×
462.87
540.72
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.87
540.72
6.16

Тереңқұрдағы 30 сотық: Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке дейін жеткен даулы аумақ

Бүгін, 13:29
Тереңқұрдағы 30 сотық: Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке дейін жеткен даулы аумақ
ulysmedia.kz коллажы

«Қыз-Жібек» фильміндегі камзолға байланысты дау мәдениет және ақпарат министрлігіне дейін жетіп, оқиға қоғамдық резонансқа ұласқан тұста Алагөзовтер отбасына қатысы бар тағы бір дау басталды. Бұл жолы әңгіме Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы 30 сотық жер теліміне байланысты болып отыр. Тұрсынғали Алагөзов бұл жерге 2023 жылдан бері иелік етеді. Ulysmedia серуендеу аймағындағы 30 сотық жердің қалай жеке меншікке өткенін және қазір ол аумақтың қандай жағдайда екенін зерттеп көрді.

Бұл жер телімін Тереңқұрмен жүріп өткен кез келген алматылық немесе қала қонағы көргені сөзсіз. Себебі онда спорт алаңы бар. Бірақ былтыр күзден бастап ол жерде спорт алаңымен қатар биік темір қоршау да пайда болды

Бұл жер телімі жекенің қолына өтіп кеткені туралы бірнеше жыл бұрын белгілі болған. Бірақ ол жекенің қолына 2000-шы жылдары өтіп кеткен. Жер тілімінің бірінші иесі Мұхтар Құл-Мұхаммед болған (ол уақытта сенатор). Бұдан бөлек ол мәдениет министрі, президент кеңесшісі, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы сияқты қызметтерді атқарды.

— Жер учаскесіне иелік ету туралы мәліметтерге сәйкес, талапкердің жер учаскесіне жеке меншік құқығы бастапқыда Алматы қаласы әкімінің 2000 жылғы 17 қазандағы қаулысымен Мұхтар Құл-Мұхаммед М.А.-ға берілген. Жер учаскесін сатып алу-сату шарты 2000 жылғы 30 қазанда жасалған, — делінген сот құжаттарының бірінде.

Ол уақытта Алматы қаласының әкімі аты шулы Виктор Храпунов болған. Әкімнің қаулысы бойынша сенатор 30 сотық жерді иелігіне алған. Қазір осы жердің 20 сотығы Алагөзовке тиесілі. Жер телімі 2022 жылы екіге бөлінген. Сол уақыттан бастап көршілес үйлерде тұратын тұрғындар бастамашыл топ құрып, жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды талап етуде.

Бастамашыл топ мүшесі Марат Досқараевтың сөзінше, мәселенің түп-төркіні 1990-шы жылдардан басталады. Сол уақытта жергілікті тұрғын Дәмира Оразәлиеваның үйі тұрған жерді алмақшы болған.

– 1998-1999 жылдары жер комитеті мемлекеттік атынан келгендей сыңай танытып, көшуді сұраған. Жер телімін сатып аламыз деген. Бірақ Оразәлиева көшуден бас тартқан. Кейіннен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан адамдар келген. Бірақ ол сонда да көшпей қойған. Нәтижесінде олар оның үйіне кіретін жер телімін алып қойған, – дейді Марат Досқараев.

Оның сөзінше, жер телімін алу кезінде сатып алу-сату келісімі жасалғанымен, шын мәнінде сенатор 30 сотық жердің 15 сотығын мұқтаж ретінде алған.

– Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өз тарапынан жер беру туралы өтініші жоқ. Парламент тарапынан оған тегін жер бөлу туралы сұрау хаттамасы да болмаған. Мұндай құжаттар тіркелмеген. Ол мұқтаж ретінде есепте де тұрмаған. Тек әкімдік қаулысы ғана бар, — дейді Марат Досқараев.

Кейінгі 23 жылда 30 сотық жердің иесі бірнеше рет ауысқан. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі жер телімін 2007 жылы сатып жіберген. Жердің жаңа иесі оны 2018 жылы өзге біреуге сатқан. 2022 жылы жерді кәсіпкер Марат Машкалов сатып алған. Сол жылы желтоқсанда ол жер телімін екіге бөлген. 10 сотық жер әлі де кәсіпкердің иелігінде. Ал қалған 20 сотық жерді Тұрсынғали Алагөзовке сатып жіберген.

Осы жылдардың ішінде Тереңқұрдағы бұл жер телімі жекенің қолына өтіп кеткенін ешкім білмеген. 2010 жылы абаттандыру жұмыстары аясында бюджет есебінен ол жерге спорт алаңы мен орындықтар қойылған.  

