×
433.3
464.19
6.48
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
433.3
464.19
6.48

Өмірден кеткенді жөн көрдім - Шымкентте өзіне қол салған Мөлдір Бекееваның хаты жарияланды

06.04.2022, 10:35
Коллаж: Ulysmedia.kz

Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өзіне қол жұмсап, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның үстінен билік өкілін қорлауға қатысты бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, қысымға шыдамағаны айтылуда деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мөлдір өзінің бұған дейін жариялаған жазбасында полициядағы қызметінен үстінен қылмыстық іс ашылған соң кеткенін растап («өз еркімммен емес, мәжбүрлі түрде»), ғаламторда жарық көрген дыбыстық роликті жала деп санайтынын жеткізеді. Сонымен қатар, Шымкент ПД басшысы, генерал-майор Қайрат Дәлбековті өзінің осындай шарасыз күйге түскеніне кінәлап, «Дәлбеков деген – Елбасы Н.Назарбаевтың туған құдасы, енді Шымкентте тек жемқорлық жайлайды» дегенді келтіреді. Төменді мәтінді сәл ықшамдалған күйі келтіреміз:

«Мен, қарапайым педагогтар әулетінен шыққан қызбын. Департаменттен ұсыныс түскен кезде, өзім заң бағытындағы бағдарламаларды жүргізіп жүрген соң, ұсынысты бірден қабылдадым. Әрмен қарай өзімді мемлекеттік қызметте де сынап көргім келді.  Елге қызмет ету - соншалықты жауапты әрі ауыр болатынын бірі - білсе, бірі - біле бермейді. Ал менің жүктелген жұмысты тыңғылықты, адал атқаруым – осындай қудалаудың «құрбанына» айналдырады деп те ойламадым... Соңғы 2 айдың ішінде қу биліктің құлқыны мен қызметтен қуу үшін маған қандай қысым көрсетілмеді?! Бірақ, жаңа келген басшылық қызмет орным үшін соншалықты қастандыққа, қиянатқа барады деп ойламадым.

Бұлар адамды жұмыстан кетіру үшін неше түрлі қитұрқы айла-амалдарды табады екен ғой!  Бүгін, соған көзім жетті! Таңертеңгісін жұмысқа барғанымда, сағат 8-30-да жұмыс телефоныма Анықтау басқармасының бастығы – Нұрдаулет Сүйеубеков хабарласып, үстімнен қылмыстық іс қозғалғанын айтты және ертең тергеуге келіңіз деп шақырды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 378 бабы 1-бөлігімен (Билік өкілін қорлау) ЕРДР 227 900031000227 нөмірімен тіркеуге алынғанын жеткізді. Қаулыны сұрағанымда, «Сіз БАҚ беттеріне жариялап жібересіз деп қорқамыз, ертең түс қайта 15:00-де қолыңызға ұстатамыз, бірақ ешқайда жарияламайсыз деген шартпен және ол үшін арнайы қол қойдырып аламыз», - деді. Неге бүгін бермейсіздер, қылмыстық іс кеше ашылған дедіңіз ғой, дегенімде, «Бүгін анықтаушы басқа шаруалармен жүр, оның үстіне Сізге ертең таныстырылып, табысталады деп келісілген», - деп қысқа қайырды. Екі айдан бергі көріп жатқан психологиялық қысымға, қудалауға дені сау ер-азаматтар да төтеп бере алмайтын шығар!

