×
425.02
450.1
7.17
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
425.02
450.1
7.17

Менің де позициям сол – Қуантыров Сүлейменовтің сұхбаты жайлы

04.04.2022, 10:28
Фото: Ulysmedia.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Тимур Сүлейменовтың «Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды сақтайтыны, сондай-ақ әр нәрсені өз атымен атайтыны» туралы айтқан пікіріне қосылатынын мәлім етті. Бұл туралы министр Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында айтты.

«Қазақстан халқы Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың «Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды сақтайтыны» туралы пікірін оң көзқараспен қабылдады. Шын мәнінде, әлеуметтік желілерде осы сөз қызу талқыланып жатыр. Бұл – біздің елдің ресми тұлғаның аузымен дәл осы жағдайға байланысты айтылған салмақты әрі алғашқы мәлімдемесі болған секілді. Осы турасында сіздің де пікіріңізді білсек деп едік?» - деп сұрақ қойылған министрге.

Бұл сұраққа жауап берген Әлібек Қуантыров ол сұхбат (Тимур Сүлейменовтың) мазмұнды ғана емес, сонымен бірге “бәлкім, нақты сигнал ретінде де” айтылғанын жеткізді.

«Меніңше, Тимур Мұратұлы артық ештеңе айтқан жоқ. Керісінше. Менің де позициям сол: біз ашық мемлекетпіз. Біз жаһандық деңгейде экономикасы шағын мемлекет болсақ та, ашықпыз. Әлбетте, біздің елдің алдында тұрған тегеуріндермен барынша күресуіміз керек. Сонымен қатар ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді де пайдаланған абзал. Біз Еуразияның кіндігінде орналасқан елміз. Мұхитпен тікелей шектеспейміз. Алайда әлемнің ірі мемлекеті ретінде бізбен шектесетін әрбір елдермен де, алыс шет елдермен де серіктесуден басқа амалымыз да жоқ. Демек, бірінші кезекте біз кез келген мәселеге экономикалық прагматизм тұрғысынан қарауымыз керек. Мемлекеттің, халықтың да, біздің экономикамыздың мүддесі үшін!» - деді ол.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасымыз өте тығыз. Импорттың 42 пайызы Ресейден келеді.

«Осының өзі біздің сауда-экономикалық қарым-қатынасымыз қаншалықты тығыз екенін көрсетеді. Импорт жағынан Ресей бірінші орында тұрғанымен, экспорт жағынан Еуропа бірінші орында тұр. Яғни Ресеймен де, Еуропамен де, АҚШ-пен де, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен өзара сауда жасаймыз. Кіммен сауда жасау мүмкін болса, сонымен байланыста боламыз. Меніңше, экономикалық прагматизм тұрғысынан да, экономикалық дипломатия тұрғысынан да бұл өте дұрыс саясат деп ойлаймын. Біз экономикамызға пайда әкелетін дәл осы көпвекторлы саясатты жалғастыруымыз керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов батыс бұқаралық ақпарат құралына берген сұхбатында Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялар, Қазақстандағы қаңтар оқиғаларынан кейінгі өзгерістер туралы сөз қозғаған болатын.

«Біз санкцияларды сақтаймыз. Ресей, Беларусь және басқа да елдермен бір экономикалық одақ мүшесі болғанымызға қарамастан, халықаралық қауымдастықтың бөлігі екенімізді де білеміз. Сондықтан, әлбетте, АҚШ пен ЕО қайталама санкциялары Қазақстанға қатысты қолданылғанын қаламаймыз», – деген еді Тимур Сүлейменов.