— Жер учаскесінің нақты шекарасы жаяу жүргінші жолының бордюрі бойымен өтеді. Соған сәйкес, жеке меншік аумақтың ішінде спорт алаңы да, орындықтар да, тіпті жарық бағаналары да орналасқан. Айтпақшы, олардың бірі қазірдің өзінде қоршаудың ішінде қалып қойған, — дейді бастамашыл топ өкілі Сергей Чикин.

Бастамашыл топ өкілдері мақсатымыз жер телімін жекенің қолына беру заңсыз деп танып, 2000 жылы 17 қазанда шығарылған Алматы әкімінің қаулысының күшін жою қажет дейді. Осыған байланысты олар бірнеше рет сотқа да жүгінген. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмаған.

Марат Досқараевтың сөзінше, қазір жер теліміне байланысты апелляциялық шағым қалалық сотта қаралып жатыр.

Билік өкілдері де жер учаскесін кері қайтаруға талпынып көрген. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласының әкімдігі де сотқа жүгінген. Бірақ шағымды қараусыз қалдырған.

2024 жылдың соңында Алматы қаласының жер ресурстары департаменті де сотқа жүгінген. Онда жер учаскелеріне қатысты келісімдердің барлығының күшін жоюды сұраған. Бірақ 2025 жылы департамент шағымын кері қайтарып алған. Процесс басталмай жатып аяқталған. Арада шамамен жарты жыл өткенде жер учаскесін темірмен қоршап тастаған. Қоршаудың арасында спорт алаңына баратын жол қалған.

Негізінен бұндай биік темір қоршаулармен құрылыс алаңдарын қоршайтынын ескеріп, тұрғындар былтыр күзде аумақта құрылыс бастала ма деп қауіптенген. Ол тіпті мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекпен өткен кездесуде де талқыланған. Кездесуге тіпті қалалық архитектура басқармасының өкіллері мен Балқаш-Алакөл  бессейнінің инспекторлары да шақырылған.

Архитектура басқармасының өкілі су қорғау аумағынан 35 метр жерде ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейтінін айтқан. Бақытжан Базарбек мәселені парламентте көтеруге уәде берген. Бірақ тұрғындар кездесуден бері төрт ай өтсе де парламентте Тереңқұрға қатысты талқылау болғанын естімедік дейді.

Даулы жер теліміне қатысты сотқа шағымданғандар арасында кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовтің өзі де бар. Ол 2025 жылы қыркүйекте Дәмира Оразәлиевамен соттасқан. Кәсіпкер Оразәлиеваның дуалы өзінің жер телімінің аумағында тұрғанын айтып, шағымданған. Сотта Оразәлиеваның дуалы 80 сантиметрге сыртқа шығып тұрғаны анықталған. Оның учаскесі, дәлірек айтқанда ол кезде әкесіне тиесілі болған жер, 1999 жылдың маусым айында кадастрлық код алған. Ал қазіргі Тұрсенғали Алагузовтің иелігіндегі учаске 2000 жылдың қазан айында тіркелген.

Жер телімдерінің шекараларындағы дәлсіздіктер сол жылдары жер өлшеу жұмыстарын жүргізу GPS жүйесі болмағандықтан сызғышпен жасалған деп түсіндірілген.

Бұған қоса, сотта Алагөзовтің жер телімін сатып аларда ол жердегі мәселелерден хабардар болғаны туралы айтылған.

– Арызданушы жер учаскесін қалыптасқан, жұртшылыққа белгілі әрі тексеруге болатын шекаралармен және көрші құрылыстармен бірге сатып алғандықтан, оның тарапынан сақтық болуы тиіс еді. Сонымен қатар, бұрынғы меншік иелерінің жер телімдерінің шекарасына қатысты ешқандай қарсылығы болмағанын атап өткен жөн. Ал арызданушының жер телімі өзі күткен нәтижеге сәйкес келмеу тәуекелі меншік иесінің өзіне жүктеледі, — делінген сот құжатында.

2026 жылы ақпанда Тұрсынғали Алагөзов Дәмира Оразәлиеваға қарсы сот процесінде жеңіліп қалған. Әзірге бұл Тереңқұрдағы даулы 30 сотық жерге байланысты сотқа жеткен жалғыз іс. Бірақ бұл жерде жер телімі кімнің иелігіне қалай келгені түсінікті. Ал Баян Алагөзоваға «Қыз-Жібек» фильміндегі камзол қалай келгені әзірге белгісіз. Ол әлі де болса анықтауды қажет етеді.

Серіктес жаңалықтары