ақпан айында Shoqan School ірі бизнес санатына өтіп, қызметкерлер санын ұлғайтты.

1200 оқушыға білім беріп отырған мектепте оқу ақысы – айына 512,7 мың теңге. Жылдық кірісі – 3,98 млрд теңге.

Серіктес жаңалықтары