×
429.57
447.35
6.94
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
429.57
447.35
6.94

Кейбірі Іnstagram-да бар, Facebook-те жоқ, ал кейбірі мүлде жоқ – әкімдер әлемжеліде отыра ма

11.04.2022, 13:31
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әкімдердің жұмысы, өңірді өрге сүйреген жетістігі Facebook немесе Іnstagram парақшасындағы белсенділігімен өлшенбейтіні анық. Әйтсе де коммуникацияның бұл түрімен жұмысын жарнамалап, ісін ілгерілетіп отырған әкімдер бар. Өңір басшыларының ішінде дегенмен әлеуметтік желінің осы түріне тіркелмегендері де баршылық. Ulysmedia.kz порталы облыс әкімдерінің қайсысы Facebook немесе Іnstagram-да барын, қайсысы жоғын анықтап, талдау жасап көрді.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің фейсбугы көбінесе мәтінмен және оған қоса бекітілген суреттермен шектеледі. Видео салуға әкім көп құмар емес.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев біршама белсенді. Облыс басшысы көбінесе жұмысын арнайы видеоролик арқылы жарнамалап отырады. Өңірдің мәдениет пен спорттағы жетістіктерін екі тілде жазады. Өңір әкімдігінің отырыстарынан да ақпаратты видеоролик түрінде таратады.

Басқа әкімдерге қарағанда Даниал Ахметов өткізген отырыстары туралы видеороликті көбірек жарнамалайды. Әдетте жазбасы «Құрметті жерлестер!!!» деп басталатын әкімді әлеуметтік желіде белсенді басшылардың қатарына жатқызуға болады.

Таяуда ғана жұмысынан кеткен Бердібек Сапарбаев «лайкы көп» басшы болған. Не жарияласа да лайкы 300-ден, пікірі 40-тан асып тұратын Сапарбаев кеткеннен кейін оның орнына өңірдің басшылығына Нұржан Нұржігітов келді. Алайда жаңа әкім әлеуметтік желіде белсенді көрінбейді. Бұл бағытта жұмысын жандандыруы да мүмкін.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек фейсбукте белсенді әкімдердің бірі. Отырыс өткізсе де, өңір ішінде іссапарға барса да әкім әлеуметтік желіде ол жұмысын ылғи көрсетіп отырады. Жерлестерімен бірге Геннадий Головкиннің жеңісіне қуанады. Бір қызығы, әкімнің постының астына өңір тұрғындары шағымын қалдырса, оған сол салаға жауапты басқармалар мен бөлімдер жауап беріп отырады екен. Бір жағынан жақсы тәжірибе. Әкімнің жұмысына пікір арқылы алғысын жаудырып жатқандар да көп.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың фейсбукте ескі парақшасын тауып алдық. Парақшада оның тек суреті жарияланған. Басқа түк жоқ. Алайда Архимед Мұхамбетов инстаграмда белсенді екен. Жұмысын тұрақты түрде сол жақта жарнамалап отырады.

Қызылорда облысына таяуда ғана әкім болған Нұрлыбек Нәлібаев фейсбукке жақында ғана тіркелген көрінеді. Бар-жоғы 155 досы бар. Десе де ағасы секілді «лайкы көп» әкімнің бірі. Мәселен, 7 сәуірде жариялаған фотосына 1,5 мың адам лайк басып, 800-ден астам адам пікір қалдырған. Көбі жаңа әкімге тың лауазымда сәттілік тілеп жатыр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев фейсбукте жоқ. Халқы наразылыққа көп шығатын өңір басшысының әлеуметтік желіге уақыты болмаса керек.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өз жұмысын «Түркістан облысы әкімінің қоғамдық қабылдауы» парақшасы арқылы жүргізіп отырады екен. Фейсбукте өз атынан отырмаса да, Инстаграм оқырманы үшін Өмірзақ Шөкеев ашық. Әкімнің күнделікті жұмысын сол жақта бақылап отыруға болады.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов фейсбукте белсенді. Кеңес өткізгенін, іссапарға барғанын әрдайым екі тілде жазып отырады. Жазбаларында сабақтастық та бар. «Алдыңғы посттарымның бірінде» деп басталатын жазбалары арқылы мәселе қалай шешіліп жатқанын да көрсетеді әкім.

Нұр-Сұлтан басшысы Алтай Көлгінов әлеуметтік желіде бар. Әрі белсенді. Оның кез келген жазбасына реакция білдіретіндер де көп. Алайда әкімнің постының астына көп адам шағым қалдырады екен. Ол шағымдарға қала билігінің құрылымына қатысты басқармалар жауап беріп отырады.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев фейсбукте жоқ. Алайда Алматы қаласына әкім болып барғаннан кейін Инстаграмнан парақша ашқан екен. Инстаграмға кірсе де, фейсбукті не үшін жөн көрмейтіні белгісіз.

Ал тағы бір ірі қала – Шымкенттің басшысы Мұрат Әйтеновтың парақшасы болғанымен, жаңармайды. Алайда Әйтеновтың Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеев секілді инстаграмдағы парақшасы «тірі».

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновті, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевты фейсбуктен таппадық. Бұл әкімдер инстаграмнан да байқалмайды. Өз жұмысын бұл әкімдер әкімдіктің фейсбуктегі немесе инстаграмдағы парақшалары арқылы жүргізуді жөн көретін секілді. Әлеуметтік желілерде оларға қарсы жазбалар да жиі кездеседі екен. Алайда ондай шағымдарға әлеуметтік желіде жауап беруді әкімдер қолай көрмейтіні байқалады.

Басқа әкімдер өңірлердегі ахуалдан хабар беріп, мереке кезінде құттықтап отырады. Бір кемшілігі, облыс басшылары посттарының астында қалдырған пікірлерге жауап бере бермейді. Бұл барлық әкімге тән десе де болады. Кейбір әкімдердің ғана жазбасының астында жауапты басқармалар шағым қалдырушылардың уәжіне реакция білдіреді. Әлбетте әкімге әр адамның шағымына жауап беріп отыратын, пікірталасқа түсетін уақыт та болмауы мүмкін. Алайда сол пікірлердің маңыздысына жауап беріп, кері реакция білдірсе басшының ашықтығы дәйектеле түсер еді.