Сурет сөйлейді десем сенесіз бе? Иә, қазақстандық суретші Аңсаған Мұстафаның суреттері дәл сондай. Қоғам үнін, адам жанын бізден бұрын жеткізеді. Сондықтан да шығар суретшінің туындыларына шетелдіктер тарапынан сұраныс жоғары. Әлемнің 30-дан астам елінде көрмеге қойылған.
Дәл қазір Астанада Аңсағанның 200- мерейтойлық көрмесі өтіп жатыр. Ulysmedia.kz тілшісі суретішмен тілдесіп, өнер мен өмір, әлеумет пен мәдениет жайлы сөйлесті.
СУРЕТ ӨНЕРІНЕ КЕЗДЕЙСОҚ КЕЛГЕН
Аңсаған Мұстафа журналистер отбасында дүниеге келген. Бала кезінен редакцияның қарбалас өмірін көріп өседі. Кейін таңдауы да шығармашылықтан алыс болмайды.
– Суретші болам деген ой болмап еді, үйдің жанынан қазақша мектеп іздегенде үйге ең жақыны осы көркемсурет мектебі болды. Сурет мектебіне баруымның себебі бала күнімде 3-сыныптан кейін жазда әкем шашымды қысқартып, солай күштірек өседі деген. Мен келіспеген соң, маған жаңа велосипед алып берді. Келістім, шашымды алдық, қуанып, ойнап велосипед теуіп жүрдім. Өкінішке қарай, сол кезде мектепке сенбілікке шақырып алды. Сыныптастарым шашымды көріп, мазақ қылды. Мектептен жылап шығып, үйге қарай жүгірдім. Енді бұл мектепке бармаймын деп шештім. Сөйтіп, мен басқа мектеп іздеп, көркемсурет мектебіне түстім,– дейді Аңсаған Мұстафа.
Ал суретшінің әлеуметтік жанрды таңдауына журналистердің мақаласы әсер етіпті.
– Күнде сабақтан кейін анаммен бірге редакцияға барып, сол жерде журналистердің жұмысын көріп, қызығып жүрдім. Үй жұмысын орындап, жай сурет салып отыратынмын. Кейін журналистердің мақалаларына байланысты әлеуметтік тақырыптағы суреттер сала бастадым. Осы проблемаларды жиі естіп жүрген соң болар, әлеуметтік мәселелерді бейнелейтін жанрды таңдадым,– дейді ол.

АБОРТТАН АМАН АЛЫП ҚАЛҒАН
Аңсаған Мұстафаның туындылары көрерменді ойлануға, қоғамдағы өзгерістерге тереңірек қарауға жетелейді. Оның айтуынша, сурет өнері әлеуметтік өзгеріске әсер ете алады.
– «Тамшы тас теседі» деген мақал бар ғой. Менің суреттерім де адамдарды ойландырған, пікірталас туғызған жағдайлар болды. Кейбір оқырмандарым белгілі бір суреттен кейін көзқарасын өзгерткенін, белгілі бір мәселені басқаша көре бастағанын айтады. Осылайша, сурет қоғамдағы диалогқа ықпал ететі. Суреттерімді әлеуметтік желіге жиі жариялап, оқырмандарымнан тақырып қойып беруін сұраймын. Кейін резонанс тудырған суреттерді көрмеге шығарамын, – дейді суретші.
Суретшінің пікірінше, өнер әлеуметтік өзгеріске әсер ете алады. Тіпті суреттердің нақты оқиғаларға әсер еткен кездері де болыпты. Мысалы, әкесінің маскүнемдігімен күрескен бала бейнеленген суретті бір жігіт көріп жылапты. Ол өзінің балалық шағын еске алып: «папам далада жиі мас болып жататын. Үйге сүйреп кіргізетінмін. Өзім аулаға ұялып ойнауға шықпайтынмын», деп көзіне жас алған. Тағы бір суреті бір адамның абортттан бас тартуына әсер етіпті.
– Сондай-ақ, екі адамды қайта татуластырған оқиға да бар. Үш дос болған екен. Екі жігіт пен бір қыз. Қыз біреуінен екіқабат болғанда, жігіт Алматыға қашып кетіпті. Содан ортақ достары екеуін бір жерге шақырып, «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретімді көрсеткен екен. Сол суреттің арқасында олар бір-бірінен кешірім сұрап, үйленіп, балалы болды. Осындай кері байланыстар мені терең толқытады. Өйткені суреттерім шынайы өмірде осындай маңызды шешімдерге ықпал етіп жүр,– дейді Аңсаған Мұстафа.

«АДАМДАРДЫ АЙЫПТАУ ҮШІН ЕМЕС»
Ал суретшінің жұмыстарында жалқаулық, әлеуметтік желі, маскүнемдік, несие сияқты тақырыптар жиі көтеріледі. Бұл – бұл бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Аңсаған суретті сырттай бақылап немесе естіп салмайды. Әр картинаны өмірдің өзінен алады.
– Мен журналистердің жанында өскен соң әлеуметтік тақырыптарды өз көзіммен көргенмін. Сондықтан олар маған жақын, түсінікті. Бұл тақырыптарды мен адамдарды айыптау үшін емес, керісінше, ойландыру үшін көрсетемін. Кейде адам өзіндегі проблеманы сөзбен емес, сурет арқылы көргенде ғана шынайы түсінеді. Сол үшін мен бұл тақырыптарды жиі қозғаймын. Суреттерімде фантастикалық ештеңе жоқ. Барлығы өмірімізден алынған, әсіресе соңғы кезде несие тақырыбы өзекті. Халықтың көбі тым көп кредиттің үстінен кредит алып, қайтара алмай жүр,– дейді ол.

ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫ ҚАЙДА?
Осы уақытқа дейін суретшінің 200 көрмесі өткен. Оның 50-і елімізде, басқасы шет елдерде болыпты.
– Иран және Корея елдерінің суретшілер одағындамын. Шетелдегі көрмелерге қатысқанда, сол елдің суретшілер одағының мүшелері өтіп жатқан көрмелерді аралап, ұнағандарын мүше бол деп шақырады екен. Көрмеден кейін мүшелікке қабылданып, сертификат алдым. Кореяның одағы менің жұмысымды өздерінікіне қосып Парижге апарған, Ирандағылар Индонезияға апарды. Алайда Қазақстан суретшілер одағынан ондай ұсыныс та, қолдау да көрмедім. Көрмелеріме де келіп қатысқан емес. Олар қайда, не істеп жатқанын білмеймін. Ал мен келіп түскен ұсыныстың бәрін қуана қабылдаймын,– дейді Аңсаған Мұстафа.
Ең қызығы, суретші осы уақытқа дейін суреттерінің бірде-бірін сатпаған. Кейде достарына сыйлап жіберсе, кейде туындылары өзінен бұрын шетел аралап, көрмелерде тұрады.
Авторы: Көктем Қарқын