Өзім «Қаңтар оқиғасында» - ел басына күн туғанда үйдің бетін көрмей, тәуліктеп ұйықтамай, қала мен халықтың амандығы үшін қалтқысыз соңына дейін қызмет еттім. Сөйтіп жүргенде, департаменттегі басшылық ауысты. Жаңа бастығымыз Қ.Дәлбеков мырза келгенде, алдына кіріп: Мен жұмыстан кетейін, қаласаңыз қазірден-ақ орнымды босатайын, дедім. Себебі, ол кісі туралы көпшілік:«Дәлбеков деген – Елбасы Н.Назарбаевтың туған құдасы, енді Шымкентте тек жемқорлық жайлайды», - деді. Сондықтан, мен ол кісімен жұмыс істесе алмайтынымды бірден сездім. Бірақ, Қ.Дәлбеков мырза: «Жоқ, ешқайда да кетпейсіз, орныңызда қаласыз. Менде генералмын, менің жасым зейнетке жақындады, елге қызмет жасаймыз», - деді. Мен зейнетке шығатын адам абырой үшін жұмыс атқарады ғой деп, әкемдей кісіге сендім. Келесі күні шақырып: «Мөлдір, жұмысты бастайық! Сенің жақсы қызметкер екеніңді естідім. Салтанат Түркістанда қалады, оны мұнда әкелетін ойым жоқ. Журналистерді өзің жақсы танисың, әріптестерің. Енді біздің Түркістандағы «әдіс» бойынша, жекелей «ставкілерін» беріп, мені мақтау-мадақтауға көшіру керек. Жәйлап, өзің әрқайсысымен сөйлесіп шық. Ал қаржы жағын еш уайымдамасаң болады. Шәйін-майын бәрін көтереміз. Ол жағына жеке құрам да бізге «жақсылап» көмектеседі»,-деді. Мен бірден шошып кеттім де, бізде бұған дейін ондай жүйе болмаған. Мен әріптестерімнің алдында бұлай жасап, абыройымды төкпейтінімді айтып, үзілді-кесілді қарсылық білдірдім. Бұл – барып тұрған қылмыс, жемқорлық қой! Мен ешқашан заңсыз әрекет жасамаймын деп ашық айттым. Сол сөзім генерал мырзаға ұнамай қалды ма, білмеймін, әйтеуір сол сәттен бастап генералдың маған деген «көзқарасы» күрт өзгерді.  Қысымға, қудалауға ұшырай бастадым... Жалғыз мен емес, қызметіне адал, таза әріптестерім де дәл осы жағдайды бастан кешіп жатқанын көзім көрді. Оған дәлел ретінде, бір апта ішінде, бір күнде Түркістаннан ондаған адам ауысып келді, тіпті 7-уі басшы құрамға тағайындалып үлгерді. Оның ішінде, мен білетін Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы - У.Мылтықов, Тылды қамтасыз ету басқармасының бастығы - М.Чилтанбаев, Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы - Н.Нуралиев, Қаржылық қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары - А.Куленова, Штаб басқармасы бастығының орынбасары - С.Қаракөзова. Одан бөлек, өзінің туған баласының бажасын да Түркістаннан Шымкентке лаузымды қызметке, яғни, құдасы - Алибек Момбековты Криминалды Полиция басқармасы бастығының орынбасары етіп тағайындады деп естідім. Тағы да департаменттегі басшылық орындарға  Жалғасов пен Селтанов тағайындалса, таңқалмаңыздар! Антикордың құлағына «алтын сырға»! Бұл тек аппараттағы ауыс-түйіс, қалалық департаментке қарасты аудандық басқармаларға да Түркістаннан ауысып жатқандар жетерлік.  Қ.Дәлбеков мырза енді бұның бәрін жоққа шығаратын шығар! Бірақ, департаменттегі бейнебақылау камералары мен кадрдағы құжаттарды жоққа шығара алмайды! Министрдің өзі жедел кеңесте «командалық» көшуды тоқтатыңдар деп қатаң тапсырды, Дәлбеков мырза таяқтың ұшы өзіне тиіп кететінін сезді ме, жеке құрамды жинап алып: «Ауысып келіп жатқандардың барлығы Түркістанда пәтер жалдап тұрады. Үйлері жоқ», - деп ақтап алғысы келді. Қанша ақтағанымен де, әлеуметтік желіден департамент қызметкерлері, оның ішінде Қаракөзова ханымға Түркістаннан мемлекеттік бағдарлама бойынша үй берілгенін көрдік. Енді ол баспаналардың мемлекеттің балансына қайтарылған-қайтарылмағандығын Антикор тексеруі керек деп ойлаймын!   

Дәл мен сияқты қудалауға департаменттегі штаб басқармасы бастығының орынбасары С.Ақбаев мырза ілікті. Ол кісіні жеке құрам қатты құрметтейтінін кеткеннен кейін білдім. Департаментте у-шу, абыр-сабыр, тіпті «больничный» аштырып кетушілер көбейіп кетті... бірінен соң-бірі... Осылайша, генерал Дәлбековтың себепсіз «жұмыстан қуу» операциясы сәтті жалғаса берді... Баспасөз хатшы әрі ресми өкіл ретінде маған да тыныштық бермей, әкелмейм деп отырған Қаракөзова ханымды әкелді. Сол арада менің қызметтік көлікті өткізіп, кабинетімді шұғыл босатуымды да талап етті. Заң жүзінде департаменттің ресми өкілі мен екенімді біле тұра, қызмет орнымнан кетпей жатып, өзін әлеуметтік желіде ресми өкіл деп жариялады. Қысым мұнымен шектелген жоқ, олар мені қылмыстық жазаға тарту үшін және маған кері әсерін тигізу үшін прокуратураның рұқсатынсыз қылмыстық жариялауға жатпайтын ақпараттарды таратты. Заңсыз әрекеттер одан кейін де үдей түсті, тіпті ҚР ҚПК 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол берілмеу) өрескел бұзып, жариялауға жатпайтын құпия дерек-материалдарды әлеуметтік желілерге үстін-үстіне бөлісе берді. Бұл қадамның заңсыз екенін қаншама рет департамент бастығына айтып,  тиісті талаптарға сәйкес БАҚ-қа қылмыстық ақпараттарды таратуда қала прокуратурасынан ресми рұқсат сұратылуы тиіс екендігін жеткізгенімде, тіпті тыңдауға құлық танытпады.

