×
469.52
553.75
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.52
553.75
6.15

Дубайда «өмір бойына сотталған» Ернұр Алмахан кім және не үшін істі болды?

Дубайда «өмір бойына сотталған» Ернұр Алмахан кім және не үшін істі болды?
ulysmedia.kz коллажы

Дубайға кетіп, жұмбақ жағдайда өмір бойына сотталған 22 жастағы Қазақстан азаматы Ернұр Алмаханның жақындары Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, көмек сұрады. Айтуларынша, қазір одан хабар жоқ. Қандай айыппен сотталып жатқаны да белгісіз. Бірақ бұған дейін журналист Михаил Козачков 2003 жылы туған Ернұр Алмахан есімді Қазақстан азаматының Біріккен Араб Әмірліктерінде болған қарулы шабуылға қатысы барын айтып, жазба жариялаған. 

ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАЗБАСЫ, ИЗОЛЯТОРДАН СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

Ернұр Алмаханның анасы Нұргүл Алмаханованың сөзінше, ұлы Дубайға жұмыс істеуге 2024 жылы қыркүйекте кеткен. Оған дейін Алматыдағы кафелердің бірінде бармен болып жүрген. Бастапқыда жиі хабарласып, қай жерде жүргенін айтып тұрған. Бірақ кейіннен байланыс үзілген. Соңғы рет Дубайдағы тергеу изоляторынан қоңырау шалып, «Жазықсызбын, ақталып шығамын» деген. Бірақ өзіне қандай айып тағылғанын айтпаған. 

– Екі-үш күн бұрын бір жапырақ қағаз келді. «Өмір бойы бас бостандығынан айырылды» деген. Балам ондай іс-әрекетке барады деп ойламаймын. Балам өте ақ көңіл, өте жуас бала, – дейді Нұргүл Алмаханова.

Былдың қаңтардың басында журналист Михаил Козачков Ернұр Алмахан есімді Қазақстан азаматының өзге төрт адаммен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінде Түркия азаматының үйіне басып кіріп, оның әйелі мен өзіне пышақ жарақатын салып, 1,2 миллион дирхам (327 мың доллар) қаржыны қолды еткенін жазған. 

Нұргүл Алмаханова ұлының өмір бойына сотталғаны туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі жіберген хаттан білген. Айтуынша, оған дейін СІМ жүгінген.

– Қазақстан Республикасының Бас консулдығында бар бейресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының азаматы Ернұр Алмаханға қатысты Біріккен Араб Әмірліктерінің бірінші сатыдағы сотының шешімі шығарылған. Аталған шешімге сәйкес, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, сондай-ақ іс бойынша басқа тұлғалармен бірге 2 540 000 БАӘ дирхамы (екі миллион бес жүз қырық мың дирхам) мөлшерінде айыппұлды ортақ тәртіппен төлеу міндеттелген. Бұл сома құқықбұзушылық нысаны ретінде танылған, – деп жазылған сыртқы істер министрлігі берген жауапта.

Сот үкіміне қатысты ресми ақпараттарды алу үшін Қазақстанның БАӘ елшілігі 31 наурызда уәкілетті органдарға тиісті нота жолдаған. СІМ берген жауапқа қарағанда, 1 сәуірде Ернұр Алмаханның ісіне қатысты апелляциялық шағым берілген. Оны қарау 27 сәуірге белгіленген.

– Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда және іс бойынша түпкілікті шешім заңды күшіне енген жоқ. Жазаны Қазақстан Республикасында өтеу мәселесіне қатысты, сотталған тұлғаларды беру сот талқылауы толық аяқталып, тиісті шешім заңды күшіне енгеннен кейін, барлық халықаралық-құқықтық рәсімдер сақталған жағдайда ғана мүмкін екенін хабарлаймыз, – делінген СІМ жауабында.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Ulysmedia тілшісіне Ернұр Алмаханның жағайына байланысты  “ақпаратты тексеріп көретінін” айтты. 

ЗАҢГЕР УӘЖІ

Заңгер Инга Иманбай Қазақстан сыртқы істер министрлігінің жауабында Ернұр Алмаханға қандай бап бойынша айып тағылғаны туралы нақты көрсетілмегеніне наразы. Ол СІМ мен Қазақстан билігінен іске араласуды талап етті.

– Біз сыртқы істер министрлігіне нақты талап қойғымыз келеді. Қазақстан Республикасының азаматына қатысты нақты, дұрыс ақпаратты алып, араласуын сұраймыз. ҚР азаматының құқықтарын халықаралық деңгейде толық қорғауға ықпал етуін сұраймыз. Істің әділ және жан-жақты қаралуын қамтамасыз етуді сұраймыз. Ернұр Алмаханға қатысты істің ашықтығын қамтамасыз етуді сұраймыз. Жазаны Қазақстанда өтеу немесе экстрадиция мәселесін қарастыруды сұраймыз, – дейді ол.

Инга Иманбай алдағы уақытта сыртқы істер министрлігі мен президент әкімшілігіне арыз-шағым түсірмекші.

 

Серіктес жаңалықтары