×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Жаңа Қазақстанды ескі кадрлар жарылқай ала ма

07.04.2022, 16:06
Коллаж: ulysmedia.kz.

Кабминнен әкімдікке, әкімдіктен кабминге ауысып жүре беретін «қосылғыш» шенеуніктер Жаңа Қазақстанды жарылқай ала ма? Жаңа кезең келді дегенімізбен ескі кадрлар есікті жауып кете қойған жоқ. Тек орындарын ауыстырып жүр.

Ұсыныс күйінде қалған ұсыныс

Қаңтар оқиғаларынан кейін сарапшылардың кейбірі елде орысша айтқанда «чистка» жүргізілетінін болжаған. Күш құрылымдарының «мүйізі қарағайдай» басшылары ұсталуын ұсталды. Кәрім Мәсімов, ізінше оның орынбасарлары, Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов, Қайрат Сатыбалды бұл күнде тергеліп жатыр. Елдегі қанды оқиғадан кейін жұрттың көбі министрлер кабинеті толық ауысып, әкімдер сайлау арқылы келеді деп те үміттенген. Алайда қайта жасақталған кабмин ескі кадрлардың көбін алып қалды. Жаңа министр болып келді деген шенеуніктердің өзі де «ескі Қазақстанның өнімі» болып шықты. Ал әкімдердің дені мұрты бүлінбей әлі өз лауазымында отыр.

Өткен айда 50-ге жуық сарапшының атынан 8 пункттен тұратын саяси жүйені реформалауға қатысты ұсыныстар легін белгілі саясаттанушылар жариялаған болатын. Шалқар Нұрсейітов пен Димаш Әлжанов бастаған белсенділер осы пунктердің алтыншысында мынадай мәселені көтерген.

«Президент тағайындайтын әкімдерге негізделген орталықтандырылған басқару моделі бар жерде мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтық жойылмайды. Осыған орай, республикалық маңызы бар қалалардың (Алматы, Астана, Шымкент қалалары) әкімдерін тікелей сайлау алдыңғы кезектегі реформалардың бірі болуы тиіс. Осы орайда қалалық мәслихаттардың сайланған әкімдердің қызметін бақылаудағы рөлі мен өкілеттіктерін күшейту маңызды. Болашақта жергілікті өзін- өзі басқарудың заманауи бірліктері – муниципалитеттер (қалалар, елді-мекендер және ауылдық округтерді қоса алғанда аумақтық қоғамдастықтар) құрылғаннан кейін оларда да тікелей сайлау өтуі тиіс. Билікті саяси және фискалды децентрализацияламай, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық реформасыз азаматтардың мүддесіне қызмет ететін тиімді жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру мүмкін емес», - делінген ұсыныстардың бірінде.

Алайда 14 наурызда жарияланған бұл ұсыныс дәл сол ұсыныс күйінде қалды да, 16 наурызда президент жариялаған реформалар пакетіне енгізілген жоқ. Әкімдер тағайындалып келді. Әлі де тағайындалып жатыр. Мәселен, бүгін Қызылорда мен Жамбыл облыстарының әкімі ауысты. Олар да «ескі өнімдер» қатарындағы шенеуніктер. Ал әкімдерді сайлау ісі облысты былай қойып, тек 2024 жылы аудан деңгейінде басталады.

Ескі кадрлар – ескі ғимарат секілді

Парламент депутаты Берік Дүйсенбиновке хабарласып көргенбіз. Депутаттың өзі екі мыңыншы жылдардың басында Грузия күш құрылымдарына реформаны қалай жүргізілгенін зерттеп көріпті.