«Кез келгеннің алдында болсын жауап беремін. Мен - Дәлбековпын! Кез келген прокурор, тіпті Бас Прокурордың орынбасары – Ерекеңмен бәрін шешіп қойғанмын!»,-деген дөрекі жауап алдым.  Жоғары басшылық тарапынан солай шешім қабылданған соң, заңдылығын прокуратура береді деген сенімде болдым. Араға апта салып, Прокуратура өз кезегінде: «Шымкент қаласы полиция департаментінен шыққан ақпараттарға тікелей Сіз жауаптысыз», - деп, бұл өрескел заңсыздықтар үшін ескертпе хаттар жолдап, менен түсініктеме де алды. Сол кезде прокуратура шақырып жатыр деп алдына шырылдап  барғанымда: «Мен прокурорларға айтып қойдым. Уайымдаудың еш қажеті жоқ, бәрін телефонмен-ақ шешіп беремін. Ресми сұраныс хат жолдап тіпті қажеті жоқ. Бәрі Дәлбековтен аяқ тартады», - деп өзі кесіп айтты.  Қаракөзова ханым да қадағалаушы органға құлақ аспай, әлеуметтік желіде қылмыстық ақпараттарды бөлісіп жатты.  Прокуратура ескертпе хаттан нәтиже шықпайтынын түсініп, түсініктеме талап етуден бөлек, өздері арнайы тәртіптік кеңес өткізуге шешім қабылдаған-ды. Оның шешімін қала прокуроры Ғ.Мұқанов мырзаның өзі айта жатар.

Бұған қарамай, Қ.Дәлбеков мырза мемлекеттік қызметкерлер конкурсын да заңсыз өткізіп, Қаракөзованың туыс інісі «Нұртаза Абдихалық» есімді қызметкерді де Шымкентке, оның ішінде баспасөз қызметіне алдыртты. Күн бұрын мені шақырып: «Конкурс құжаттарына қол қой, мен бұйрық шығарамын»,-деді. Мен заңсыз өткен конкурсқа қол қоя алмайтынымды айтқанда, «Сенсіз-ақ, өткіземіз», деп, комиссия құрамына баспасөзге қатысы жоқ есепші секілді қызметкерлерді бекітіп, конкурс өткізгеніне де куә болдым.

Түркістандағы «көшпен» келгендер арасында бухгалтер де бар. Оны осы жазбамда атауымның себебі,  өткен айлардағы заңды еңбекақымды әлі күнге ала алмай жүрмін. Бұл да маған жасалған психологиялық қысымдарының бір түрі шығар, ақшасыз қиналсын деген…

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың өзі: «Командалық» ауыс-түйіс пен бармақ-басты, көз-қысты заңсыз әрекеттер, туыстық тағайындаулар тыйылсын!», - деп қатаң тапсырма берді. Бірақ, біздің Жаңа Қазақстанда «ескі жүйенің» адамдары кетпей, Президентіміздің Жолдаулары орындалмайтынына анық көзім жетті…

Жұмыс та, қызмет те, мансап та... бәрі - Өздеріне! Адамның өміріне қиянат жасаумен келген қызмет – өздеріне бұйырсын! Дәл қазіргі менің шарасыз халімді ешқайсыңыз сезіне де алмайтын шығарсыздар.…

Өмір, оның ішіндегі адамдар соншалықты қатыгез деп ойламадым! Менің бұл жағдайым ата-анама да ауыр тиді, оларды жұбататын тіпті сөз таба алар емеспін. Ата-анамнан ел алдында осындай масқараны көруде дәрменсіздік танытқаным үшін... кешірім сұраймын! Осы соңғы жазба-хатымды әлеуметтік желіге жазып, өзін ақтағысы келіп отыр деп жазатындар табылатын шығар... Бірақ енді маған, бәрібір! Мен енді Алланың алдында ғана есеп беремін! Себебі, Дәлбеков мырзаның алдына шындықты айтып, бір емес бірнеше рет барғанымда, ол мені тіпті тыңдағысы да келмеді.

Ашылған қылмыстық істің өзі - жүз пайыз сол кісінің қолымен жасалып отырғанына сенімдімін, мені жұмыстан өз еркіммен кетіру үшін жасап отырған кезекті іс-әрекеті ғой! Бұлар мені қылмыстық жазаға тартпай тынбайды, сол үшін… Мен енді жұмыстан ғана емес, өмірден кеткенді де жөн көрдім

Барлық туыс-жақындарымнан, таныстарымнан менің тарапымнан кеткен ағаттық немесе қателік болса, кешірім сұраймын!».

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент полициясын басқарған тағы бір генерал-майор Ералы Жұмаханбетов те қызметінен бірқатар келеңсіздіктерден соң кетті. Жоғарыдағы жайтқа байланысты желідегі қоғам өкілдері ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан істің ақ-қарасын ажыратуды, яғни суицидке итермелеу әрекетін тексеруді сұрап жатыр.