×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Қайрат Сатыбалды – Назарбаевтың қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған алғашқы туысы

13.03.2022, 21:45
Фото: Ulysmedia коллажы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгін Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын жария етті. Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған алғашқы туысы. Қайрат Сатыбалды әр жылдары қандай қызмет атқарды? Еңбек жолы қандай болды? Ulysmedia.kz порталы осы мақалада саяси салмағы болған шенеуніктің өмір және еңбек жолын шолып шықты.

Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 1970 жылы дүниеге келген. 11 жасында әкесі Сатыбалды (34 жасында) жол апатынан қайтыс болған. Алдымен Қайрат Назарбаев тегімен жүрген, бірақ кейін оны Сатыбалды деп өзгерткен.

Қайрат Сатыбалды – Қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен босатылған ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішдің туған ағасы.

Азаттық радиосының хабарлауынша, Қайрат Сатыбалды 2015 жылдың қарашасында Kaspi Bank акцияларының бір бөлігін сатып алған.

Қайрат Сатыбалдыұлы билік басындағы өз қызметін 1991 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде (ҰҚК) бастаған.

Осыдан кейін Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2000), «Қазақойл» компаниясының вице-президенті (2000-2003), ҰҚК кадрлар департаментінің директоры (2003-2005), «Қазақстан теміржолы» компаниясының вице-президенті (2005-2006), «Дүние» корпорациясы акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (2006-2010) лауазымдарын атқарды.

2010-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарды.

Қайрат Сатыбалдыұлы жұртшылықтың назарын өзіне 2005 жылдан бастап аудара бастады. ҰҚК генералы өзі басқаратын ұлттық спорт түрлері қауымдастығын, «Қайрат» қайырымдылық қорын және сол жылы құрылған «Ақ орда» ұйымын біріктіріп «Орда и К» бизнес-құрылымын құрды.

Жаңа ұйымды көпшілік ел президентінің қызы Дариға Назарбаева құрған «Асар» партиясымен салыстырды. Кейбір сарапшылар сол кезде «Ақ орда» саяси күреске кіре алатын күшке айналуы мүмкін деп санаған болатын.

Ұйым діни бағытты көбірек ұстанады деген болжамдар да болды. 2005 жылға дейін Меккеге жеті рет барып, екі рет қажылық жасаған «Ақ орда» қозғалысы қарсаңында Сатыбалдыұлы 17 кесене мен 25 мешіттің құрылысына қайырымдылық қолдау көрсеткенін айтып берді.

Сатыбалдыұлы экономикалық және қоғамдық реформаларды жеделдету мақсатын көздейтінін айтқан. «Ақ Орда» құрылғаннан бері бірнеше сайлау өтсе де, Сатыбалдыұлы саяси белсенділік танытпады.

2010 жылы «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымына тағайындалуымен Қайрат Сатыбалдыұлы айтыстардың демеушісі ретінде көріне бастады.

2011 жылдың сәуірінде ол кіші қажылыққа 50 айтыскер мен ондаған жазушы мен журналистті (жалпы 60-қа тарта адамды) апарды.

Қайрат Сатыбалды саясаттан басқа, спорт саласын да назардан тыс қалдырмады. 2015 жылы ол 3 спорт федерациясын басқарды. ҚР Ат спорты федерациясы, ҚР Ұлттық Ат спорты түрлері федерациясы және халықаралық Көкпар федерациясына жетекшілік етті, ал келесі жылы Олимпиадалық бокс ұлттық федерациясының бірінші вице-басшысы қызметін атқарды.

Қайрат Сатыбалдының марапаттары, шендері мен ғылыми атақтары:

 • Генерал-майор;

 • заң ғылымдарының кандидаты;

 • «Астана» медалі (2011);

 • «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалі (2011);

 • «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі;

 • «Құрмет» ордені;

 • ҚР ҰҚК құрметті қызметкері;

 • ҚР құрметті мұнайшысы;

 • Қазақстан халқы ассемблеясының мүшесі.

Бос уақытын отбасына арнаумен қатар, Сатыбалды спортқа, әсіресе атқа мінуге, үстел теннисіне, кітап оқуға және музыка тыңдауға арнайды. Әдебиеттен классиканы оқығанды жөн көреді.

Сатыбалды дінді ұстанады. Меккеге қажылыққа бірнеше рет барған.

Отбасы:

Әкесі: Сатыбалды Әбішұлы Назарбаев (1947 — 1981), Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры. Жол апатынан көз жұмған..

Анасы: Светлана Мырзахметқызы Назарбаева, мұғалім.

Әйелі: Гүлмира Кауасқызы Назарбаева, мұғалім.

Балалары: ұлы Бауыржан Нұрсұлтан (1991 ж.), қыздары Аружан Сатыбалды (1999 ж.), Дария Сатыбалды (2002 ж.).