«Өзім мәжілісте сот, құқықтық реформа саласында жұмыс істегеннен кейін осы саланы зерттеп көрдім. Мемлекеттік деңгейде кадрды ауыстырса не болар еді? Ескі ғимараттың бір жағын жөндеп жатсаң, екінші жағы құлап жатады. Бұл да соған ұқсайды. Мүмкіншілік болса бәрін жаңа адамдармен бастаған дұрыс еді. Бірақ жеке пікірім: біздегі мемлекет деңгейіндегі жемқорлық балабақшаға дейін еніп кеткен. Біздегі адамдардың айтатыны, істейтіні екінші бөлек, ойлайтыны үшінші нәрсе. Біздің басшыларымыз болсын, құқық қорғау органдары болсын, 30 жыл мемлекетті құрумен емес, қиратумен, жемқорлықпен айналысып келді. Бұған дейін айтылғандай 162 адамның қолында бүкіл байлықтың шоғырлануы масқара нәрсе. 30 жыл өмірді мемлекеттің мүддесіне емес, 162 адамның қалтасын қампайтуға жұмсадық», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, қазір тағайындалып отырған облыс басшыларын айналдырып 20-30 адамның ішінен таңдай беру дұрыс емес. Ел басқаратын, оқыған, тоқыған, 40-50 жас аралығындағы азаматтар баршылық. Оларды жас деп те айтуға келмейді. Өмір көрген, еліне қызмет еткісі келетін азаматтар бар.

«Мемлекеттік басқару тәжірибесі жоқ деген сылтау – бос әңгіме. Мемлекет басқаруда тәжірибесі болмаған Владимир Зеленский Украина үшін ел бастап, алысып жатыр ғой. Тәжірибесі барлардың бәрі далада қалды. Зеленский бүгін арыстанша бір мемлекет үшін алысып жатыр. Ең бастысы, азаматтың халқына жаны ашуы керек. Жүрегінде от болуы тиіс. Әлихан Бөкейханша айтқанда «білімнен бұрын мінез керек». Ал бізде бітпейтін бір тізім бар, әйтеу. Бірінен соң бірін әкеліп жатыр. Тіпті ауылдың сайлауын адал өткізуді сұрадық. Оның өзі үлкен мансап емес қой. Соның өзін шуылдатып, ол ауылда тұрмайтын адамды әкеліп, үйреншікті схемаға басты. Меніңше, қазір елде кадр тапшылығы орын алып отыр. Өйткені байқасаңыз, қайда барсаң да шартты түрде айтқанда 162 адамның кадрлары отыр», - деп атап өтеді депутат.

Әкімдерге жолаудың өзі мүмкін емес

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай әкімдерді халық сайлауы керек деп есептейді.

«Ол міндетті болуы тиіс. Өйткені әкім халыққа қызмет етуі керек. Ал егер ол тағайындалатын болса, әрине, әлгі әкіміңіз тағайындалған әкім мен халықтың арасына жалтақтап тұрады. Соңында, яғни өте өзекті мәселелерге келгенде әкім тағайындаған адамның ығына жығылады. Бірақ әкімдерді тағайындау ісін біртіндеп жүргізу керек. Егер әкімді халық сайлайтын болса, ол аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуы бірден көтеріледі. Өйткені халықта мотивация пайда болады. Ал қазіргі жүйеде әкімдердің жанына жолаудың өзі мүмкін емес. Себебі бәрібір ол өзін тағайындаған адамға құлшылық етеді», - деп ескертеді ол.

Азаматхан Әміртай негізі әкімдерді сайлау ісінде көршілес елдермен шекаралас аймақтарда ұлттық қауіпсіздік мәселелері туындауы мүмкін екенін де айтады. Сондықтан сайлау жүйесін біртіндіп енгізу керек.

«Әкімдерді сайлау – ең үлкен саяси реформа. Ол бүкіл халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына бірден әсер ететін фактор. Сайлау деген белгілі бір технологияны қажет етеді. Халық сауатты. Бәрін көріп отыр. Сайлауға қатысқан адам бағдарламасын жасап, командасын көрсету керек болады. Қолдауына ие болуы үшін тер төгеді. Бұл үлкен процес. Осының өзі әкімді жақсылап тұрып тәрбиелейді. Ал әкімді тағайындай салған кезде ол толық не керектігін түсінбейді. Әрине популистер болады. Олар бірден көрініп қалады. Сайлауға сол өңірдің халқы білетін адам болуы тиіс. Немесе сол өңірден шыққан, бірақ басқа өңірде жүрген жігіттер жұмыс істей алады. Әкімдер халық сайлауынан өтуі керек», - дейді сарапшы.