Әлеуметтік желі қолданушысы Айдар Махметов танымал америкалық репер әрі дизайнер Канье Уэстпен бірге жұмыс істейтін қазақ жігіті жайлы жазды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Жақында Лос-Анджелесте Марат Шаяхметовпен таныстым. Шынын айтсам, бұған дейін ол туралы ештеңе естімеген едім. Мараттың АҚШ-та жүргеніне 10 жыл болыпты. Ол бұған дейін бастапқыда КИМЭП-те экономика мамандығында оқыған, бірақ кейін бұл оның ісі емес екенін түсініп, Америкаға кету туралы шешім қабылдаған. Оған бұнда маркетингті басынан бастап қайта оқуға тура келіпті. Марат оқу барысында негізінен қысқаша креативті бейнебаяндар түсірумен айналысқан. Кейін оның еңбектерін Nike сияқты әлемдік алпауыт байқап, Марат олармен бірге жұмыс істей бастапты. Сосын оның еңбектерін танымал рэпер әрі бизнесмен Канье Уэст байқап қалған. Бірақ Марат бұл жақсы ұсынысқа бірден келісе кетпепті. Себебі ол Nike-пен бірге жұмыс істеп жүрсе, Канье Adidas-пен істес болған. Дегенмен кейін Марат Канье Уэст командасына қосылу туралы шешім қабылдапты. Ол соңғы екі жыл бойы онымен бірге жұмыс істейді және де осы бірлескен жұмысқа екеуінің де көңілі толады екен. Қазақтар – өте талантты халық. Тек Отанымызда адамды шетелде танылғаннан кейін ғана мойындайтыны әрине өкінішті...», - деп жазды фейсбук парағында Айдар Махметов.