×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

10 млн теңгеден астам қарыз: Алматыда алименттен жалтарғандар арасында өнер жұлдыздары да бар

03.02.2023, 15:43
фото: ашық дереккөзден

Алматыда балаларына миллиондаған теңге қарыз болған әкелер арасында қалталы азаматтар мен өнер жұлдыздары да бар болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Еуразия” арнасының хабарлауынша, қалада әйелімен ажырасып, артында қалған баласының қажеттілігін өтеу былай тұрсын, жағдайын сұрауға жарымай жүргендер жетерлік. Үш баласын жалғыз тәбиелеп отырған Индира Етіғұлова да балаларының әкелерінен алимент өндіре алмай отырғандардың бірі. Үш рет тұрмыста болған ол бұрынғы күйеулерінің балаларына мүлде қарайласпайтынын айтады.

 

“Алланың берген үш періштем бар. Жанымды берсем де үшеуі үшін бәрін жасаймын. Өзім жалғыз жұмыс істеймін. Бірінші балам үшінші топтағы мүгедек. Оның тамағы бар, жүріс-тұрысы бар. Әкесі көмектеспейді. Тіпті баланың жағдайын да сұрамайды”, – дейді Индира.

2011 жылдан бері үш баланың әкелерінің берешегі 6 миллион теңгеден асқан. Бір рет сот орындаушылары 200 мың теңге өндіріп берген. Одан кейін ақша салмаған.

Сот орындаушыларға Индира сынды аналардан 18 мыңға жуық арыз түскен. Анасымен қалған 20 мыңнан астам баланың тағдыры жауапкершіліктен қашып жүрген әкелерді еш алаңдатпайды. Қашқын әкелердің берешегі 3 миллиард теңгеден асып жығылады. Өткен жылы сот орындаушылардың көмегімен 100 миллион теңге өндірілген. Қарыздарын қайтарудан жалтарып жүргендердің ішінде шіріген байлар, әншілер мен театр қайраткерлері бары қынжылтады. 

“Арасында танымал актерлер, қалталы азаматтар бар. Байлығына қарамастан жұмыс орнынан ең төменгі жалақы алатыны туралы анықтама әкеледі. Біз заң бойынша барлық мүлкін тексереміз, жағдайының жететінін дәлелдей алсақ, табыстарынан төлетеміз” – дейді аймақтық жеке сот орындаушылар палатасының жетекшісі Айдын Қайдаров.

Алматы шаһарындағы ең үлкен қарыз 10 миллион теңгеден асады. Сот орындаушылар оның 7 миллион теңгесін өндіріп беріпті. Борышкерлер арасында 2 мыңға жуық әке бір тиын да төлемеген. Олардың тұрақты жұмысы жоқ, тауып берген жұмысты да істемейді. Әкімшілік олардан еш нәтиже шықпаса бұл санаттағылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

“Өткен жылы 217 хаттама толтырылды. Оның 100-ден астамы сотқа жолданып, сот шешімімен берешегін өтемей жүргендер қамауға алынды. Биыл 24 хаттама толтырылып, оның ішінде 15 борышкер әкімшілік қамауға алынды”, – дейді мемлекеттік сот орындаушы Мадияр Ділмағамбетов.

Былтыр 14 көлік тәркіленіп, айып тұрағына қойылыпты. Көлік иелері қарыздарын бірден жауып тастаған. Тек біреуінің көлігі сатылып, ақшасы бала-шағасына берілді. Сот орындаушылардың айтуынша, заңдағы олқылықтарды жоймаса жауапсыз еркектерді тезге салу мүмкін емес. Өйткені айына мың теңгеден аударып, жауапкершіліктен құтылып кететін әккілер де бар екен.

Серіктес жаңалықтары