×
479.42
467.91
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.42
467.91
8.21

Бастамашыл топқа 700 адам жинаудың өзі қиын - саяси реформа жайлы пікірлер

Фото: ашық дереккөзден

Партияларды тіркеуді жеңілдетуге байланысты пікір білдіргендердің арасында Ulysmedia.kz президенттікке экс-үміткер, сондай-ақ өзін «Азат» ЖСДП бұрынғы басшыларының бірі ретінде таныстырған Әміржан Қосан мен «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаттанушы Дос Көшімнің де айтқанына құлақ түрді. Екеуінің де ойы бастамашыл топқа қажет 700 адамның басын қосу оңай емес дегенге саяды.

БИЛІКТЕН АҚША АЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Әміржан Қосан тіркеу шегінің 20 мыңнан 5 мыңға төмендетілуін қолдайтынын, партиялардың көп болғаны жақсы деп есептейтінін жасырмады.

 – Бірақ, байқаймын, кейбір адамдарда партия құруда біртүрлі эйфория бар сияқты. Мен де әріптестеріммен бірге талай партиялардың басы-қасында болған қазақпын. Содан түйгенім мынау: партия құру ойыншық емес!

Біріншіден, партия – ортақ идея, тұғырнама төңірегінде топтасқан серіктестердің тобы. Тек қана «билікті сынаймын, бәрін қырып-жоямын!» деген жалпылама іс бітпейді. Бізде кейбір тұлғалар әлеуметтік желідегі мың қолдаушысын «бүкіл халықтық қолдау» деп түсініп жатады. Өз күшін дұрыс бағалай алмайды. Сөйтіп, орға жығылып жатады. Сосын жеке бас амбициясы деген тағы бар. Өзін ғана көсем санайтын, басқаларының жеке басына тиісіп, саяси ұпай жинағысы келетін «наполеондар» бізде жеткілікті. Команда құру, онымен бірге жұмыс істей білу де екінің біріне беріле бермейтін асыл қасиет.

Екіншіден, партия құру дегеніңіз орасан зор жауапкершілік! Ұйымды құруды қолға алған соң, сан алуан міндеттер мен міндеттемелер пайда болады. Соның ішінде бірегейі – қаржы мәселесі. Ауыл-аймақта партия бөлімшелерінің күнделікті жұмысына тиісті қаржы табудың өзі оңай емес. Мәселен, заңда 700 адамнан тұратын бастамашыл топтың жиынын өткізу туралы талап бар. Оларды Қазақстанның бар аймағынан бір жерге жинау үшін де қаражат керек. Ол да басымыздан өткен. Биліктен ақша алуға болмайды. Ол елді алдау боп шығады. Олигархтан ақша алсаң, оның айтқанынан шыға алмай қаласың. Жұрттан жылу жинап, ұйым құратын краудфандинг секілді өркениетті тәсіл бізде әлі орныға қоймады, – деген Қосан жолдаудағы жаңалықты өз әріптестерімен ақылдасатынын жеткізді.

Ол өткен президент сайлауынан кейін сайлау нәтижесін мойындағаны үшін, елді алаңға шақырмағаны үшін қатты сынға ұшырағанын еске алып, жалпыдемократиялық принциптерден айнымағанын айтады.

 – Менің сол кездегі таңдауымның дұрыс болғанын кешегі Қаңтар қанды қырғыны көрсетті деп санаймын. Бізде революцияшыл емес, эволюцияшыл жолды қалайтын қауым баршылық. Олардың саны радикалдардан мың есе артық. Сол идеялар төңірегінде топтасып, партия құруға болар еді.

Партиялардың көп болғаны жақсы ғой. Бірақ ертең сайлау бола қалса, өзін оппозицияшыл санайтын партиялар бір-бірімен таласып, бір-бірін жамандап, билік партиясына жағдай жасап қоюы мүмкін. Сондықтан да заңнамаға «Сайлауалды блок құру» туралы бұрынғы бапты қайта енгізу керек деп санаймын. Сонда оппозицияшыл партиялар бір тұғырнама төңірегінде бірігіп, бір-біріне кедергі жасамай, билік партиясына лайықты тойтарыс бере алады!, – деп түйіндеді президентікке экс-үміткер.

ТОҚАЕВ ҮШ ЖЫЛДА АЛҒАШ РЕТ САЯСИ РЕФОРМАҒА КІРІСТІ

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім Саяси партия құрам деген топтарға мүмкіндік берілгенін келтіреді.

 – Біз 3000 адам бола ма деп ойлап едік, 20 мыңнан 5 мыңға дейін түсірді. Әр облыстан 200 адам жинау керек боп тұр. Бір әттеген-айы, партия құратын құрылтайда бұрынғы 1000 адамға қарағанда 700 адамның басын бір залда қосу қажет деп жатыр. Неліктен дәл осы тұста бірнеше есе азайтпады? Бұл үлкен бөгет.

Депутаттар сайлауында пропорционалды және мажоритарлы жүйені 70 те 30 пайыз емес, саяси партияларды дамыту үшін 50 де 50 ету абзал болар еді. Сосын әр облыстан бір мандат жеткіліксіз. Кейін екеуге көтеру абзал шығар.

Ассамблеяның жағдайы түсініксіз, әлі де саяси құрал ретінде ұстап тұратын сияқты. Әйтпесе сол сияқты қоғамдық бірлестік біздің «Ұлт тағдырынан» неге 5 депутат сайланбайды?, – деп сұрақ қояды Көшім.

Ол үш облысты ашудан кейінгі келесі қадам, кезінде біріктіріліп кеткен аудандарды бөлсе азаматтардың арасындағы кереғарлықты, салғыласуды жояр еді деп санайды.

 – Жергілікті басқаруда мәслихаттың не мемлекеттік қызмет емес, не халыққа қызмет етпейтін будан күйін жойып, Конституцияның Назарбаевтың кезінде өзгерген 89-бабын қалпына келтірген жөн. Конституция өзі құрақ көрпе іспетті.

Жалпы бұның бәрі баяғыдан айтылып дүние. Тоқаев та азаматтар ұсынысы негізінде деді, кеңесшілерімен ақылдасқан болар.

Әңгіме саяси ниетті кім жүзеге асырады дегенге тіреліп тұр ашығына көшсек. Себебі жолдауды тыңдап, қол шапалақтағандардың бәрі тоталитарлық жүйені қолдағандар. Ертең Назарбаев оралса, қайта қол шапалақтай ма? Күмәнді. Сол үшін халық қарап отырмай, саяси күресте белсенді болғаны дұрыс. Қысқасы Тоқаев үш жылда алғаш рет реформа кірісті. Әрі қарай көрейік не боларын, – дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі.